Такси жүргізетін әйелге қоғам қалай қарайды?

Жолжазба Журналистік зерделеу Қоғам

Atr.kz/11 наурыз, 2019 жыл. Мен мамандығымды қалай өзгерттім?..

Әдетте, діттеген жеріңе жеткізер жүйткіген такси тізгінін ерлер ұстайды. Бұл – бізге үйреншікті жағдай. Алайда, қазір заман өзгерді емес пе?  Қызмет көрсету саласын жетік меңгерген нәзікжандардың да тәп-тәуір таксист болып жүргенін көріп  жүрміз. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тәуекелге бел буып, редакция тапсырмасымен бұл мамандықтың қыр-сырына үңілуге тура келді. Сонымен, қоғам таксист-әйелге қалай қарайды екен? 

Бәрінен бұрын бұл «тың тапсырма» отағасына ұнай қоймады. «Жұрт не дейді? Неге керек? Басқа адам болмады ма?» деп сұрақтың астына ала бастаған. Мен мұның журналистік тәжірибе екенін айтып түсіндірген соң ғана «темір тұлпарын» беруге келісті.

Сонымен, менің кезекті жұмыс күнім әдеттегідей «Атырау» редакциясынан емес, «Байзар» сауда орталығы маңындағы «нүктеден»                    басталды. Бірнеше күн бойы аспанды торлаған бұлт  сейіліп, жаңа «кәсібіме» сәттілік тілегендей арасынан күн шуағы жымыңдап қояды. Сағат тілі 9.00-ді көрсеткенде алкомаркет алдына тұра қалдым. Әшейінде қаздай тізіліп тұратын таксистердің бірі жоқ. Кейін білдім, мұндай уақытта олардың клиенті көбейеді, яғни, такси таңғы жетіден тоғызға дейін зор сұраныста.

Ал, тоғыздан кейін көбінесе жұмыстан кешігіп бара жатқандар ғана такси қызметіне жүгінеді. Бұл кезде қайнаған тірлік саябырсиды. Сөйтіп, жаңа кәсібімнің қыр-сырын іштей зерттеп отырғанымда бірінші клиентім де келе қалды. Үстімдегі «casual» стилім күмән туғызбаса керек, еш таңданбастан орта жастағы әйел Нұрсая ықшамауданына жеткізуімді өтінді. Бірнеше күн бойы қалада таксист болып жүрген достарымнан қызмет ақысын сұрап, біліп, зерттеп жүргенім әдірем қалды!

Алғашқы клиенттің «төрт жүз теңге!» дегеніне басымды изей салып,  көлікті оталдыра бас-тадым. Оның үстіне, қаланың орталығында айдын-күннің аманында адасып жүретін мен үшін оңай тапсырыстың тап болғанына қуанғаным шығар,  ұсынған сомаға келісе кеттім. Кейін «Байзардан» Нұрсаяға дейін – 500 теңге, ал, кешкі мезгілде 600-700 теңге екенін білгенде өкініп қалғаным да рас. 

Клиент әңгімешіл екен. Балаларын балабақшаға апарғаннан кейін жақын жандарына халықаралық әйелдер күніне сыйлық іздеуге сауда орталықтарын аралауға шығыпты. «Ерте тұрған әйелдің бірі ісі артық» демей ме? Әңгімелесушім жеңілдікпен сапалы, әрі бірнеше тауар алғанына разы. «Супермаркеттің өзінен тиімді бағамен біраз зат алдым» деп көрсетіп те қояды. Шіркін, сауда туралы сөз қозғағанды ұнатпайтын әйел заты бар ма?

Клиентімнің әңгімесіне менің де жаным кіре бастағаны сол-ақ еді, көше қиылысынан асып бара жатқанымды байқадым. Қайта бұрылуға тура келді. Жаңа кәсібіме түсіністік танытқан клиентім де жымия қарап, қызмет ақысын ұсынды. Көктем мерекесінің «сиқыры» осында шығар, алғашқы қатеме клиентім ренжіген де жоқ. Керісінше, жолаушыларымның көбеюіне сәттілік тілеп қоштасты.

Жаңа «жұмыс орныма» қайтып келе жатқанымда тағы бір жолаушы тоқтатып, «Тамаша» ойын-сауық орталығына апаруды сұрады. «Бұл менің жолымда ғой» деп, айтқан сомасына келісе кеттім. Несін жасырайын, күлімдеген күн шуағы, жолаушының тілегі менің де жанымды жылытып, көңіл-күйімді көтеріп тастады.

Содан кейін алғашқы қозғалған нүктеме қайта оралуға тура келді. Байқасам, таксистер қатары көбейіпті. Мені жай ғана тоқтаған көлік иесі деп ойлаған болуы керек, бастапқыда амандасқаныма аса мән бере қоймады. Соңынан білдім, олар клиент азаяды деп бейтаныс, жаңа қызмет ұсынушыны қатарға қосуға ынта білдірмейді екен. Кейін такси кезегін сұрастырғанда ғана бастарын изеп, соңғы көлік иесін нұсқады. Менімен әңгімелесуге аса қызығушылық танытпағанмен, пысықайлау біреуі маған жаны ашығандай кейіп танытып қояды.

