ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – ӨЗІМІЗДІ ҚОРҒАУ

ҚР Президенттігіне кандидат кездесуге келушілерге өз сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, оның негізгі бағыты – экология мәселесі жайында баяндап берді.

«Экология мәселесі ХХІ ғасырда өте өзекті болып отыр. Табиғат өзара байланысты бірнеше циклдан тұрады. Соңғы 100-150 жылда адамның өндірістік тұрмыс-тіршілігінен туындаған жағымсыз экологиялық ахуал қазіргі уақытта адамның өзіне, денсаулығы мен өміріне зиянын тигізіп отыр. Қазіргі уақыттағы экологиялық проблема кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі мәселесіне айналуы тиіс. Күн тәртібінде – өскелең ұрпақ үшін жердің экожүйесін аман сақтап, аманат ету», – деп бастады баяндамасын кандидат Әбілғазы Құсайынов.

Одан әрі ол шешімін күттірмейтін жаһандық экологиялық мәселелердің бірқатарын атап өтті. Басты проблема – Жердің ауа кеңістігінің ластануы. Жер бетіндегі барлық тіршілік иесінің өмірі, ең алдымен, ауаның ластану деңгейіне тәуелді. Ал, ауа бассейнінің ахуалы күннен-күнге нашарлап барады. Сонымен қатар, ормандарды жаппай шабу мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Ол ғаламшардың өкпесі іспеттес. Адамның күнделікті іс-әрекетінен орман шабу қарқыны апаттық деңгейге жетті. Енді оны қалпына келтіру үшін он жылдың, тіпті жүз жылдың өзі аз. Жыл сайын Жер бетінен 13 млн га орман жойылады. Соның кесірінен құстардың әрбір төртінші түрі және қосмекенділердің әрбір үшінші түрі жойылып кетуге шақ тұр. Сондай-ақ, жердің құнарлы қыртысының жыл сайын жұқаруы да атап өткен мәселемен тікелей байланысты. Оған жел эрозиясынан бөлек, ауыл шаруашылығында химиялық тыңайтқыштар мен пистицидтерді мөлшерден тыс пайдалану себеп болып отыр.

Ауыз су қорының азаюы да – адамзат үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл үрдіс су бассейнінің өнеркәсіптік қалдықтармен ластанып, орман алқаптарының күрт азаюымен байланысты. Ауыз су тапшылығы болашақта үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Жануарлар ортасын қырып-жою кез келген қоғам үшін үлкен сын, әрі ауыртпалық. Адамның қоршаған ортаға келтірген зияны Жер шарының жануарлар әлеміне де салқынын тигізіп отыр. Аңдардың бірнеше түрі Жер жүзінен жоғалып кетуге жақын тұр, кейбірі, тіпті, соңғы 50-70 жылдың ішінде жойылып кеткен. «Ұрпағымыз жансыз, сөніп бара жатқан ғаламшарға ие болып қалсын демесек, өзіміз мекендейтін биосфераны аман алып қалу үшін нақты әрекеттерге баратын кез жетті», – деген өз азаматтық ұстанымын танытты Ә.Құсайынов.

Кандидаттың Атырау облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Садыржан Жекенов экология туралы жаңа түсінік қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

* * *

ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Атырау қаласының жұртшылығымен кездесті.

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов атыраулықтарды экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

«ХІХ-ХХ ғасырлардағы әлемдік өнеркәсіптік революция салдарынан жағымсыз экологиялық орта қалыптасты. ХХІ ғасыр адамдары сол жолды жалғастыратын болса, оның соңы үлкен техногендік апатқа ұшыратуы мүмкін. Табиғат өмірге әкелген адам оның өзге де тірі жандары тәрізді экожүйенің ажырамас бөлігі ретінде тәртібіне көніп, заңдарына бағынды», – деді Ә.Құсайынов.

«Үшінші мыңжылдықта экологиялық қауіпсіз дамуға көшу арқылы ел экономикасын ілгерілетудің жаңа үлгісін жасап шығу біздің ортақ міндетімізге айналуы тиіс. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның Жер бетіндегі өмірінің негізгі қағидасы. Өткеннің ұлы ойшылдары айтып кеткендей, табиғатты тек оның заңдарына бағына отырып билеуге болады. Біз Жер-ананың жауы емес, перзенті екенін естен шығармайық», – деп қорытты Әбілғазы Құсайынов.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*