ТАРИХ КЕЙІН ЕМЕС, КЕЗІНДЕ ЖАСАЛАДЫ

Тарихтағы әр халықтың да басында болған өркендеу, өрлеу мен құлдырау дәуірлерін, достасу мен қастасу, бірігу мен бөліну оқиғаларын зерттеу сол ғылыммен айналыспайтын адамдардың, басқа салаға байланысты мамандардың міндеті емес. Онымен айналысатын тарихшылар бар. Ал, жалпы жұртшылықтың көбінесе әдебиет, өнер туындыларына қарап таным, түсінігі қалыптасады. Тарихқа қатысты түсінігі, танымы тапшы адамдар соған қарап оны шындық сияқты қабылдайды. Мейлі орыстікі, өзбектікі, тіпті қазақтікі болсын, тарихи шындықты бұрмалаған шығармаларды көргенде осыны ойлап шошисың. Соның біріне мысал – жақында орыс киносы түсіріп таратқан «Орда» фильмін көрдім. Мынау деген тарихқа қаламмен жазып қана емес, кино жасаумен істелген сұрқия әрекеттің, сұм пиғылдың жария көрінісі ғой. Арланып аласұрдым, намыстанып күйіндім. Өзгеге емес, соған соққы бермеген өзіміздің тарихшыларымызға, өнер қайраткерлерімізге, халқы абызымыз деп аузына қарап отырғанда әлгіні жерден алып, жерге салмаған зиялыларымызға кіжіндім. 
«Орда» фильмін көріп отырсаңыз, әлдебір көркемдеу әдісімен меңзеп білдіретіні емес, ашық айтып, айқын көрсететіні – еліне салық жинайтын, билік айтатын орда басқыншылары келгенде сырттай мойынсынғандық білдіргенімен, іштей кек сақтап, түбі бір тіресуге күш жинақтап жүретін халық та, орда ханының соқыр ханымын емдеуге шіркеуден келетін парасатты монах та орыс екен. Орыс қаласынан салт атпен шығып, орман-тоғай нуларды аралап, айдынды өзен-көлдерді жағалап өтетін оның жолы орда жеріне жеткенде айналасы тырбық бұта жыңғыл мен жүзгінге, тұзды сорларға, түк шықпас тақырларға, құм шөлдерге ауысып жүре беруі де алда көрсетілер сұмдықтарға көрерменді әзірлеудің әдісі. Ал, орда дегеніміз Атлант пен Тынық мұхиттар, Парсы мен Бенгал шығанақтары арасындағы небір айтулы елдер, мемлекеттер сындарлы саясатын сыйлаған, байлығына қызыққан, қаһарынан қаймыққан әлемдік империя – Алтын Орданың астанасы емес, ежелгі Інжілде айтылатын содом мен гоморра. Хан сарайы дегеніңіз – маскүнемдер мен мекерлердің ұйығы. Сарайдағы хандар, сұлтандар судай аққан шараптан қарындары шеңбіректеніп, ықылық атып отыратын ішкіштер екен. Олар миллион жыл бұрынғы үңгір жабайылары сияқты сүйекті қолмен ұстап кеміреді, етті иттей жұлмалап жейді екен, жаратпаған бекзаданы тап сол жерде қылышпен шауып өлтіре салса, басқалар марапат айтып мәз болады екен, ханның өзі өгей анасына тексіз төбеттей артылады екен.
Ол кезді адамзат өркениетінің өркешті мезгілі қатарында қарайтын, ғылымға адал қызмет ететін орыс тарихшылары қазір татар-моңғол езгісі деу жалған, Алтын Орда мықты кезде орыс елі де мықты болды, дамыды, дәуірледі, ордадан сескеніп сырттан жау алмады дейтін пікірге ден қойып жүр. Тіпті, Куликов шайқасы дегеннің өзі дақпырттағандай емес, өз кезінде бола беретін шағын қақтығыстардың бірі дейтін де зерттеулер, зерделеулер айтыла бастады.
Тарих – киелі, қасиетті ұғым. Ол әр саққа жүгіртіп табан тірер тиянағы, дәуірлермен үндескен дәлелі жоқтарға, тек тәуірдің бәрін өзіне тартып өзеурейтін дүмшелерге тәлкек болуға тиіс емес. Қазіргі елтаңбасы, туы, әнұраны сияқты рәміздері түгілі, ұлттық атауы жоқ, тек өзіне тиісті тілі жоқ, жабайы тобыр, тегіне қарай топтасқан тайпа шағындағы ықылым замандардан бері бүгінгі бар халық бүкіл өсу, өркендеу жолдарын адамзатпен бірге өтті. Түстіктен бастап терістікке таралған ИндЕуропа тектік төркініміз, өте көне жазбаларда немесе аса сирек айтылатын түбір сөздерде бағзыдан белгі беріп тұратын фин-угор тілдік тамырластығымыз осыны меңзейді.
Мысалы, Хундар – дербес Қазақстан деген мемлекет, қазақ деген халық жоқ кездегі біздің арғы бабаларымыз. Тарихшылар Аттиланы Еділ хундарының көсемі, Еділ патша дейді, енді бір ғалымдар Еуропаға атты әскермен лап қойғаннан елін аттылылар, елбасы-қолбасыны Аттылы патша депті дейді. Қайсысы да келісі келмейтін пікір емес. Еділ патшаның сарайында болған алуан ел елшілері оның алтын шілтерлі, алтын бағандар тіреген шатырда, алтын тақта отыратынын, қонақтардың сый-құрметіне сай әдемі бедерлері бар алтын, күміс тостағандармен қымыз бергізетінін жазып қалдырған естелік жеткілікті. Бұл – «Орда» фильмі неғұрлым тұрпайы етіп көрсетуге тырысатын Алтын Орда заманынан мың жыл бұрынғы бабаларымыздың мәдениеті, өркениеті, сарай салтанаты. Ал, Алтын Орданың айбыны, абыройы, атағы жер жарған дәуір – содан бергі өркендеу мен өрлеудің шыққан шыңы. Фильмді жасаушылар соны білмей адасып отырған жоқ, көрерменді адастыруды мақсат етіп отыр.
Өзінен бұрынғы бабалардың ерлік, елдік салтын қастерлеп сақтаған, жаңа сатыға көтерген, айбаты мен қайратынан бүкіл Азия қаймыққан Түрік қағанаты салтанат құрған ғасырлар өтті осынау алып аймақта. Алтайдан Дунайға дейін Дешті Қыпшақ аталған ұлы даланың азуы кере қарыс бөрілеріндей Қыпшақ дәуірі өтті. Бәрі де өз заманында болды, арнасына толды. Оны білмеу – надандық, оны мойындамау – тоңмойындық.
Кеңестік идеология кезінде Ислам діні өркендеген дәуірлердің әдебиеті, мәдениеті, ғылымы дегендерді ескермей, мұсылманшылық мешеулік деген ұғымды әлденеше ұрпақтың санасына сіңіруге күш салынды. Ислам салтанат құрған елдердің Мысыр, Бағдат, Шам шаһарларында ғылымда математика негізі – алжебр, тарих негізі – тауарих, география негізі – жағрафияны, жұлдызшылар астрономияны жасады. Рудаки, Фирдоуси, Низами, Жами, Сағди, Хаям, Хафиз поэзиясы – әлем әдебиетінің жауһарлары. Ислам уағыздайтын әдеп, әділет, ой мен бой тазалығы – бүкіл адамзат ұмтылатын мәдениет. Ордалы ғылым, білім, өркениет орталықтарының Орта Азиядағы отаулары Әл-Фараби шыққан Отырар, Ақсақ Темір немересі Ұлықбек шыққан Самархан, Ислам діни философиясы дамыған Бұқар шариф.
Енисей-Орхон өзендері аймағында тастарға таңбаланған дастандардың өз тілі, өз жазуы болғанын, Руна әріптерімен жазылғанын ескерсеңіз, ол осыдан мың жарым жыл бұрын-ақ бабаларымыздың озық өркениеті болғанын көрсетпей ме? Егер скандинав, неміс елдерінің көне жазба ескерткіштері де руна әріптерімен жазылғанын ескерсеңіз, осы өркениет қай жақтан шығып, қай жақтарға өрістегенін білдірмей ме?
