ТАСҚЫННАН ҚАУІП АЗ, ДЕГЕНМЕН САҚТЫҚ КЕРЕК

24 қаңтарда облыс мәслихаттары тасқынға қарсы іс-шараларға арналған бюджетті биыл 5,4 миллиардтан 14 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты. Министр осындай қаржы бөлуді жергілікті бюджеттен де ұйымдастыру қажеттігін айтты, олай болмаған жағдайда, тасқынға уақтылы әсер ету шараларының тиімділігі төмендеуі мүмкін. Ал, солтүстік өңірлерде ақпан және наурыз айларында қалың қар жаууы мүмкін, сондықтан бұл жағдай мәселені одан әрі қиындатады.
Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында қардың мол түсуінен күрделі жағдай орын алып отыр. «Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында қардың қоры 20-50 пайызға көпжылдық орта мөлшерден жоғары. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және кейбір жазық аудандарында күрделі жағдай орын алып отыр. Бұл жерлерде қардың қоры 1,5 жылдық норманы құрайды. Қардың айтарлықтай қалың түсуіне байланысты Өскемен қаласында төтенше жағдай жарияланды», – деп атап өтті ведомство басшысы. Оның сөзіне қарағанда, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі өзендер ағысы бойынша Көксу, Ертіс, Лепсі (Алматы облысы) және Бұқтырма, Оба (Шығыс Қазақстан), Тобыл, Торғай (Қостанай облысы), Нұра, Шағалалы (Ақмола облысы), Кеңгір, Шерубай-Нұра, Сарысу (Қарағанды облысы) өзендері алқабында қардың еруінен су деңгейінің көтерілуі туралы болжам жасалды. Өткен жылғы тасқынның туындау себептері мен жағдайына жасалған зерттеу көрсеткендей, қар қоры мен ауа райының күрт өзгерісі ғана емес, сонымен қатар, қатып жатқан жердегі ерімеген қарға жылы жаңбырдың жаууы басты фактор болып табылады.
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов тасқынның алдын алу аясында еліміздің негізгі өзендерінде шағын тоспалар құрылысын қарастыруды тапсырды. «Елбасы гидротехникалық жабдықтарды жөндеуден бөлек, бірнеше мәрте біздің негізгі өзендерде қар еру кезіндегі тасқын кезеңінде шағын тоспалар жасау туралы мәселені көтерген болатын. Әсіресе, бұл мәселе көктемде судың ауқымды көлемін жинақтауға қатысты болып отыр. Осыны байланыстырып, салалық бағдарламаны қарастыру керек» деді.
Біздің облыстағы жағдайға келер болсақ, облыста 515 шақырымдық қорғаныс бөгеттері бар. Су тасқынына қарсы шараларға 14 қызмет түрі құрылған, онда 4152 адам, 498 техника, бес жүзу құралы және әр ауданда сегіз отряд құрылған. Оған қоса екі тікұшақ беріледі. Тасқынға қарсы шараларға облыстық бюджет резервінен 300 млн. теңге қарастырылып отыр.
Биылғы көктемгі су тасқыны жөнінде Жайық-Каспий бассейндік инспекция бастығы Бисен Қуановтан сұраған едік. Оның айтуынша, қазіргі жүргізілген шараларға және зерттеулерге қарағанда, биыл Жайық, Қиғаш, Жем өзендері және өр суларының көтерілуінен су тасқыны орын алмауы тиіс. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ», облыс әкімі барлық құрылымдарға жағдайды қатаң қадағалап, үнемі бақылауға алып отыруды тапсырды.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*