Тарих толқынындағы тоқсан төртінші жыл

«Атырау» газеті – әркез оқырманымен бірге!

%d1%81%d1%8b%d1%80%d0%ba%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d0%b0%d1%80%d0%b3%d0%b0

Міне, Тауық жылын да шуақты шақтарға деген үкілі үмітпен бастап кеттік, ардақты ағайын, ойлы оқырман! Тұтас бір аймақтың ұдайғы жылнамасына айналған газетіміз 94 жылдық белесіне көтерілер жылдың бастауында біз де өткенімізді таразылап, болашағымызға бағдар жасап алар жауапты шақтамыз. Осы тұрғыдан алғанда, өткен Мешін жылының жарқын жетістіктерге толы, ел шежіресінде ерекше орын алған жыл болғанын сөзсіз түйсінеміз. Бүкіл дүниені дағдарыс қос өкпеден қысып тұрғанына қарамастан, жасампаздық жолымызды жемісті жалғастырдық, экономикамыз дамып, бұқараның әл-ауқаты арта түсті. Мемлекетіміздің бақ-беделі асқақтады. Ең бастысы, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесін абыроймен атап өттік.

Осы орайда Елбасының ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған егемендігіміздің мән-маңызына терең бойлаған мына бір ұлағатты уәжі ұдайы ойыма орала береді.

Біз – алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз. Сондықтан, халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі. Бірлігі кетіп, берекесі қашқан халқымыз «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» қынадай қырылған.

Аласапыран заманда ағайынның алауыздығынан басына бұғалық түсіп, бұлт үйірілген бұлдыр күндер орнады. Сондықтан, данышпан Абай «бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп күңіренді. Бірақ, тағдырдан талай теперіш көрсе де, халқымыздың рухы жасымаған…

Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік, – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Міне, айтса айтқандай-ақ, арман ақиқатқа айналды. Содан бергі өткен жиырма бес жылдың мән-маңызы да тіптен ерекше. Экономиканы шикізаттық қамыттан арылту үшін өндірісті ғылыми инновация жолына салу жолға қойылды. Еліміздің барлық өңірлерінде ірі-ірі индустриялдық-инновациялық тың жобалар жүзеге асты.

Тәуелсіз Қазақстанның осы жиырма бес жылдағы ірі жеңістерінің бірі – жас Астана. Ол осы қысқа мерзімде әлемдік картада геосаяси нүкте ретінде пайда болып, ЕҚЫҰ саммитінің, Азиаданың, Әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайының және басқа да көптеген әлемдік саяси бастамалардың эпицентріне айналды. Бір кездері тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының сынақ алаңы болған Сарыарқаның кең даласы ұлттық нышан, қазақы болмысымен қайта қауышып, түп тамырын қайта тапты.

Жалпы, осы тарих үшін аз ғана уақыт ішінде халқымыз жоғалтқанының бәрімен де қайтадан қауышты. Наурыз мейрамы шын мәнінде ұлттық мерекеге айналып, үш күн тойланатын болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арғы-бергі тарихымыз жаңғыртылып, шетел асқан ұлттық жәдігерлеріміз туған топыраққа оралды. Еліміздің шекарасы түбегейлі белгіленіп, Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Мемлекеттік тіліміз бекітілді. Қазақтың түп қазығы – ауылды гүлдендіруге бағыт ұсталуда. Ауылды сақтау – Ұлтты сақтау идеясына жалғасты.

Тәуелсіздігіміздің бізге берген керемет табыстары – осы құндылықтарды баянды етудің бел ортасында сіз бен біз де бармыз, қадірлі оқырман! Өйткені, газет – қалың бұқараның мінбері. Газет қашанда оқырманымен ғана ғұмырлы. Осы аксиома үдесінен қарасақ, тағы да шүкірміз! Биыл да қалың оқырманымыз бізден іргесін ажыратпады, бізді қолдады, сыралғы сенімін серік етіп, шынайы ықыластарын танытты. «Атырау» газетінің 2017 жылға таралымы – 18 006 дана! Баспасөзге жазылу науқанында, әсіресе, Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер аудандары көш бастаса, өзге өңірлердегі оқырмандарымыз да сенімді ақтады.

Даламның тау мен шыңдары,

Тарих боп сөйлеп тұр бәрі.

Найзағай құсап шатырлап,

Түркінің тарпаң ұлдары.

Өрт болып шарпып тынысы,

Қынапқа түспей қылышы,

Уақыттың басып белінен,

Жошы мен Бату ұлысы

Жайлады жарты ғаламды

(Жүрегім содан нәр алды!)

Бірлік боп асқақ мұраты,

Ерлікпен қорғап даламды.

…Солардың сен ғой жалғасы,

Рухтың алтын арнасы.

Бабамның әппақ арманын

Сен-дағы сөзбен қорғашы! – деп Маралтай ақын жыр нөсерімен жан-жүректегі тілегін әдіптегеніндей, ұлт мүддесін ұлықтаған газетіміз бүгінде бұқарамен біте қайнасты. Ел бірлігі үшін қара ормандай оқырманмен ойласты.

«Атырау» – қалың қазақтың барын безбендеп, жоғын түгендеп отырар мұраттас мұңдасы, алғаусыз ақтарылар, ақылдасар сенімді сырласы. Қоғамда болар қайшылықты пікір, қилы көзқарасқа байсалды байыппен ой толғаудан анық әсте тынбасы!

Исатай Балмағамбетов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*