ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛЫСЫМЕН ҚҰНДЫ

 

ҚҰРЫЛЫС
ҚАРҚЫН АЛУДА

Бірінші болып баяндама жасаған облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елтай Ғалымжанов жалпы өңірдегі құрылыс қарқынын саралап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Қазіргі уақытта облыста «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биылғы жылы несиелік тұрғын үйлерді салу жұмыстарына республикалық бюджеттен екі миллиард теңгеден астам қаржы, тағы сондай сома жалдамалы пәтерлер құрылысына бөлінген. Жалпы осы жылы республикалық бағдарламаға сай, жеті миллиард үш жүз миллион теңге қаралған. Аймақта әлеуметтік құрылыс нысандарының уақтылы әрі сапалы тұрғызылуына да көңіл бөлінуде. Білім саласы бойынша биылғы жылға жоспарланған 15 нысанның ішінен жеті мектеп пен алты балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Ал, мердігерлерге қатысты құжаттар толықтай аяқталған соң, тамыз айынан бастап тағы да мектепке дейінгі екі мекеменің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы нысандарына қатысты айтар болсақ, облыс бойынша бес амбулаторияның құрылысы қарқын алуда. Тағы да үш нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

ЖАМБЫЛДАҒЫ
МЕКТЕПТІҢ ЖАЙЫ

Есепті баяндамадан соң комиссия төрағасы Ғ.Дүйсембаев бүгінгі жиынға бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысып отырғанын айтып, «Әсіресе, мектеп пен балабақша құрылысы аса маңызды жайт. Себебі жаңа оқу жылы басталған сәтте нысанның уақтылы бітпей қалуы себепті кейбір келеңсіздіктер орын алып жататыны жасырын емес. Сондықтан, осы кемшіліктерді болдырмау мақсатымен бүгін бас қосып отырмыз» деп ашық әңгімеге шақырды.
Өз кезегінде Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Садықов Жамбыл селосындағы өртеніп кеткен мектеп құрылысы туралы айтылмағанын атап өтті. Бұл ретте құрылыс басқармасының басшысы тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып, мердігердің қыркүйек айына дейін бітіремін деген уәде беріп отырғанын жеткізді. Алайда, жиынға қатысушылар уақыттың аз қалуы себепті, мектеп жаңа оқу жылына дейін бітпей қалған жағдайда қандай іс-шаралар жасалынуы керектігін алдын ала жоспарлау қажеттігін айтып өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары апатты жағдайдан кейінгі алынған шаралар, жазаланған тұлғалар туралы да нақты ақпарат керектігін қаперге берді.
Мектеп тақырыбындағы талқылау қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебіне де қатысты болды. Комиссия мүшесі М.Ізбанов: «Оқушылар мен мұғалімдер арнайы байқаудан өтіп, зияткерлік мектепте оқитын болдық деп дайындалып отыр. Ал, нысанды уақтылы аяқтай алмадық деп, оқушыларды басқа мектепте оқытуға мәжбүр болсақ, үлкен кемшілік» деді. Е.Ғалымжанов республикалық бюджет есебінен салынып жатқан құрылыс қарқынының ұдайы назарда екенін айтып өтті.

ҚАҢЫРАҒАН ҒИМАРАТ ҚАШАН КӘДЕГЕ АСАДЫ?

