Талап – бәріне ортақ

Кемшіліктер анықталып, лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолданылғанмен, ең алдымен оны болдырмауға баса назар аудару қажет. Қарамағындағы қызметкерге дөрекелік көрсетіп, ұжымды ұйымшылдықпен басқара алмау басшыға абырой әкелмейді. Тиісінше, мамандар да өзіне жүктелген міндеттерді орындай білуі тиіс. Әдеп кеңесінің кезекті отырысында осы мәселелер баса айтылды.

memlekettik qyzmet

Заңдылықты жете білмегендіктен бе, әлде жұмысқа немқұрайлы қарағандықтан ба, аймақтағы қос ауданда жер телімін беруде өрескел қателіктер орын алып, заң бұзушылықтар анықталған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің  басқарма басшысы Динара Курумбаеваның баяндауынша, облыстық прокуратура ұсынысы негізінде Қызылқоға ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру қорытындысында кемшіліктер анықталған. Айталық, мемлекет меншігіндегі мүлікті заңсыз пайдалануға жол беру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің конкурстан тыс табысталуы, аукционсыз жер учаскелерінің берілуі және оған салынған нысандардың әкімдік теңгеріміне кері сатып алынуы, жер аумақтарының сегментацияға ұшырауы секілді олқылықтар белгілі болған.

Мәселен, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының мемлекеттік мүлікті жалдау, оны сенімгерлікпен басқару, мемлекеттік өтеусіз пайдалану, мердігерлік туралы шарттарының негізінде пайдалануға берілетіндігі туралы талаптары бұзылып,  Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі теңгеріміндегі арнайы техника үшінші тұлғалармен коммерциялық мақсатта заңсыз пайдаланылған. Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлікті басқару принциптері бұзылған.

– Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің тексерісі нәтижесінде лауазымды тұлғаның әрекеті Қылмыстық Кодекстің 371-бабының 1-бөлігімен сараланған.  Қылмыстық іс бойынша жүргізілген сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, үшінші тұлғалар мемлекет мүлкін заңсыз пайдалану арқылы 11 558 344 теңге пайда тапқан. Аудан прокуратурасының ықпалымен көрсетілген қаржы бюджет кірісіне қайтарылуда, – деді ол.

Басқарма басшысының баяндауынша, Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының көмегімен жеке тұрғын үй құрылысына дайындалған жер телімдерінен өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері табысталып, кейін жеке тұрғын үйлер тұрғызылып, мемлекетке сатылғаны анықталған. Тіпті, кезекте тұрмаған тұрғындарға да жер телімдері берілген. Ал, Жер Кодексіне сәйкес, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке ауылдық жерлерде өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін  суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар мөлшерде тегін бе-ріледі деп көрсетілген.

Алайда, Исатай аудандық комиссиясы қорытындысының негізінде Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің шешімімен тұрғынға аталған округ жерінен өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 0,24 га жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен үш жыл мерзімге ұсынылған. Кейін комиссия қорытындысымен уақытша өтеулі мерзімге берілген жер телімін жеке меншікке беру туралы шешім қабылданған.

Әдеп жөніндегі кеңес барысында Махамбет аудандық ветеринария бөлімі басшысының іс-әрекетіне қатысты тәртіптік іс қаралды. Тексерісте аудандық ветеринариялық стансасының бір топ қызметкерінің ұжымдық өтініші негізге алын-ған. Оны зерделеу барысында кәсіпорын басшысының Алға, Сарайшық, Ақжайық, Жалғансай ауылдық округтері ветеринариялық бөлімше меңгерушілеріне дөрекі сөйлегені, дауыс көтеріп, айқайлағаны анықталған. Жоспардан тыс жүргізілген тексеріс кезінде өтініште көрсетілген уәждерді нақтылау мақсатында кәсіпорын басшысы мен бір топ қызметкердің қатысуымен кездесу өткізген. Оның барысы аудиожазбаға жазылған. Алайда, кәсіпорын басшысы теріс қылық көрсетпегенін, қызметкерлерден заң аясында ғана жауапкершілік сұралғанын айтты.

– Мұндай қылық ешкімге абырой әкелмейді. Кәсіпорын басшылығының кәсібилігіне ешкім шүбә келтірмегенмен, кемшіліктер де бар. Санитарлық қауіпсіздік неге сақталмайды? Жалақы заңға сай төленсе, қызметкер де соған лайықты еңбек етуі керек. Бұл іске қатыс-ты тағы да тексеріс жүргізіледі, – деді Әдеп кеңесінің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*