ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН

 

Теріс ағымдарға бой ұрғандар жас өскінді алдап-арбау арқылы елдің бірлігіне іріткі салуда.  Осы орайда, мешітке  келген жамағатқа қызмет көрсетіп отырған имамдарымыздың діни сауат деңгейін көтеру маңызды. Бұл туралы Атырау мұнай және газ институты жанындағы Студенттер сарайында өткен кездесуде атап  айтылды. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов қатысты.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Әсия Қыстаубаева аталмыш мәселенің аса маңыздылығын, мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық ұйымдарды, жұртшылықты қатыстыра отырып, діни теріс ағымдарға тосқауыл қою қажеттігін атап көрсетті.

– Облыс әкімінің қолдауымен өңірге келген төрт теолог маманның насихаттық жұмыстарының басым бөлігі мешіт жамағаттарына бағытталуда. Қала, аудан және ауыл әкімдері жанынан әкімнің өзі төрағалық ететін, қоғамдық негізде жұмыс жасайтын ақсақалдар кеңестері құрылып, қызметтері белгіленді. Ақсақалдар кеңесін құрудағы негізгі мақсат – әрдайым мешіт имамының жанынан табылатын, мешіт жамағаттарымен тығыз қарым-қатынаста болатын аузы дуалы ақсақалдардың ықпалы мен беделін дін саласындағы проблемаларды шешуге жүйелі түрде пайдалану, – деп түсіндірген Әсия Баянқызы  көпті көрген ақсақалдардың бұл істегі рөліне тоқталды.

– Қазақ атамыз: «Іштен шыққан жау жаман» дейді ғой. Басқа дінді немесе секталарды уағыздайтын миссионерлерге қарағанда, исламның атын жамылып келіп жатқан уағызшылардың қаупі күштірек пе деймін. Көп жағдайда психологиялық, әлеуметтік, қоғамдық немесе рухани түрлі проблемаларға душар болып жүрген адамдар басқа дінді уағыздайтын миссионердің құрған тұзағына тез түседі.

 Мысалы, сәләфилік бағытты алатын болсақ, бұл топ қай қоғамға барса да, нәтижесі сол қоғамды бөліп-жарумен, мүшелерінің арасына алауыздық салумен және агрессияны оятуымен көрінеді. Біздің жастарымызды   өкінішті жағдайға алып барып отырған проблемамыз – діни сауатсыздық, – деген облыстық «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Нұрлан Рамазан осы тұста діни сауаты терең, халықты өзіне ерте алатын және сеніміне ие бола алатын  ғалымдарды дайындау мәселесінің өзектілігіне тоқталды.

Жастар арасында діни сауаттылық бойынша көбірек жұмыстар жүргізіліп, олардың діни біліктіліктерін арттыру маңызды. Осы орайда Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Мейірім Қалауи жат ағымдардың шырмауына түспеу үшін тез еліктегіш келетін жастар арасында түсіндіру және насихаттық жұмыстарды көбірек жүргізу керектігіне тоқталды.            

– Қазіргі жастардың діни ағымдарға бейім болуының тағы бір себебі – жаңа заманғы ақпарат құралдары. Интернет желісі, мобильді телефон арқылы бүгінде теріс діни ақпараттар таратылып жатыр, – деп сөзін жалғаған М.Қалауи теріс ағымдарға қарсы тұрудың бірден-бір жолы ретінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды атап көрсетті.

– Еліміздің сыртқы және ішкі қауіпсіздігін нығайту, ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру мәселесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан басты назарда ұстап келеді. Қазіргі таңда Қазақстан тұрақтылық пен келісімді, төзімділікті сақтау мен насихаттауда көптеген елге үлгі. Дегенмен, ұлт және діни мәселелер жөнінде туындап отырған жанжалдар, террорлық әрекеттер ұлттық қауіпсіздікті айрықша назарда ұстауды талап етеді, – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов.  «Әсіресе, жастар арасында дәстүрлі емес діндер немесе ағымдар мен секталардың қызметіне қарсы түсінік жұмыстарын жүргізу, патриоттық тәрбие мен жас ұрпақ өкілдерінің қоғамдық ұйымдарын жандандыру, олардың қоғамдық белсенділіктері мен азаматтық позициясын қалыптастыру жұмыстары үлкен рөл атқарады» деді ол.    

Тағылымды шараға қатысушылар пікірі мен ұсыныс-тілектері «бүгінгі күндегі біздің басты жұмыстарымыздың бірі – мысықтілеу миссионерлер мен дәстүрімізге жат діни топтардың жетегінде жүрген бауырларымызды қайтару және санасы әлі уланбаған жастарымызды олардан сақтап қалу шараларын батыл жүргізу» деген ойға тоғысты.

            Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*