Сонымен қатар, Құрманғазы ауданының Шортанбай мен Байда селолық округтеріндегі спорт кешендерінің әлі күнге дейін инфрақұрылымдық жүйелерінің жүргізілмеуі себепті, құрылысы бітіп тұрған ғимараттың қаңырап бос тұрғанына қынжылыс білдірген Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары осы сұрақтың да нақтылы шешімін табу керектігін айтып өтті. Тиісті құрылым басшысы бұл жайтты да жоққа шығармай, нысанның жобалау-сметалық құжаттарын жасақтау кезінде сыртқы инфрақұрылымдық жүйелерді қосуға қажетті қаражат бөлінбей қалғандықтан, жоғарыдағы жайттың орын алып отырғандығын, олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстардың жолға қойылғандығын айтты. «Қай-қай жұмыс та салғырттықты көтермейді. Нысанның құрылысы үшін аудан әкімдері мердігермен бірге жауапты болуы тиіс. Бір жұмысты екіге бөліп жасау дұрыс емес. Дәл қазір сіздер 45 миллион теңгені инфрақұрылымдық жүйені жүргізу үшін сұрап отырсыздар. Осылайша бұл іс одан әрі созыла беретін болса, көп ұзамай тағы да қаражат сұрап, қаңырап қалған ғимаратты жөндеу керек, сынған терезелерді ауыстыру керек деген әңгіме айтылады. Бұл әсте дұрыс емес» деген Ғұмар Ислямұлы бұл істің жіті қадағалауда болатындығын айтып өтті.

БАЙШОНАС БИЫЛ
ТОЛЫҚТАЙ КӨШЕДІ

Байшонас пен Ескене тұрғындарын қалаға көшіру ісі қолға алынғанымен, толық аяқталмаған. Бұл үшін әлі 144 пәтер қажет. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда 126 пәтерлік төрт үйге көшіру жұмыстары жүргізілген. Комиссия төрағасы бұл сұрақтың да аяқсыз қалмауын қадап айтып, ұдайы күн тәртібінен түсірмеуді қала әкімшілігіне тапсырды.
«Аймақ басшысы арнайы тапсырма беріп, ғимараттың толық аяқталған күйі тапсырылуы керектігін қадап айтып отыр. Десек те, жоғарыдағыдай оқиғалар әлі де жалғасып келеді. Толық аяқталмаған не сапасыз жүргізілген құрылыспен істі біттіге санауға болмайды» деген Ғ.Дүйсембаев жаңа ғимаратты салған кезде оның айналасын көгалдандыру жайын да ұмытпау керектігін атап айтты. Сондай-ақ, нақты бұл тақырып төңірегіндегі түйткілдерді уақтылы шешу үшін жаңа оқу жылы басталмай тұрып, тамыз айында тағы да аудандарды толық қамтыған басқосу өткізу керек деген байламға келді.

СУ – ТІРШІЛІК КӨЗІ

Шалғайдағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту мақсатын көздеген республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылған іс аз емес. Алайда, олқылықтар да жоқ емес. Бүгінгі басқосуда осы тақырып та кеңінен талқыланды. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының башысы Ақылбек Байшахановтың сөзіне сүйенсек, 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама орындалысының бүгінгі басқосуға қатысқан аудандар бойынша көрінісі төмендегіше. Құрманғазы ауданындағы 49 ауылдық елді мекендердің 61 пайызы, яғни 30 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бүгінгі күні Приморье, Жасталап селоларындағы су тазалау имаратының құрылысы аяқталып, тапсырылуда. Жамбыл, Амангелді елді мекендеріндегі сумен қамту нысандарын пайдалануға қабылдау жұмыстары жүргізілуде, ағымдағы жылы он нысанды аяқтап, тапсыру жоспарда. Индер ауданына қарасты 14 ауылдық елді мекеннің тең жартысы орталықтандырылса, ағымдағы жылы бір нысанның құрылысын тапсыру көзделген.
Махамбет ауданында 24 елді мекен бар. Олардың 58,3 пайызы орталықтандырылған. Бүгінгі күнде Аққайың, Еңбекшіл, Ескі Сарайшық селоларындағы су тазалау имараттарының құрылысы аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясымен қабылдануда. Жыл аяғына дейін бұл бағыттағы төрт нысанды тапсыру жоспары бар.
Жиында жазғы су құбырын жүргізу жайы да қозғалды. Ғұмар Ислямұлы аудандар ауылішілік жазғы су құбырын жүргізудің жобасын дайындаса, қажеттілігіне қарай, қолдау танытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*