«Қазір бәрі де қымбат қой, күнкөріс қамы болар, бала-шаға асырау оңай емес» деген зілдей әзілі намысыма тигенін қала жасырайын? Олармен қай тақырыпты да «шемішкедей шағатын» болып әзірленіп барғаныммен, әңгімеміз онша жараса қоймады. Алайда, «Айтпақшы, осы жылдан бастап такси жүргізушілері талон беруі керек дегенді жаңалықтардан естіп едім. Сол шын ба?» деп ортақ әңгімеге араласуға тырыстым.

Алғашында аңтарыла қарағандар қарқылдаған күлкіге басты. «Қарындас, сіз ол талаптармен жүретін болсаңыз, такси болып табыс таба алмайсыз. Салық төлеу, құжат толтыру секілді артық жұмыстары да көбейіп кетеді. Сондықтан, тоқтатып, тексерер болса, біз сияқты көлігіңде отырған клиентіңді ағайын етіп алуды үйрене бер» деп ақылдарын айтты.  

Абай есімді жігіт ағасының таксист болып жүргеніне үш жылдан астам уақыт өтіпті. Бұрын вахталық әдіспен қызмет еткен оның жұмыс ауқымы азайып, «ақысыз демалысқа» жіберіпті. Басқа мекемелерде жұмыс болғанмен, жалақысы мардымсыз. Бір шаңырақтың отағасы болғаннан кейін аз айлықты қол көрмей, таксист болуға бекініпті. Бір жағынан, кейбір мекемелердегі әділетсіздік пен басшының бейәдеп қылықтарынан әбден қажыған ол өз-өзіне жұмыс істеп, кәсіп ашуды ұйғарыпты. Әзірге бизнес бастауға қаражаты болмағандықтан, таксистік қызметті місе тұтып жүрген жайы бар.

– Елуді еңсеріп, біразға келдік, бірақ, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Жап-жас басшылар жекігенде қай жерге кіріп кетеріңді білмей қаласың. Ең алдымен, артымдағы үш балам да материалдық тұрғыдан бұрын рухани бай болса екен деймін. Солар ештеңеден тарықпас үшін таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін такси боламын. Арасында балаларымды мектепке апарып, үйден тамақтанып келемін. Әрине, такси тұрақты қызметім емес. Өз кәсібімді ашпақ ойым бар, нарықты әлі зерттеп жүрмін, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Тағы бір таксист қалжыңдап: «Әйел адамсың ғой, әзірлейтін түскі асың бар шығар, әзірге клиент болмайды, түс уақытында ғана көбейеді» деген кеңесін айтты. Енді бір көліктің ішінде жиналғандар бізге тіпті де мән берер емес. Байқасам, «алты қағазды» ермек етіп отырғандар – зейнеткерлікке шыққандар. Еш алаңсыз. Ойынның қызған шағында кезектері келе қалса келесісіне клиентін «бере салатын» көрінеді. Жұмысқа денсаулығы жарап тұрғасын қосымша табыс көзінен бас тартпаған. Екіншіден, бос уақытын осылай өткізгенді жөн көреді.

Бұл жерден қозғалып кету үшін де біраз уақыт қажет екенін бағамдаған соң, «жүрген аяққа жөргем ілінер» деген үмітпен Авангард жаққа бет алдым. Тұрғындар қалашығына 300 теңге, Авангардтың 3-ші ауданынан 4-ші ауданға 300 теңге ұсынған жолаушыларды тегін жеткізіп, үлкен әжей мен жас балалы келіншектен алғыс алып, тапқан аз-мұз тиын-тебеніме разы болған кейіппен үйге қарай жол тарттым. Жарты күн жүрсем де, шаршағанымды байқадым. Таксист болудың да қиындығы зор екенін өз басымнан өткердім. Көрдім, байқадым, көкейге біраз ой түйіп қайттым. Тапқан табысыма жолай жанармай құюды да ұмытпадым. Қалтамдағы 800 теңгеге небары 4-5 литр бензин келеді екен. Шаш-етектен табысқа кенелмесем де, таңсық мамандыққа бір табан жақындатқан жұмысыма қарай асықтым.

Р.S: Иә, таксистік кәсіптен табыс тауып жүрген қыз-келіншектер арамызда аз емес. Олар бұл қызметінен еш жасқанбайды. Тіпті, бірнеше жыл бойы көлік жүргізіп, кәсіби маманға айналған.  Осының барлығын ой елегінен өткізіп, материал әзірлеуге кірісе бастағанымда таксист досымның: «қазір көбі «яндекс таксидің» қызметіне жүгінеді ғой, мобильдік қосымшамен тапсырыс бойынша жұмыс істейсің. Ыңғайлы әрі тиімді. Соған неге қосылып алмайсың?» деген әзілі тағы бір ойлантып тастады. Енді «индрайвермен» жұмыс істеп көрсем бе екен, ә?..

Айбөпе Сабырова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *