Тарифтің де сұрауы бар

Жанымыздың жайлылыққа үйренгені соншалық, үйде немесе кеңседе жарық, су болмай қалса, әпсәтте не істерімізді білмей абдырап қалатынымыз рас. Жылудың өзі белгіленген мерзімнен бір күн кешіге қалса, арнайы мекемелерге хабарласып, себепсалдарын анықтауға тырысамыз. Демек, біздің өмір сүру салтымыз табиғи ресурстарға тәуелді десек артық айтқандық емес. Тәулік бойы үздіксіз тұтынатын тіршілік «көздерін» бағалай алып жүрміз бе? Пайдаланғаннан кейін қызмет құнын уақытылы төлеп отырудың орнына, қарызын өтеуден жалтарғандарға қандай жаза қолдану керек? Ал, тарифті қалай тұрақтандырамыз?

фото интернеттен алынды

Үнемдей білгеннің ұтары көп

Бұл сауалдарға жауап іздеуге атыраулық кәсіпкердің мына бір әңгімесі түрткі болды. «Кейбіреулердің «Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы қымбат» деген пікірлерімен мүлде келіспеймін – деп бастады әңгімесін кәсіпкер Зелімхан Зубариев, – Меніңше, мұндайды дүниежүзіндегі оқиғалардан хабары жоқтар ғана айтады. Мысалы, Қиғаштың суын бізден басқа көршілес Ресей де тұтынады. Біле білсеңіз, онда судың бәсі екі есеге қымбат. Тіпті, іргелес мемлекетте нан бағасы да жоғары.

Біздің елімізде қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Тіпті, шалғайдағы ауылдарға газет жетіп, жолдар асфальтталды. Атырауда қай селоға барамын десеңіз де тақтайдай тегіс жол бар. Демек, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары екені даусыз. Басқасын айтпағанның өзінде, адамзат тыныштықта, бейбітшілік орнаған тату елде тұрғанды қалайды. Бұл орайда тәуелсіз Қазақстанның мерейі үстем, мәртебесі биік екенін ұмытпаған абзал».

Иә, бизнесмен сөзінің жаны бар. Кейде «қолда бар алтынды бағалай алмайтынымыз» рас. Оның бірнеше себебі де жоқ емес. Табиғаттың бізге тартқан «сыйын» үнемдеп жұмсап, қадірін білсек бір сәрі, қарапайым судың өзін есепсіз пайдаланып, ысырапшылдыққа бой алдыртатынымыз өкінішті. Нарықтық экономика талабының бірі – үнемдеу.

Шетелде білімін жетілдірген әріптесіміз Әсия Бағдәулетқызы Англияға сапары барысында өзге елдердегі коммуналдық қызметке көзқарас мүлде басқаша екендігін жасырмайды.

– Мұнда орталық жылу жоқ. Ағылшындардың өздері қоңырсалқын үйде қысы-жазы жүре береді. Көбіне тоқпен істейтін душтарының суы да біздікіндей ыси кетпейді. Салқын мен ыссы суы да екі түрлі краннан ағады, – дейді ол.

Жылу есептегіш құралы тиімді ме?

Ал, біздегі коммуналдық қызмет құны қаншалықты қолжетімді? Баға нарығы тұрғындардың қалтасына қалай әсер етеді? Мамандар өткен жылдармен салыстырғанда соңғы уақытта жарық бағасы төмендегенін айтады.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанар Дәрібаеваның айтуынша, тариф арнайы заң және ережелер аясында монополист мекеменің инвестициялық бағдарламасы бойынша бес жылға бекітіледі.

– Тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалысы бойынша мекеме есеп тапсырады. Соған сай, уақытша өтемдік тариф жасақталады. Қазіргі таңда кәріз жүйесі үшін тұрғындардан 32 теңге алынса, мекемелерден 140,64 теңге төленеді, – деген ол қазан айынан бастап электр энергиясының құны төмендегенін атап айтты. Жалпы, ел бойынша біздің өңірде жарықтың бағасы айтарлықтай арзан көрінеді. Мәселен, бір сағат Кватқа жеке тұлғалар үшін 4,51 теңге, басқа топ үшін – 17,96 теңге.

Электр энергиясы 2014 жылы бекітілген тарифпен есептеліп келді. Сонан соң сараптама жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде баға төмендеді, – дейді бас маман.

Жалпы, тұрғындардың жиі талқылайтыны – жылу бәсі. Биылғы сәуір айынан бастап оған да уақытша өтемдік тариф тағайындалған. Айталық, келесі жылдың наурызына дейін есептегіш құралы бар үйлерге 1 Гкалға 4178,33 теңге болса, керісінше, құралы жоқтарға – 5339,29 теңге. Ал, әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда саналатын нысандарға 4449,41 теңгеден есептеледі екен. Жылу есептегіш құралынсыз есептеген кезде шығын нормасы әр шаршы метріне – 128,14 теңге. Бұрын жылу ақысы үйдің ауданына байланысты есептелсе, енді берілген жылу мөлшері ғана ескеріледі. Бұл тұрғындар үшін қолайлы.

