ТАРИХ ТАБЫСТЫРҒАН ТАҒДЫР

 

Облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы еліміздегі ерекше құрылым – Ассамблеяның тәжірибесінен әлем елдері үлгі алғысы келетінін, тәуелсіз мемлекетіміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары  қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, еңсесін тіктегенін атап айтты.

Сондай-ақ, аймақ басшысы делегация құрамындағы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы корей қауымдастығының президенті Роман Ким, Алматы қалалық мәслихатының  депутаты, Алматы қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Шин Бронислав пен Қазақстандағы корейлер қауымдастығы ақсақалдар алқасының төрағасы, профессор, математика ғылымдарының докторы Иван Пакке зор ризашылығын жеткізіп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

Ресми форматтағы кездесуден соң, делегация көкөніс өнімдерін сақтайтын, өңдеп шығаратын облыс орталығындағы бірден-бір кешенді база – «ФЕЛИКС» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Мәлике  ҚУАНЫШЕВА.

 

Жаңашыл  саясаттың   жемісі

Бейбітшілік пен келісімге бастайтын «Қазақстандық жол» моделі  әлем үшін бірегей эталонға айналды. Дүниежүзінің 56 тіліне аударылып, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымында, Біріккен Ұлттар Ұйымы базасында «қазақстандық жолдың» арнайы таныстырылуының өзі күллі ғаламның ізгі мақсат жолында бірігуге ниетті екендігін көрсетеді. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл: жетістіктер мен даму перспективалары» тақырыбында өткен конференцияның түйіні осы болды.

Мемлекеттілікті бірлік пен келісім негізінде сақтау, әлем елдерін бейбітшілікке шақыру, өткенді түгендеу мәселелері сөз болған конференция барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев Ассамблея құрылымын жаңашыл саясаттың жемісі» деп бағалады. «Әлемдік сарапшылар Қазақстанның үш тұғырлы тіл саясатына, Ассамблея институтының ұстанған бағытына қызығушылық танытуда. Себебі, мемлекеттің ұстанып отырған саясаты барлық қазақстандықтардың мүддесін қорғауға бағытталған» деген ол  мұны бірегей құрылымның ел өміріне етене араласуы деп атады.

Конференция жұмысына арнайы шақыртумен қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Любовь Августовна Ни қоғамдық институттың қашан да халықпен бірге екендігін айтты. «Мәселен,Қарағанды облысындағы  топан судан зардап шеккен халыққа көмек ретінде Ассамблея мүшелері және этномәдени бірлестіктердің тарапынан 12 миллион 400 мың теңге сомасында қаржы жиналып, 102 тоннадан астам көлемдегі гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ізгі бағыттағы «Тайқазан» жобасы шеңберінде  мұқтаж жандарға 2 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді. «Асар» акциясы аясында «Қайырымдылық арқылы бірлікке» атты арнайы іс-шара өтіп,  лейкоз, онкология және өзге де қатерлі дертке шалдыққан 300-ге жуық балаға 41 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті» деп атап өтті ол. 

«Біз  қазаққа қарыздармыз!»

«Әлемде болып жатқан оқиғаларға қарап отырып, қоғамдық келісім мен бейбітшілік мәселесінің ең негізгі, әрі ең басты құндылық екенін көруге болады. Өйткені, тұрақтылық болмаған мемлекетте экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың болуы мүмкін емес» деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы корейлер қауымдастығының президенті  Роман Ухенович Ким. Депутаттың пікірінше, шет мемлекеттердің Ассамблея институтына қызығушылық танытуының артында үлкен маңыз жатыр. «Мәселен, Кореяны мысалға алар болсақ, ондағы біртұтас халық жарты ғасырдан астам уақыттан бері екіге жарылып өмір сүріп келеді. Соның әсерінен туыс адамдардың өзі бір-бірімен араласа алмайды. Яғни, түбі бір халықты бір-біріне дұшпан етіп қойған. Ал, қазақстандық модельдің ерекшелігі сол, біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілдерінің барлығы өзара ынтымақтастықта өмір сүруде» деп тебіреніспен атап айтты. 

Қоғамдық  дамудың «формуласы»

Депутат ортақ тарихты ұмытпаудың маңыздылығына да тоқталды. «Сонау қиын кезеңдерде ата-бабаларымызды қазақ халқының дархан көңілмен қарсы алғандығын, нәубет жылдарды бірігіп өткергендігін естен шығаруға болмайды. Сол себепті,  біз Орал қаласы мен Үштөбе жерінде «Қазақ халқына алғыс» деп аталатын ескерткіш тастарды орнаттық. Даңғайыр қазақ даласынан сол жерлердің таңдап алынуының өзі тегін емес. Өйткені, қазақ жеріне депортацияланған корей отбасыларын кезінде сол жерлерге «өліп кетсін» деген мақсатпен әкеліп тастаған еді. Біз сондай қиын заманда ата-бабаларымызға қолдау көрсеткен қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз» деді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы құрылымы елдің және өңірдің дамуына нендей «өнім» ұсына алады? Осы мәселе төңірегінде пікір білдірген Атырау облыстық «Видергебурт» этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында Атырауда Неміс және Корей үйлерінің филиалын ашуды ұсынды. «Идеяның мақсаты – аталған елдермен арадағы экономикалық байланыстарға жетекшілік ету. Және де әріптестеріміз, бұрынғы отандастарымыз үшін Атырауда орталық ашу. Яғни, оларға өздерін қызықтырған кез келген мәселе бойынша біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, азаматтық қоғамды қалыптастыру ісіне этникалық топтардың әлеуетін әлеуметтік, гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру арқылы пайдалану» деген ол этномәдени топтардың елімізге әлеуметтік қорғаудың еуропалық моделін енгізуге мүдделі екендігін айтты.

Конференция барысындағы бірден-бір жаңалық – Ассамблеяның тікелей атсалысуымен жарық көрген «Великая степь казахов» кітабының таныстырылуы болды. Қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеуге арналған кітап жас ұрпаққа қалдырған ең асыл мұраның бірі болды деуге толық негіз бар. Атап өтерлігі, жиынды ұйымдастырушылардың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев  конференция барысында Қазақстандағы корейлер қауымдастығының Алтын медалімен марапатталды.

 Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді  түсірген:

Ерлан  АЛТЫБАЕВ.   

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*