«Тау тұлға әке, ізбасар ұл…»

Жаңалықтар Қоғам Әлеумет әлеуеті

Аtr.kz/15 мамыр, 2019 жыл. Осындай тақырыпта халықаралық отбасы күніне орай Атыраудағы «Армата» кешенінде әкелер мен ұлдардың облыстық слеті өтті.

Тағылымы мол шараны облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесе ұйымдастырды. Кеш барысын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Өмірбаев жүргізіп отырды.

Алдымен аталған комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева жиналғандарды құттықтап, ата-ана ролінің бала өміріндегі маңызына тоқталды. Әкенің жауапкершілігі – отбасы әл-ауқатының кепілі екенін еске салды. Ізгі тілектер кезегін облыстық мәслихат депутаты Нұрлы Әйтиева одан әрі жалғады.   

Кейбір ата-аналар білмеуі мүмкін, Атырауда арнайы облыстық әкелер кеңесі құрылған болатын. Оның төрағасы Нәсіпқали Өтепқали ұядай ұйыммен осыған дейін атқарылған негізгі іс-шаралар мен нәтижесін саралады. Айта кетейік, отбасы тәрбиесіне байланысты қандайма бір түсініксіз жайттар мен сұрақтар туындаса, осы кеңес мүшелерінен білуге болады. Олардың әрқайсысы шара барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.

Нақтырақ айтқанда, Атырау қалалық әкелер кеңесінің төрағасы Ермек Абдеев – «Ата-ананың міндеті – елімізді одан әрі дамытатын тұлғаны тәрбиелеу», облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Айнабеков – «Неке және отбасы мәселесі», Қызылқоға ауданындағы аграрлы-техникалық колледж директоры Жалғас Қамысбаев – «Кәсіпке баулу, мамандық таңдаудағы әкенің рөлі» тақырыбында ой қозғады.    

sdr

Ал, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тәрбие және идеология жұмыстары басқармасының бастығы міндетін уақытша атқарушы, аға лейтенант Жасұлан Сатыбалдиев жастардың Қарулы күштер қатарына әскери қызметке бейімеделуін, Исатай аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Бауыржан Қадыров ұрпақтың туған жерге сүйіспеншілігі мен әкенің жақсы қасиеттерін сөз етті. Сол сияқты, Атырау қалалық сотының судьясы Қанатбек Болатбекұлы отбасын сақтауда ата-ананың жауапкершілігі үлкен орын алатынын жеткізді. Республикалық әкелер слетіне қатысушы Әлібек Ермекқали «әке болу» деген ұғымды – тәрбиені жетілдірумен байланыстырады.

Қазіргі қоғамда байқалып жүрген бір жағдай, ата-аналар бала тәрбиесіне уақыт бөлмеуі. Көбісі алтын уақыттарын әлеуметтік желіге жұмсайды. Оларға психологтар виртуалды әлемнен шығып, шынайы өмірдегі проблемаларды шешуге шақырады. Соның ішінде, бала бос уақытын қалай және кімдермен өткізеді, асқақ армандары мен алға қойған мақсат-міндеттері қандай, нені немесе кімді ұнатады, неден және кімнен қауіптенеді, міне, осы жағын бақылауда ұстаған жөн-ақ.

Осыдан кейін облыстық мамандандырылған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот төрайымы Айгүл Ташенова ата-аналардың алименттік міндеттемелерін атап өтті. Махамбет аудандық әкелер қоғамдық кеңесінің төарағасы Мейірман Әменов отбасы, мектеп пен қоғамның жарқын болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы туралы айтты.

Тағы бір астын сызып көрсетерлігі, әкелермен бірге ұлдар кеңесі де жұмыс жасайды. Солардың біріне Құрманғазы ауданындағы М.Әуезов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Темірлан Хабидуллин жетекшілік етеді. Ол слет соңында «Әкеммен мақтанамын» тақырыбында өз ойымен бөлісті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *