ТАРҒЫЛ ТАҚТАДАҒЫ ТАРТЫС

Үкіметпен және қоғаммен байланыс менеджерінің орынбасары Дэвид Мак Иннис сайыс басталар алдында балаларға сәттілік тілеп, интеллектуалды спорт түрін дамытуға қолдау алдағы уақытта да арта түсетініне үміт білдірді.

Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов балаларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жазғы каникулды қызықты өткізуге тілек білдірді және «Теңізшевройл» ЖШС басшылығына балалар үшін спорттық мереке ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

Жарыстың бас төрешісі, Ғ.Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсиннің айтуынша, турнир ФИДЕ Кодексіне сәйкес швейцарлық жүйе бойынша екі кезеңде өтті. Жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлінген спорттық разряды бар жүздің үстінде бала өз біліктіліктерін көрсетіп, сайысқа түсті.

Айта кетсек, компания басшылығы Тәуелсіздік күніне орай ересектер арасында шахмат турнирін ұйымдастырып келеді. Ал, өткен жылдан бері Балаларды қорғау күніне орай жас бүлдіршіндерге де өз бақтарын сынауға мүмкіндік туғызып отыр.

Жеке тұлғаның қалыптасуына, ой-өрісінің дамуына ықпал ететін аталған спорт түрінен екі күнге созылған турнир нәтижесінде 18 бала жүлделі орындарды еншіледі. Сегіз жасқа дейінгі топтың арасында Нұрлыхан Құдайбергенов пен Зухра Сәрсенби үздік танылды.  Ал, орта топтың ішінде Жазира Боран мен Нұрәділ Жамбыл озып шықты. Үлкен топ арасында Диляра Ғабитова мен Нұрбол Ғалымжанұлына тең келер ешкім болмады. Барлық жүлдегерлерге ескерткіш сыйлықтың сертификаттары табысталды. Ал, турнирге қатысушылар Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

– Атырауда тұрып жатқанымызға төрт жылдай уақыт өтті. Бұл турнирге жеті жастағы Константин және тоғыз жастағы Джоэл есімді ұлдарым қатысуда. Бұған дейін де бірнеше жыл бойы шахматты үйреніп жүрген еді. Бірақ, бұл – олар қатысып отырған алғашқы турнир. Мұндай жарыстардың Атырауда ұйымдастырылып отырғанына ризамыз, – дейді QSI мектебінің оқытушысы Эн Ким.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*