ТАҒДЫР

 

 Шымылдық сырғып жәймен ашылып, сахнадан музыканың екпінімен ұйысқан жалбыр шаштарын әрлі-берлі сілке лақтырып, жыны қозған бақсыдай селкілдеп, еліре билеген жастар тобы көрінді. Еркегінен ес, ұрғашысынан ұят кеткен жабайы тобыр. Бұларды елірткен не нәрсе? Жастық желік пе? Жоқ, бұл нашақорлар ұйығы боп шықты. Қырғыздық актерлар бұл көріністі нанымды жеткізе білді. Кейін режиссерден білгеніміздей, олар нашақорлардың образын сомдау үшін арнайы мамандардан кеңес алып, бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп көріпті.

 Драмада нашақорлар тобына қосылған Жалқытай деген жігіт туралы баяндалады. Есірткіге тәуелділік ең соңында оның жолын түрмемен түйістіреді. Мерзімін өтеп, дәм-тұз тартып, туған үйдің табалдырығын аттаған сәтінде ата-анасының келмес сапарға аттанғанын естиді. Қаңырап бос қалған қара шаңырақта жаны құлазып отырған сәтінде үйге оның сүйген қызы келеді. Есірткі есін алған шақтарда ол бұл қызды да жадынан өшірген болатын. Оның жанына ерген баланың өзінің ұлы екені белгілі болады. Бірақ, баласы анасының айтуымен әкесін тірілердің тізімінен шығарып тастапты. Қойылым соңында Жалқытай анасымен бірге кетіп бара жатқан баланың соңынан қолын созып, «Ұлым» деп жер бауырлап жатып жылайды.

«Бұл туындының сахнадан жиі бой көрсетуінің себебі, нашақорлық – қазіргі қоғамның өзекті мәселесі. Біздің театрда бұл қойылымды екінші буын ойнап жатыр. Яғни, егде тартқан аға буын рөлдерін жас актерларға табыстады. Осы драманы қойып, Қырғызстанды түгелдей дерлік аралап шықтық. Елге жеткен шығарма.

Бұл шығармада сценарий авторы нашақорлықтың салдары орны толмас өкінішке апарып соқтыратынын ескертіп, жастарды осы жолдан сақтандырады. Осы драманы халықаралық фестивальге таңдап алудағы мақсат – есірткінің жолын кесуге өз тарапымыздан үлес қосу, жастарды жаман әдеттен жирендіру» – дейді қойылым режиссері, Қырғыстанның еңбек сіңірген әртісі Эгемберди Бекболиев.

Бас кейіпкер Жалқытай рөлінде ойнаған жас актер Жеңиш Сманов нашақордың образын сәтті сомдап шықты. Ағзасы есірткінің бір тамшысына зар болып қиналған тұста оның талықсып құлайтын сәті бар. Одан әрі безгек тигендей қалшылдап, екі аяғын бауырына тығып, бүктетіліп жатқан сәтінде оның актер екенін ұмытып кетесің. «Байғұс бала қор болды-ау» деп оған аяушылықпен қарайсың. Кәсіби шеберлік деген осы шығар.

Бұл туынды жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» деген пьесасының негізінде қойылған. Қырғыздар «Тағдыр» деп атын өзгертіпті. Қырғызстанда он жылдан бері қойылып келеді. Өміршең туынды. Бір таңғаларлық жайт, осы сапарда Атырау сахнасында 500-інші қойылымы өтіп отыр.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*