ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУ — ӨМІР ТАЛАБЫ

«Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан бас¬талады». Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тә¬жин¬ осылай деді. Президент Әкімшілігінің, министрліктердің жауапты қызметкерлері, белгілі тарихшы ғалымдар, жазушылар, тарих факультеттерінің декандары, ақпарат құралдарының басшыларымен бірге, аталмыш отырысқа біз де қатысқан едік. Зиялы қауымды дүр сілкіндірген, тарихшылар үшін шын мәнінде үлкен оқиға болған кешегі жиында ел Президентінің жүктеуімен «Тарих толқынындағы халық» тақырыбындағы тарихи зерттеулер¬дің арнаулы бағдарламасы жа¬салатыны белгілі болды. 
«Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы», деген Марат Тәжин өз сөзінде мынадай мәселелерді көтерді.
Біріншіден, ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Екіншіден, біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Үшіншіден, Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинақтауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу қажеттілік десек, алда тарихи артефактілердің барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеу және тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару міндеті тұр. Сондықтан да, Мемлекеттік хатшының аталған құжаттардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуге баса назар аударуды тапсыруы – дер кезінде жасалған қадам.
Еліміздің өркендеу стратегиясына сәйкес, жаһандану процесі туындатқан жаңа белестерге көтерілу, жаңа сындарға төтеп беру мәселелері ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруды талап етеді. Соңғы екі жыл бойы жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту немесе тіптен алып тастау туралы қозғалып жүрген пікірлер көпшілікті алаңдатқаны белгілі. Кеңейтілген отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруға байланысты шараларды айқындаған маңызды баяндамасы тарихшылар қауымын ғана емес, барша жұртшылықты алаңдатқан күдіктерді сейілтіп, оқытушылар мен ғалымдарға, жалпы қоғамтанушыларға жаңа серпін беріп отыр.
Қазақстан тарихын оқу жүйесінен қысқартуға болмайды. Біз мемлекетіміздің одан әрі дамуы үшін ұлттық тарихымыз бен өткенімізді зерделемей оны жоғары оқу орындарында оқытпай, мықты мемлекетке айнала алмаймыз. Қазақ халқының кеңестік дәуірде тарихи танымы өзгеріске, тіпті дағдарысқа ұшырады. Ұлттық тарихты жасауды, ұлттық санамызды қалыптастыруды енді ғана қолға алдық. Ал, осындай кезде білім жүйесінде Отан тарихын қысқарту мемлекеттігімізге сын. Елі мен жерін сүйетін қазақстандық жастарды даярлаймыз десек, онда оқытуды жаңа сапалық дәрежеге көтеруіміз керек. Ол үшін ғалым мен оқытушы әдіскер бірлесе отырып әр жас деңгейіндегі балалардың ерекшеліктеріне сай оқулықтар жазуы қажет.
Ұлттық тарихты халық¬тың игілігіне айнал¬дыру өте маңызды. Ол үшін жа¬ңа әдістерді қол¬дану қажет. Әсі¬ресе тарихтың ақтаң¬дақ¬тарын терең зерттеу қажеттігі байқалып отыр. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарих ғылымының алар орны ерекше. Себебі, тарих халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді. Ұлттың шынайы тарихы ұлттық идеологияның қалыптасуының да негізгі қайнар көзін құрайды. Сондықтан тарихи білім беруге үздіксіз көңіл бөлінуі қажет.

Жамиға ТАҢАТАРОВА,
тарих ғылымдарының докторы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*