Тайсойғанға тұңғыш рет әкім келді…

  Қызылқоға ауданы – облыстың ең шалғай ауданы, жолы ауырлау. Содан болар, ауданның аты аталса кейбіреулер ат-тонын ала қашады. Ал, маусымның ортасында жұмыс сапарымен ауданға келген облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Қызылқоға өңірі жөніндегі көпшіліктің пікірін өзгерткендей болды.

  Бұл жерде де егін егіп, өндіріс ашуға болатынын көзімен көрді. Айта кету керек, соңғы 10-15 жыл көлемінде облыс басшысының ауыл-селоларды көлікпен аралап жүруі – біздің өңірде кездеспеген оқиға. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» деген бар, биыл облыстың басшысы ауысқан кезде көптен су көрмеген Ойыл өзені тасып, аудан елді мекендерінде мал да, жан да мәре-сәре болып қуанды. Суалып қалған Жарыпшыққан арнасы да шөлін қандырып, «қақпақты қара қазан» – Тайсойған құмының ажары кіріп, неше түрлі шөптің иісі тынысыңды кеңейтіп, ауаны тазартты. «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» болатыны түсінікті ғой. Нұрлан Асқарұлының аудандарға шыққанда түгелге жуық елді мекендерді аралап, ондағы халықтың жеке мәселелеріне де көңіл бөлуі жұрттың жанына жақсы әсер қалдырды. Әр ауылдың жағдайын білмесе, басшының ісі жүрмейтіні анық. Өзім 40 жылдан астам уақыт мемлекеттік басқару саласында қызмет атқарғанда көптеген басшыны көрдім, талай адаммен дастархандас та болдым. Бірақ, олардың көбі, қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қараудан әріге оза алмайтын еді. Ал, бұл жолы Н.Ноғаев облыс орталығынан 250, Миялыдан 125 шақырым жердегі Қарабау ауылына келіп, ауылдың тұрмысын өз көзімен көрді. Тіпті, Қарабаудан 20 км жерден мәңгілік тыныс тапқан әйгілі Бөкен бидің басына зиярат етті, құран бағыштады. Сосын жуырда ғана Ресейдің әскери сынақ мерзімі тоқтатылып, өз жеріне өзі ие болған құм арасындағы Тайсойған селосына барып көрді.

  Қызылқоғалықтар үшін Тайсойған селосына тарихта тұңғыш рет қадам басқан облыс басшысы – бұл Нұрлан Ноғаев болды. Қасиетті Қызылқоға өңірінің биылғы жайнап тұрған көркіне марқайып жүрген аудан халқын Нұрлан Асқарұлының сапары тіптен әуелетіп жібергендей болды. «Көргені жақсы көш бастар» дегеннің өзі осы болса керек. Бұл мақаланы небір дүлдүлдер дүниеге келген Қызылқоға топырағының шынайы ризашылығы, әсіресе, қатар жатқан Қарабау мен Тайсойған ауылдарының ақ адал көңілі деп қабылдаған жөн. Құмды дала, құтты мекенде өз бетімен күнкөріс еткен қалың бұқараның Елбасына деген көңілі кіршіксіз. Себебі, халық тиісті бағдарламалар арқылы тұрмысын жақсартып келеді. Әр үйде табиғи газ жанып, ауыз су сарқырап келіп тұр. Қарапайым қалың бұқара үшін жақсылықтың бұдан асқаны болмас деп ойлаймын. Аудан халқы атынан облыс басшысына «ойлағаныңыз орындалсын» деген ағалық тілегімді жолдаймын.

Шапиғолла Қонысбаев,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы,

Қарабау селосы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*