ТАУ ШАЙҚАЛСА ДА, ТАРИХ ШАЙҚАЛМАЙДЫ

Атырау облысы бойынша экспедиция құрамына – облыстық халық шығармашылығы орталығының бас маманы Абат Кенжеғалиев, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мұстафин, осы жоғары оқу орнындағы Зейнолла Қабдолов атындағы гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Мұхамбетқали Кипиев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе, «Татулық» татар-башқұрт ЭМБ жетекшісі Гүлсина Байкенова, «Қоғамдық келісім» КМК баспасөз хатшысы Назерке Үмбетова, «Жас өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің менеджері Қайрат Қиматов және облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Амандық Абдолов енді. Экспедицияға философия ғылымдарының докторы, профессор, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Өмірбек Бекежан жетекшілік етті.

 

Қазақ мемлекеттілігінің алғашқы астанасы

Алдымен  экспедиция  мүшелері Махамбет аудандық кітапханасында бас қосып, «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында конференция өткізді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» эстафетасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға шолу жасалды. Жиналғандар «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» тақырыбында дәріс тыңдады. «Теңдессіз сый» акциясы аясында тарихшы ғалым Жеңісбек Жұпболұлы жергілікті жұртшылыққа өзінің жаңадан басылып шыққан зерттеу еңбегін тарту етті. Одан әрі Махамбет аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне «Жер тарихы – ел тарихы» атты экскурсия ұйымдастырылды. Соңында аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев меймандарға алғысын білдіріп, ауыл үлкендері өткеннің шежіресін күнделік-кітап бетіне түсірді.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұражайдың негізін қалаған – Махамбет ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, абыз ақсақал Сембай Бердімұратов. Оның талай шығармалары дүниеге келген жұмыс үстелі мен «Москва» жазу машинкасы да қаз-қалпында сақталған. Одан басқа, сонау ХІV-ХХ ғасырларда тұрмыс-тіршілікте пайдаланыл-ған оймышты ағаш ер, пәрмі (тесік қазанды жамайтын құрал), келі, төс, қол диірмен, қысқыш, домбыра, ағаш табақ, байпақшыға арналған қалып, қақпан секілді көне жәдігерлер мен өңіржиек, құдағай жүзік, бес білезік сияқты ұлттық зергерлік әшекей бұйымдар қаз-қатар тізіліп тұр. ХІІ-ХІV ғасырлардағы мескей, құмған, табақша, тостаған, құмыралар, кәшіннен жасалған сырлы ваза, кесе сынықтары, мозаика тастары, сырланған ыдыстар, қола майшамдар, сүйектен жасалған бұйымдар және ХІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресей қағаз ақшалары, тиын сауыттар, жез, мыс тиындар сол күйінде сақтаулы. ХІV-ХХ ғасырлардағы Құран, күмбезді әшекейлейтін сырлы қыш тақта, декоративтік қаптама кірпіш сынығы, найзаның ұшы, жебе, қылыш та осында. Белгілі қолөнер шебері, зейнеткер Нығмет Ғұмаровтың өз қолымен өрген сегізөрме қамшысын Құрманғазы ауданы Мақаш округінің ардагерлері естелік етіп қалдырыпты.

Эстонияның Тарту қаласын азат етуде ерлікпен қаза тапқан 86-дивизия, 330 полктің штаб бастығы, майор Оңай Шонаевқа арналған тақта да бар. Қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы мен Баймағамбет Сұлтанға қатысты деректер мен тарихи суреттер мұражай қабырғасына ілінген. «Атадан туған он едік» деген атаумен Өтемістің әкесі Құлманияздан тараған бүтін бір әулеттің шежіресі баяндалған. Экспедиция мүшелері Мөңке-темір (1266-1280), Тоқты (1290-1312), Жәнібек (1343-1357), Әмір Уақас би (1440-1447), Қасым (1511-1518), Әмір Шайх-Мамай (1542-1549), Әмір Жүсіп (1549-1554) хандардың әрқайсысына арналған тақталарды тамашалады. 

Аталар аманаты – Ақмешіт

Келесі күні экспедиция сапары Жылыой өңірінде жалғасты. Аудандық «Атамұра» мұражайында жергілікті жәдігерлер таныстырылымы өтті. Осыдан кейін экспедиция мүшелері «Ақмешіт» кесенесіне қарай бет алды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев «Ақмешіт» кесенесінің тұрғызылуы жайлы айтты. Соңында «Алтын адам» табылған орын мен «Құлшан ата» бор күмбездері таныстырылды.

