ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Маңызды құжатта көлік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту,шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылу мен сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар межеленген.

Атқарылатын жұмыстың қатарында қоршаған ортаны қорғау, ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, денсаулығын жақсарту   мәселесі тұр.

Экологияға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте азайтып, оған балама көздерін табу қазір қолға алыну үстінде.

Президентіміз аталған мәселелерді дүниежүзілік деңгейге көтеріп, «EXPO-2017» Бүкіл-әлемдік көрмесін ұйымдастыруы осыған дәлел.

Облысымызда табиғатты таза сақтау бойынша «Жасыл экономика» жобалары жасалып, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Күн нұрынан қуат өндіру, жел энергетикасын пайдалану қолданысқа енуде.

Облысымыз экономикасы мұнай-газ өндірісіне тәуелді болғандықтан негізгі экологиялық мәселелер де осы өндіріс әсерінен туындап отыр. Тұрғындар денсаулығына мейлінше зиян келтіретін өндіріс орындары мен басқа да ластау көздерін анықтау және осыған орай қоршаған ортаны, атмосфералық ауа, су ортасын және жер ресурстарын үнемі бақылауда ұстап отыру мақсатында қоршаған орта сапасын зерттеу жұмыстары жүргізіліп, «онлайн» режимінде атмосфералық ауа сапасы туралы сигнал беруші тоғыз станса  көрсеткіштері тәулік бойы зерттелуде. 

Қала, аудан орталықтары мен селолық округтерінде қарапайым дәрежеде ұйымдастырылған  полигондар мен иесіз қоқыс үйінділері  көбейіп келетіні өкінішті. Үкімет тарапынан осы мәселе терең зерделеніп, зерттеліп республикада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу қолға алынды. Қатты тұрмыстық қалдықтар секторын модернизациялау бағдарламасына сәйкес Махамбет ауданының Алмалы ауылдық округі аумағынан Атырау қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен  қайта өңдеу кешені үшін 50 га жер учаскесі бөлініп,  оның жұмыс жобасы жасақталды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында жобаны концессиялық тұрғыдағы жоба ретінде қарастыруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, жергілікті бюджет қаражаты есебінен әр аудан орталықтары және облыстың шалғай орналасқан елді мекендерін қамтитын 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. 

Бүгінгі таңда су тапшылығы барлық аумақта сезіліп, Президентіміз халыққа Жолдауында нақты осы мәсәлеге ерекше назар аударып отыр.

Осы мәселені шешу үшін, барлық жерге су үнемдейтін технологияларды қолдану, өнеркәсіптік және тұрмыстық қолданыста судың жұмсалуын төмендету, қайта пайдалану, табиғи су қоймаларының ластануын жол бермеу ұсынылады. Облыс орталығында және аудандарда жасыл желек аумағын  көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстарға өңірдегі ірі табиғат пайдаланушылар да тартылуда, атап айтқанда, «Ембі-мұнайгаз» акционерлік қоғамы Атырау-Индер тас жолы, НКОК компаниясы  Атырау-Доссор- Карабатан тас жолын бойлай   орман жолағын және «Теңізшевройл» ЖШС «Тұрғын үй қалашығы» мөлтекауданынан жанұялық саябақ құрылысын салуды жоспарлауда.  

Елді мекендерді құм көшкінінен қорғау жұмыстары Исатай ауданының Исатай селосында басталып, алдағы жылы Жылыой ауданының Майкөмген селосында қолға алынатын болады. Ең бастысы, әрбір Қазақстан азаматы қазіргі таңда   айналасындағы жағдайға өзі жауапты екенін сезінуі тиіс. Егер біз Қазақстанды ұрпақ үшін сақтап қалғымыз келсе, еліміздің өсуі мен өркендеуі туралы ойлайтын болсақ, әрқайсысымыз өзіміздің санамызды,  қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Болашақ ұрпақ қамы бізді осыған міндеттейді.

 

Алимухаммед ҚҰТТҰМҰРАТ-ҰЛЫ,

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат

пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*