ТАЙСОЙҒАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Зымыран жарылған  жер

Жалпы, Тайсойған тақырыбы талай жылдан бері айтылып келе жатыр. Бұл өңір ресми құжаттарда №929 ұшу-сынақ  орталығы аталады. Яғни, орталықтағы әскери базалардан атылған зымырандардың осында құлауы көзделген. Мәскеулік басшылар кең байтақ кеңес жерінен ұлтарақтай жер таппағандай қазақтың даласына көзін сүзіпті. Рас, мызғымастай көрінген кеңестік кезең құрдымға кетіп, әр республика өз басын сағалаған шақта Тайсойғанмен де біраз уақытқа дейін ешкімнің ісі болмады. Зымырандар да атылуын тоқтатты. Сынақ алаңы сол кезде-ақ өзімізге қайтуы ықтимал еді. Бірақ, 1995 жылы ресейліктер бұл жерді қайта сұрап алды. Сол жылғы 20 қаңтарда жасалған шартқа сәйкес Тайсойған көрші елге ұзақ мерзімге жалға берілді.

Бұл – анау-мынау емес, 749 мың 582 гектарлық жер. Күллі Қызылқоға ауданы территориясының үштен бір бөлігі. Егер ежелден малды мекен саналған өңір төрт түлікті түгел өргізіп отырғандығын ескерсек, мал шаруашылығына қаншалықты зиян келтірілгенін түйсінер едік. Мамандар оның есебін де шығарып қойыпты. Яғни, полигон аймағында 664346 га жайылымдық және 456 гектар шабындық жер бар. Осыншама алқаптан төрт түлік үшін мол мал азығы дайындалмас па?

Ауыл еңбеккерлеріне қатысты жайды «қара алтын» өндірушілер де бастан кешіп отыр. Өйткені, Тайсойғанда шүйгін шөп өссе, астында да зор байлық бар. Онда мұнайдың мол қоры жатыр. Отандық мұнайшылардың айтуынша, полигон территориясында келешегінен үлкен үміт күттіретін Қоңдыбай мен Уаз кен орындары табылған. «Ембімұнайгаз» мекемесін Мақсым Ізбасов басқарып тұрған шақта олардан «қара алтын» алу да ұйымдастырылған. Бұл кеніштер қазір де өнім беріп тұр. Әйтсе де, аталмыш кен орындары полигонның шетін ғана қамтиды. Сондықтан, мамандардың болжамынша, әрі қарай бұрғылау жұмыстары жүргізілсе, қайтарымы қазіргіден де көбірек болар еді. Бірақ, бұған әзірге әскерилер рұқсат берер емес.

Сонымен қатар, құрылғанына он жылдан асқан «Мәтен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өндірістік қуатына шыға алмай отыр. Өйткені, оған тиесілі мұнай өндіретін 2518,3 га жердің 1172 гектары полигон территориясына еніп кеткен. Өзіне бекітілген кен орнына толық иелік ете алмаған «мәтендіктер» де мәселенің тез шешілуін қалайды.

Міне, зымыран жарылған жердің біз үшін қаншалықты қымбатқа түсіп отырғандығын осыдан-ақ байқауға болады. Қазір сол зымырандардың қоршаған ортаға нендей залал келтіргенін зерттейтін де кез келді. Өйткені, олар атом бомбасы болмағанымен, стратегиялық қару ретінде зиянды заттармен жарақтандырылуы да ықтимал. Оның үстіне, жарылыс салдарынан шұрқ тесілген жерге енді қанша уақыттан кейін шөп шығады? Жалпы, бұл жерге өсімдік өсер ме екен? Әлде өлі жер болып қалар ма? Ресейліктер оны өзімізге қайтарғанда қалпына келтіру шараларын жүргізе ме? Әй, қайдам. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те бұл жөнінде еш нәрсе айтпады. Соған қарағанда жерімізді қайтарып алғанымызға ғана қанағат тұтатын тәріздіміз. 

Біз  неден  ұтылдық?

Әрине, кеңестік кезеңде Мәскеу басшылығы ешкіммен ақылдасқан жоқ. «Айттым бітті, кестім үзілді» дегендей, шешімін жеке шығаратын. Оның бер жағында Ресеймен жасалған шарт та Қазақстан үшін аса тиімді емес. Мәселен, сонау 1996 жылғы қарашада қол қойылған келісімге орай ресейліктер полигонды жалға алғаны үшін жылына 4,454 млн. АҚШ долларын төлейді. Мұны өзіміздің теңгеге шаққанда шамамен 650-700 миллионның шамасы. Ал, жерінің жартысы полигон территориясында қалып, бар қуатында жұмыс жасай алмай отырған «Мәтен» бірлескен кәсіпорны қазірдің өзінде бюджетке 4-6 млрд. теңге қаржы аударады. Егер осы компания сынақ алаңына кіріп кеткен жеріне толық ие болып, мол мұнай өндірсе, бюджеттік түсім де бүгінгіден еселеп артар еді. Міне, біздің бір ұтылысымыз осы.

Жалпы, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, Тайсойғандағы кен орындарын жан-жақты зерттеу аумақ экономикасына қосымша инвестиция тартуға септігін тигізбек. Өндірістік және азаматтық құрылыстың өркендеуіне, жол салынуына, сервистік қызметтің қалыптасуына, энергетиканың дамуына, мұнай-газ саласы төңірегіне шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының шоғырлануына жол ашылмақ. Бұл ауылдағы бизнес иелеріне де тиімді болар еді.