– Жылыой жерінде Басшы атадан бастап Ұшқан, Қарашүңгіл әулиелер, Бекет, Құлшан аталардың мәңгілік мекені бар. Осы жерден кезінде ел бастап келген Әжібай, Арал, Төремұрат, Нарынбай, Өтен, Бәлтек, Әбілғазы батырлар, Есболай, Дәден, Мәтжан, Тұманшы билер, Әділ, Әлеушін секілді байырғы әншілер өткен. Аудан алғаш 1928 жылы 6 мамырда құрылған. Қазір мұнда сексен мыңға жуық халық тұрады. Сәулеті келісті Дүйсеке хазірет мешіті мен Жұбан тамы да осында. Соғысқа осы жерден 5008 адам аттанып, 3600-ден астамы оралмаған. Ал, 1999 жылы қыркүйек айында Жылыой жері Аралтөбе маңынан сарматтар көсемі – Алтын адам табылған, – деп сыр бөліседі Қазақстан, Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразұлы.

 

Иісі қазақ Индерден қоныс тапқан…

Саяхаттың үшінші күні Индер ауданында жалғасып, «Борат» мәдениет үйінде тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар мен жергілікті ардагерлердің қатысуымен келелі жиын болды. Мұнда индерлік ардагерлер белсенділік танытып, өңір тарихының зерттелуіне байланысты өз ойларын білдірді. Осыдан соң көпшілік Қарой жазығында орналасқан батырлардың кесенелеріне барып, әруақтарына дұға бағыштады.

– Асқар Алтайдан айдынды Атырауға дейін, Ертістен Еділге дейін құлашын кең жайған біздің Ұлы Отанымыздың әрбір сүйем жерінің, әрбір өлкесінің өзіне тән ғажайып бітім-болмысы бар. Еуразияның төрт бұрышымен оның табиғаты да, тарихы да, тағдыр-талайы да тамырлас! Атырау аймағы – тәңір шарапатымен құт қонған, қыдыр дарыған еліміздің қасиетті бір өлкесі. Біздің ата-бабамыз ұзақ тарихымыздың бір кезеңінде дәл осы жерде елдігіміздің туын тігіп, өзгелермен терезесін теңестірген. Міне, мынау Ақ Жайықтың суы шайып жатқан Сарайшық – Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен өрлікке, елдік пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл-парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Ол Қасым билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары  Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі Оқас, одан бергі Қасым сынды атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан, – дейді ауыл ақсақалдары.

Есім  ханға — ескерткіш

Сапардың соңғы күнінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркін Қадырғалиев бастаған атыраулық экспедиция құрамы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына барып, күнделік жазба кітабын аманат етіп тапсырды. Сондай-ақ, көршілес аймақтардың тарихшы ғалымдары мен өлкетанушыларын бір арнаға тоғыстырған «дөңгелек үстел» барысында ел тарихына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Осыдан соң қос делегация Базаршолан ауылы маңындағы қорымда болып, 1795-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім хан Нұралыұлының басына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлының зерттеуіне қарағанда, 1790 жылғы 11 тамызда Нұралы хан өмірден өткен соң, қараша айында Байұлы, Әлімұлы руының кейбір старшын, билерінің бастамасымен мыңға жуық қазақ қатысқан кеңес өтіп, Нұралының үлкен ұлы Есімді ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Базарбай старшын бастаған Тана руы да Есімге қолдау білдірген. Ол жөнінде ноғай старшыны Құрбанғали Забир 1791 жылы 24 қаңтарда Орынбор шекаралық істер экспедициясына «Барлық Таналар өздерінің бас старшыны Базарбай Сармырзаұлымен бірге Есімді хан атады» деп жеткізді. Бірақ, патша үкіметі Кіші жүздің біраз беделді би, старшындарының қолдауына ие болған Есім сұлтанды емес, керісінше, хандық басқаруды одан әрі әлсірете түсу үшін, отарлау саясатына жасы ұлғайған Ералыны тиімді санап, хан сайлайды. Алайда, Ералы хандық тақта ұзақ отыра алмай, 1794 жылы 10 маусымда фәниден озды.

Осыдан соң Кіші жүздің хан тағына Есім сұлтан көтерілді. Есім әкесі Нұралының көзі тірісінде Кіші жүздегі Байұлы руларын басқаруға тартылып, саяси өмірге жастайынан араласқан еді. «Төресіз ел болмас, төбесіз бел болмас» дегендей, Есіммен бірге Байұлы руларына оның бауырлары мен балалары да билік жүргізді. Ел ішіндегі шиеленіс 1797 жылы 27 наурыздағы Есім ханның қазасына әкелді. Бұл қанды оқиға ханның Жайық бойындағы Красноярск бекінісі маңындағы Уақ руының ауылында болған сәтінде жүзеге асқан. Жалпы, Есім хан өліміне, сол тұстағы ішкі саяси жағдайдың ушығуына алып келген «бөліп ал да, билей бер» қағидасы арқылы түрлі қитұрқы әдіс-амалмен қазақ даласында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқан патша үкіметінің отарлау саясаты еді. Мұны 1775-1780 жылдары ІІ Екатерина патшаның Орынбор генерал-губернаторына жазған құпия жарлығы толық айқындай түседі.

Бегәлі, Қаратай, Бөкей сұлтандар мен Байұлы руының 18 старшыны 10 сәуірде Орынбор шекаралық істер экспедициясынан Есім ханды өлтірушілерді жазаға тартуды сұраған. Өтініш соңына Байбақты старшындарымен бірге Базарбай Шахмурзин де мөрін басқан. Кейінгі уақытта ғана Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескі есім елді мекеніндегі зираттан Есім Нұралыұлының құлпытасы табылып, ханның 1797 жылы 53 жасында опат болып, тасты баласы Қайыпқали сұлтанның қойғандығы анықталды.

 

тарих толқынында тоғысқан пікірлер…

Өмірбек БЕКЕЖАН,

экспедиция жетекшісі:

– Біздің ұстанған бағытымыз – тарихи жерлерді аралай отырып, қазақ жеріндегі мықты жәдігерлерді халыққа жаңа қырынан таныстыру, сирек кезесетін тарихи ескерткіштер және сәулет ғимараттары туралы ақпараттар жинау. Өлкенің тарихи мұралары туралы жиналған материалдар бірегей күнделік-кітапқа кірді, оны қатысушылар бүкіл бағдар бойы толтырып отырды.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атырау филиалының жетекшісі:

– Біз бұл күнде тойлап жатқан хандықтың 550 жылдығына дейін де үш мың жыл бұрын көгінде туы, өзіне тиесілі тауы мен даласы, суы мен нуы бар ел болатынбыз. Халыққа ие хан, ел қорғаған батырларымыз қаншама?.. Бірақ біз оларды күні бүгінге дейін күмілжіп, айта алмай, ауызша тарихымыз болса да, жазбаша түрде жақсылап жаза алмай, біресе шығысқа, біресе батысқа сескене қарап, жаутаңдаумен күй кешкен халықпыз. Тәуелсіздік жылдары өшкенімізді жандырды, өлгенімізді тірілтті. Бірақ біз бүгін тарихымызды тек өз жеріміздегі қашалған тас, қалқиған құлпытастардан ғана емес, өзгелердің шаң басқан сөрелері, тасқа басқан талайғы мұрағаттарынан іздеуіміз керек.

Абат КЕНЖЕҒАЛИ,

мемлекеттік қызметтің ардагері:

– Әлемдік ғылымда ұлт тарихы, Отан тарихы, мемлекет тарихы деген ұғымдар бар. Мысалы, Ресей Отан тарихына, АҚШ  мемлекет тарихына жүгінуге мәжбүр. Ал, Ұлы далада ат ойнатқан, ерте дүниедегі сақтар, ғұндар, үйсіндердің, орта ғасырдағы түрік, оғыз, қыпшақтардың жалғасы және тікелей мұрагері – біздің халық ұлт тарихына ден қоюы заңды. Алаш арысы Міржақып Дулатов «тарихын жоғалтқан елдің өзі де жоғалады» деп дөп басып айтқан. Бір кезде біз де тарихымызды жоғалта жаздағанбыз. Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих, ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп қынжыла жазған-ды. Қазақ хандығының құрылуы ұлттық тарихымыздан ойып тұрып орын алды. Бұл үрдіс Шығыс Дешті қыпшақ аумағындағы үш мың жылға созылған этноүрдіске ұлттық сипат беріп, қазақ деген халықтың қалыптасуын жүзеге асырды. Бұл тұрғыда Атыраудағы Сарайшық мәдени кешені жеті ханның тарихын сыр қылып шертсе, Қорғантөбеден екінші «Алтын адам» табылғаны тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын аңғарта түседі.

Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, еңбек ардагері:

– Ұлы дала атауына Атырау да лайық. Өйткені, мұнда Менделеев кестесіндегі барлық химиялық элементтер табылған, алғаш «қара алтынымыз» атқылаған. Атырау тіпті елімізден бөлек, басқа мемлекеттердің де бүтін бір энергетикалық қоймасы мен бай қорына айналды десе болады. Осы жерасты байлығын ел игілігіне тиімді жұмсауды қолға алған Елбасына алғыс айтамыз.

Қайрат ҚИМАТОВ,

№19 мектептің мұғалімі, экспедиция мүшесі:

– «Ұлы дала елі» экспедициясы киелі жерлерімізді танытуға зор мүмкіндік берді. Мен экспедицияның, ғалымдардың қазыналы өлкеге ат басын тірегеніне өте риза болып отырмын. Өйткені, біз киелі жерімізді осы көштің, ғалымдардың көмегімен танытамыз. Керей мен Жәнібек хандардың ұлылығын айтып, біз Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық қаласы мен Қасым хандарды да ұмытпауымыз керек. Қазақ хандары туралы Кеңес үкіметі кезінде ештеңе айтылмады. Ал, тереңге бойласақ, біздің тарихымыз өте бай. Өскелең ұрпақ соның бәрін біліп өсуі керек.

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ,

Мәдениет ардагері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы:

– Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сармат көсемі – Алтын адам Аралтөбе қорымынан табылды. Оған 1997 жылы ғалым Зейнолла Самашов бастаған экспедиция атсалысты. Ал, 2004 жылы Құлсары қаласының солтүстік-шығысындағы 40 шақырым жерден оғыздар тайпасының орталығы болған (Х-ХІІІ ғ.ғ.) Қызылқорған қаласының орны табылды. Қазақ мұнайының тұңғышы Қарашүңгіл де осында. Ал, Жұбан тамы биыл ЮНЕСКО есебіне алуға ұсынылды. Хандық дәуірден қалған із – Ақкиізтоғай, Қалмаққырған, Бақашы деген елді мекендер бар.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Индер ауданы тұрғыны, журналист:

– Дендер даласында Малайсары мен Сырым батыр, Құрманғазы, Исатай мен Махамбет жортқан. Жерұйықты іздеп Асан Қайғы өткен Таскешу маңы, Дендер тұзды көлі, Жиенбай Бортоғашұлы «Жотасы биік Дендерім» деп аңсап өткен, қуғын көрген Аманғали мен Құныскерей паналаған, Қойшығұл мен Табылды жырлаған өңір де ұлы даланың бір бөлшегі. 1993 жылы Мұрат Мөңкеұлына, 1995 жылы Махамбет Өтемісұлына, 2002 жылы Малайсары биге арналып зәулім мазарлары салынды. Индербор көлі тұсында 2007 жылы тұңғыш рет алып көпір тұрғызылды. 

Түйін

Міне, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының Атыраудағы сапары да өз мәресіне жетті. Жол сапарымызды түйіндер болсақ, бұл экспедиция Ұлы дала елінің тек 550 жыл ғана емес, одан да бұрын мықты дамығанын көрсетті. Ата-бабамыз ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты бізге аманат етіп қалдырды.

Ұзақ жол барысында тарихи мұралар мен көне ескерткіштердің Атырауда да аз еместігіне көз жеткіздік. Қазыналы өлкенің тарихи мұралары мен құнды қазбаларына тың зерттеулер жүргізілді. Тарихи құндылықтар арқылы жас ұрпақ қазақстандық бірегейлікті, ынтымақ пен бірлікті бойына сіңірді. Бүгінде сол мәдени мұрамыз тиісті деңгейде насихатталып жатыр ма, ендігі жерде соған көбірек мән беруіміз қажет. Сол үшін де осындай экспедициялық сапарлар дәстүрге айналса игі болар еді. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Атырау – Батыс Қазақстан – Атырау.

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*