Олар көшпенді тайпалар болғанын білеміз, бірақ, көшпенділер жазу, сызу, мәдениет, өркениеттен жұрдай жұрттар дейтін көп кейін дамыған елдердің кергуіне қалай көнеміз? Жазу білген ел оны оқи да білді деген сөз. Ғылым десеңіз, Махмуд Хұсайын Қашқаридың «Диван Лұғат ат-Түрік» кітабын оқып көріңіз. Ол – осы күні танымал түрік халықтарымен қатар бізге белгісіз шығыл, басма, яғма, т. б. тайпалар тіліндегі сөздердің фонетикалық айтылуы мен семантикалық мәнін салыстырып сипаттайтын энциклопедиялық еңбек. Кітап түркі тайпаларының тегі мен тілі туралы айта отырып, тарихымызды да талай деректермен толықтырып береді.
Мәдениет дегеніміз не? Ол – әр халықтың өзін қоршаған табиғи ортаға, тұрмысына жарасымдыны жасауы, оған үйлеспейтіндерді ерсілік деп қарауы. Мәселен, теңіз жағасындағылардың кеме жасайтыны, таулықтардың тас қашайтыны, ормандықтардың ағаш балталайтыны сияқты. Көшпенділік дегеннің өзі – адамзат өркениеті мен мәдениетінің бір саласы, адамзат дамуының бір сатысы. Көшпенділерді көшпенді қылған – елінің әрі нәсібі, әрі кәсібі мал шаруашылығымен айналысу, соған сай, жыл мезгілдерінің мінезіне, жер-су жағдайларына қарай қоныстар ауыстырып отыру. Бір ауылдың айналасын ақ тақыр, ала шаңға айналдыру, бір өрістің атырабын тұяқкесті, тапанды қылу мәдениеттілік пе? Кәсібің немен байланысты болса, қолөнерің де сонымен байланысты. Мыңғырған малының жүнінен жамбасына жұмсақ та жылы текемет төсеніш баспағанда алыстағы тайгадан тақтай тасымақ па, сырттан суық, іштен жылу шығармайтын, көшерде жинап алуға, қонарда құрастыра салуға қолайлы киіз ойлап таппағанда, жазда жайлап, күзде тастап кететін жеріне тас қамал тұрғызбақ па, жіп иіріп, шекпен тоқымағанда, тері илеп, тон тікпегенде абыройын алақандай жапырақпен жауып жүрмек пе?
Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейінгі жеңімпаз жорықтар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті құрылуы соғыстарда ат үстінен қиғыр қылыш сермеп, үшкір найза сілтеп, ұшқыр жебе себелеп, «ұр-әй» деп аттан салатын (орыстардың «Урасы» осы кезде үйренген айбынды ұраны), бейбіт кезде жазира жайлауларда келбетті жігіттері мен кербез қыздары той тойлайтын, даналары кемел ой ойлайтын, ақындары ерлік жырлар толғайтын далалықтардың, бөрене қиып, үй жасайтын ормандықтардың, тас сарайлар тұрғызатын таулықтардың, желкенді кемемен жүзетін теңіздіктердің әрқайсысына тән ғасырлар қалыптастырған кәсібін, шеберлігі шыңдалған өнерін араластырды.
Елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың соғысып немесе бітісіп, алысып немесе берісіп, бағынып немесе басым болып байланыстарға түсуінің өзі қолөнер туындыларының атауында да сайрап тұрады. Мәселен, оғыздың сельджук тайпасы Византия империясын құлатып, Константинопольді Истамбул атты астана етіп, Османлы сұлтандығын құрғанда Алтай таудан шыққан, Көкбөріден тараған түріктерміз дегенді білдіру үшін оларша көпек, бізше төбет иттің басын металдан құйған теңге ақшаның бетіне бедерлеген. Ол кейін орыс елінде теңгесі – деньга, көпегі – копеек болып кетті. Қазақ құрамына кіретін көшпенді тайпалардың түйенің мойнақ көнінен жасаған тостағаны орыстар жақтан стакан деген шыны ыдыстың аты болып қайта оралды. Көшпенділер қолөнерінің туындылары көрші елдерде ауыздық – узда, уздок, недоуздок, ысқырма жебе – стрела, сырық – слега, дөрекі төсеніш дерюга болып жүрген атаулар аз емес.
Бұрынғының салт-дәстүрін бабында ұстаған, жаңа ережелерді қатаң сақтаған Алтын Орда империясының артына қалдырған өнегесі көп. Мысалы, осы заманғы пошта, телеграф, факс байланыстары мемлекеттік мәні зор мәселелер екені бесенеден белгілі. Орта ғасырларда жедел сымсыз байланыстың негізін салған Алтын Орда. Еділдегі Сарай мен Жайықтағы Сарайшықтан 6000 шақырым алыстағы моңғолдың бас ордасы Қарақорымға жедел хабар жеткізіп, одан жылдам хабар алдырып отыратын байланыс арасы 30-40 километрлік жемші бекеттер арқылы жүзеге асқан. Оларда қашса – қарасын көрсетпей кететін, қуса – қыр асырмай жететін арғымақ жүйріктер, ұзақ жолда салт мінуге, жегіп айдауға төзімді, белі берік, сіңірі сірі қазанаттар жемделіп, ерсілі-қарсылы жүргіншілер үшін бапталып ұсталған.
Күні кешегі Транс-Сібір теміржолы төселгенше Балтықтағы Санкт-Петербургтен Орынборға, Омбыға, Үркітке одан әрі итжеккенге дейін тізіп тасталған Ресейдің Ямские станции дейтіні сондай бекеттер, Ямская трасса дейтіні сондай жолдар, ямшик дейтіні сондай ат жемдеушілер мен ат айдаушылар. Тек ат жемдеу емес, ұзақ жолға керек ат арқасын қақпайтын, үстіндегі жолаушыны соқпайтын ерлер, жүк артатын арбалар, жүргіншіге жайлы серіппелі арбалар да – сол кездерден жеткен халықтық қолөнердің жетістіктері. Жедел хабаршылар да, жайсаң бекзадалар да, елшілер мен жаушылар осы жолдармен көлік ауыстырып жүріп отырған.
Мәселен, Новгород халқы қуып жіберген князь Ярославтың ұлы кейін православия шіркеуі әулие деп жариялаған Александр Невский бастапқыда Александр Ярославович Рюрик Бату хан немересі Сартақ сұлтанмен бармақтарын кесіп, қанын қымызға қосып, қақ бөліп ішкен, яғни, салт бойынша анттасқан бауыр болысқан. Ол Сартақпен бірге салтанатпен Қарақорымға екі рет барып, Ярлық немесе Жарлық алып, Новгород тағына Орданың көмегімен күштеп қайта отырып алды. Католик Ливон орденінің иелері, талай соғыстарда талайлардың талқанын шығарған, темір сауыт киінген кресшілер жорығы келгенде Александрдың еріктілерден құралған азғантай жасағында оған қарсы тұрар қауқар жоқ еді. Кресшілерді Чуд көлінің көкше мұзына қойдай тоғытып берген Сартақ көмекке жіберген Орданың самсаған атты әскері. Олардың қолындағы қарағай сапты, болат ұшты ырғай найза, қан сіміруге қанбайтын қайқы қылыш, жауының болат дулығасын басымен бірге мылжалап жіберетін емен шоқпар, сауыт бұзар жебелер көшпенділер ұстасының қолымен жасалған қару-жарақтар. Қарақорымда мемлекеттің жаңа басшысы етіп Күйік қаһанды сайлайтын ұлы құрылтайға Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары ғана қатысқаны, жарты жаһан алаң болған осы оқиғаға көп елдің өкілдері жиналғаны, олардың Ордадан аулақ топтасқан ортасында орыс елінің князі, Александрдың әкесі Ярослав та болғаны, қаһанға құлдық ұрудың сәтін құдайдан тілеп тұрғаны тек орыс тарихында жоқ, басқа тарихтарда бар. Бұл соңғы кезде жасалған, жаңадан ойлап табылған емес, сол ХІІІ ғасырдың өзінде елшілер, жаушылар шартарапқа жар салған, тарихшы – жылнамашылар жазып қалдырған шындық. Таза тарих деп осыны айтады.