Мамандардың есептеуінше, егер полигонға кіріп кеткен жерді кейін қайтарса, онда кем дегенде елу, тіпті одан да көп жаңа шаруа қожалығын ұйымдастыруға болады. Қызылқоға ауданы бойынша қазіргі дайындалып жүрген мал азығына қосымша 25 мың тонна пішен шабуға мүмкіндік туады. Өңірдегі қой санын 30 мыңға, мүйізді ірі қара мен жылқының әрқайсысын он мыңға көбейтуге жағдай жасалмақ. Ақырында, осының бәрі жүзеге асса, қосымша жылына екі мың тонна ет пен бір мың тонна сүт өндірілмек. Мұның бәрі мол байлық емес пе? Аумақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған зор үлес болар еді ғой. Міне, бұл да – біздің ұтылысымыз.

Қолдағы құжаттарға қарағанда, Тайсойған селолық округінің территориясы түгелімен полигон аумағында қалған. Соның салдарынан бүгінде осындағы 130 үйдің тұрғыны жер телімдеріне мемлекеттік акт алмаған. Алғысы келмейді емес, рұқсат жоқ. Әскерилер тыйым салған. Оның үстіне, 118 үйдің бұған дейін жер телімдеріне алынған мемлекеттік актілері де заңсыз саналады. Сайып келгенде, үй тұрғызылған, құрылыс жүргізілген, бірақ жерінің құжаттары жоқ. Округ тұрғындары өздерінің жеке үйлері мен құрылыстарын рәсімдеу мүмкіндігінен айырылған.

Бұрынғы қыстақтарда тұратын 36 ауыл азаматы да үйлері мен жерлерінің мемлекеттік актілерін ала алмай, өз елінде өгейлік көріп отыр. Тіпті олардың бірнеше жылдан бері шаруа қожалықтарын құру мүмкіндігі жоқ. Ал, сегіз шаруа қожалығына мемлекеттік акт берілмеген. Қолдарында заңды құжаттары болмағандықтан, тұрғындар ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты жеңілдетілген несие мен субсидия, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан лизингтік тәсілмен техникалар, мемлекет тарапынан өзге де қолдауларға ие бола алмайды.

Жалпы, кезінде Ақжар селосындағы ресейлік ИП-85 әскери бөлімінің біраз бөлігі жергілікті шағын бизнес нысандарына берілген-ді. Кәсіпкерлердің қолында жер телімдері мен мұнда жұмыс жасауға рұқсат беретін атқарушы билік ұсынған барлық құжаттары да бар. Бірақ, бәрібір Ресей жағы кез келген шаруаны жүргізуге тыйым салып отыр. Жайық жағасының шұрайлы жерлерін пайдалана алмағандар ренішін де жасырмайды. Соның салдарынан кейде екі жақтың арасында кикілжің де орын алған. Осыған ұқсас жағдай іргелес Индер ауданының Сарымайшағыл селосындағы 24 тұрғынға да қатысты туындап отыр. Турасын айтқанда, кәсібін жүргізе алмаған шаруашылықтар тарап та жатыр. Бұл да біздің ұтылысымыз емес пе? 

Сынақ  салдары қандай?

Рас, Тайсойған полигонында сонау 2000 жылдан бері ешқандай сынақ жүргізілген жоқ.

Жалпы, Тайсойғанға қатысты Атырауда өткен кеңесте ресейлік ИП-85 әскери бөлімінің командирі А.Зимин алдағы шаруаларына қазіргі 749 мың га жердің орнына небәрі 1250 гектардың да жеткілікті екендігін айтқан. Ресейліктер Атырау қаласының іргесіндегі Ақжар елді мекеніндегі полигон қызметі үшін берілген 256 га жерді 27,8 гектарға дейін кемітуге де даяр.

Сонау 1974 жылы Гурьевте болған қайғылы оқиға көнекөздердің әлі жадында. Оны облыстық әкімдікте өткен бір басқосуда еңбек ардагері Есен Тасқынбаев көптің есіне салған-ды. Орталықтағы әскери базалардың бірінен ұшырылған зымыран бағытынан ауытқып, қаланың шетіндегі екі үйдің үстіне түскен. Қос отбасының тоғыз мүшесі қас қағым сәтте көз жұмған. Кейін әскерилер қатесін мойындағанымен, қыршынынан қиылған ғұмырды кім қайтарады?

Академик Мұфтах Диаровтың айтуынша, полигон зардабы әлі толық зерттелген жоқ. Рас, сонау жылы Санкт-Петербургтан ғалымдар келген. Содан кейін ешкім ат ізін салмады. Зымыран жарылғанда одан зиянды заттар төңірекке тарауы мүмкін екендігін ескерсек, оның зардабы да әзір сейілмейді. Қазір көнекөз қарттардың көбі өмірден өтті, енді жастардың жайын ойлаған жөн.

Семей полигонында қырық жыл бойы сынақ жұмыстары жүргізілгенде барлығы 1,5 млн. адам зардап шегіпті. Ал, Тайсойғанда ше? Сынақ салдарынан түрлі дертке шалдыққан, мүгедек болған, айықпас ауруға ұшыраған, ақырында өмірден ерте өткен адамдардың тізімі бар ма?

 

Түйін

Сонымен, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, таяуда  полигон территориясының 90 пайызға жуығы Қазақстанға қайтарылады. Талай жыл жыр болған маңызды мәселенің түйіні осылай тарқатылады. Бұл – қызылқоғалықтардан сүйінші сұрайтындай жағымды жаңалық.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*