– Соңғы жылдары қалада арнайы құралдарды орнату қолға алынды. Бастапқыда, бұған тұрғындар сенімсіздікпен қарағанмен, қазір оның жеңілдігі мен пайдасын анық көріп отыр. Басқасын айтпағанның өзінде, жеке өз пәтеріме бұрын 15 мың теңгедей төлейтінмін. Кейін жалпыүйлік жылу есептегіш құралын қондырғаннан кейін жылуға 8-9,5 мың теңге ғана төлейтін болдым. Сонда баға 40 пайызға дейін төмендеді. Сондықтан, атыраулықтарды есептегіш құрал қондыруға шақырамын, – дейді «Исламбек» пәтер иелері кооперативінің қызметкері Айжан Ахметова.

Заңсыз кіріске жол жоқ

Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда Атырауда су, жылу бағасы қымбаттау. Мысалы, Шымкент қаласында тұрғындар үшін судың бір текше метрі 47,75 теңге тұрады. Есесіне, электр энергиясын тұтыну бәсі бізбен салыстырғанда екі-үш есеге қымбат. Қалай десек те, Қазақстанда негізсіз баға өсіруге жол жоқ. Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті.

Елбасы 2009 жылы елімізде «Инвестиция орнына – тариф» жобасы қабылданғанын атап айтты.

– Жеті жылдың ішінде ол монополистерге өздерінің өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаржы табуға мүмкіндік берді. Яғни, бұл қадам өндіруші қуаттардың барлық қорын жақсартуға негізделді. Инвестициялау мен қуаттарды жаңартудың орнына ірі энергетикалық компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз түрде дәулетін арттырып келген, – дей келе, Президент тексеру барысында энергия беретін компаниялар тарапынан халыққа келтірілген 14 млрд. теңге сомасында шығын анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ,15 млрд. теңге көлемінде энергиямен қамтамасыз ететін ұйымдардың заңсыз кірісі белгілі болды. Ал, тариф неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым отбасылық бюджетке жүктеме арта түседі.

– Егер де тариф өсімі қолдан жасалса, яғни, нақты экономикалық есептеусіз іске асырылса, онда бұл жағдай әрбір отбасының шығыстарын арттырады. Бұл өз кезегінде менің Жолдауымдағы басымдықтарға қайшы келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, қызметіне адал қарамайтын монополистер жауап беретінін ескертті.

Негізсіз пайда тапқандар

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен алынған мәліметке сүйенсек, «Атырау Энергосату» ЖШС-нің тұрғындарды электр энергиясымен жабдықтау кезінде 120 млн. теңге шамасында негізсіз пайда көру фактісі анықталды. Тұрғындарға келген шығынды қайтару мақсатында монополист тарифті 5,31 теңгеден 4,51 теңгеге түсірді. Биыл прокуратура актісі аясында сот тәртібі бойынша 7 монополист мекеменің тарифтері ықтиярсыз бұзылды. Уақытша өтемдік тарифтері бекітіліп, 57 мың азамат пен 900-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Төрт мың кәсіпкер электр энергиясы үшін алдын-ала төлем енгізу міндеттемесінен босатылды.

Заңға сәйкес, тұтынушы нақты тұтынған энергиясы үшін төлем жасау қажеттілігіне орай, монополистің 100% алдын-ала төлем жасау туралы талабы құқыққа қайшы деп танылды. Келесі жағдайда, «Жылыой су» ЖШС материалдық ресурстар алу шығындарын негізсіз қосу және штат санын жасанды арттыру арқылы қызмет құнын заңсыз көтерген. Жедел шаралар нәтижесінде, Жылыой ауданы тұрғындары үшін тариф су беру бойынша 200-ден 149 теңгеге, жылу бойынша 2 500-ден 1 870 теңгеге, сарқынды суларды бұру бойынша 99-дан 71 теңгеге төмендетілді. Электр және жылу энергиялары үшін тарифті қалыптастыру кезінде заңдылықтың сақталу мәселесі прокуратура органдарының қатаң бақылауына алынып отыр.

Жылу тарифі заңды тұлғалар үшін (есептегіш құрал орнатқан нысанға-авт.) 1 Гкал – 9922,32 теңге, арнайы құралсыз – 16980,76 теңге, апатты жағдайдағы ғимараттарға – 11320,50 теңге. Өңірде газдың текше метрі – 7,15 теңге, Бұл бағалар қосымша құн салығынсыз есептелінген.

 Түйін:

Статистикалық деректерге жүгінсек, тұрғын үйкоммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергиясы – 1,5%, ыстық су 0,2%-ға төмендеген.

Соның өзінде, кейбір тұрғындар күнделікті тұтынып отырған жарық пен судың ақысын төлеуге немқұрайлы қарап, монополист мекемелерге қарызын өтемей жүр. Жыл сайын кәсіпорынға борышкерлер саны көбеймесе, азаяр емес. Алайда, «судың да сұрауы бар» ғой. Күндердің күнінде, бір кездері есепсіз шығындап, ақысын төлеуден қашқақтаған табиғат ресурстарының сарқылмасына кім кепілдік бере алады? Ойланарлық мәселе.

 

Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*