Ол дәуір жеңімпаз жорықтарымен, жаһанға сыйлы еткен саясатымен, алтын, күміс, қола теңгелерін әлемдік саудаға салған өркениетімен, көзтартар көркем мүліктер жасаған қолөнерімен, «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйін тартқан саздарымен, ұзақ шалқар Қобыланды жырын айтқан ауыз әдебиетімен, ордасын байрақты, отанын байтақты еткен кезеңдерімен ата тарихымыздың аса биік асуларға шыққан тарауларын түзді. Әттең, тарихқа мынау қате болған екен деп кейін қайта түзеу жасалмайды (Ол Ресей тарихшыларының машығы). Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан, Тоқтамыс пен Едіге мырза арасындағы жүздеген мың таңдаулы сарбаздар мен сардарлардың басын жұтқан, өздерін әлсіретіп, дұшпандарын әлді еткен қанды шайқастардың келешекке кесел болғанын қазір білсек те, сол ұлы тұлғалардың арасына енді бітімгершілік ете алмаймыз. Сарайшықтан аттанып, сонау түстіктегі осы күнгі бір аудан аумағындай Қозыбасы жеріне орысша қазақыланып, сол мезгілдің тілінде қазақыланып кеткен, сол атаумен жаңа ұлтқа ұйытқы болған Керей, Жәнібек сұлтандар қазақ халқы тарихының жаңа тарауын бастап берді.
Лев Гумилевтің дәйектеулері мен дәлелдеулері бойынша табиғи орта – биосфераның қолайлы өзгерістері әсерінен елі қуаттанған, халқы пассионарлық рух күшімен айбаттанған, кезі келгенде құлдырап кеткен, бірақ кейінгілерге дүркін-дүркін жанартаудай жұлқынып шығатын рухын мұра еткен сақ, сармат, хун, түрік, қыпшақ, Алтын Орда дәуірлері дейтін тамыры терең, діңі мықты ұлы тектік бәйтерегіміздің бүгінгі жапырағы жайқалған, сол мыңжылдықтардың мұралары мен рухынан тұрақты нәр алған берік бұтақтың бірі – Қазақ елі, қазақ халқы. Тарихымызды басқаның билігіне бағынышты болған кездің алалауынан арылту, идеологиялық ақ шелден аршу жүріп жатыр.
Біздің ел тәуелсіздік жариялағанына жиырма жылдан, жетістіктерді айтып жар салғанына он жылдан асты. Тәуелсіздік тек экономикалық қана емес, рухани тәуелсіздіктен де танылып тұруға тиіс. Экономикалық жетістіктерімізді біліп отырмыз, ал рухани жеңістерімізді неден көріп отырмыз? Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің өткенде ғалымдарды жинап, тарихты тайғанақтатпай табанды қылу туралы қойған талаптары мен ұсынған пікірлері, сілтеген бағыттары өте орынды болды. Бұл ел басшылығынан көптен күткен қолдау еді. Мезгілі жетпей жұмыртқадан балапан жарып шықпайтыны, қияғы қатпай қияндағы ұядан жас қыран қанат қақпайтыны сияқты мұны айтатын кез енді келген болуы керек. Тәуелсіздігі енді ғана тәй басқан тоқсаныншы жылдарда Қазақстанның ішкі ұлтаралық, сыртқы мемлекетаралық саясат тұрғысынан тарихты түзету бағытында батыл қадам жасауды тежей тұруына түрлі себептер болған шығар. Өз тарихымызды өзімізге бетке түкіртіп, белге тептірген заман келмеске кетті. Енді тек осы бағыт баянды болғай, бедел алғай. Мәселе шешетін мемлекеттік орталықтардан, тарихты тәптіштейтін ғылыми орталардан аулақ, алыста жүрген қарапайым журналист болсам да айтатын бір тілегім бар. Ол – тарихты қайта қарау деген кандидаттық, докторлық атақтар алуды мақсат қылмай, жаппай сипат алатын, тарихты жазғанда да, оны оқығанда да пассионарлық өрлеу туғызатын ұлттық мұрат болғай. Сол тарихты мектептер мен оқу орындарының ең қадірлі пәндерінің біріне айналдыра алсақ, бүгінгі шала қазақтың орнына ертең жаңа қазақ келер деген сенім беки түседі.

Әлібек ҚАЙЫРОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*