Тағдыр

Тағдыр

Пішеншілер бригадасы қоныс аударуға әзірленіп жатыр. Трактористер өзді-өзді абыр-сабыр.

Екі-үш аспаз бен бірнеше жігіт киіз үйді жалаңаштаумен әуре.

Тек бригадир Мұрат қана анда-санда айғайлап, әмір беріп қойып ыңырсып әндетіп жүр:

– Сұлу қыз, келіншектерге тынышсыздаумын,

Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ… – деп осы екі жолды бір ізбен  айналған пластинка инесіндей қырылдап, ешбір жалықпастан қайталай береді.

Жұмагүлдің тракторының тұрып
қалғанына екі-үш күн болған-ды. Бригадир совхоз орталығына кеткеннен бері бір апта жоғалып, бүгін келе салысымен басқа шабындыққа көшуге бұйрық берді. Тракторды өзі жөндеп қатарға қосуға керекті бөлшек таппағасын қыз бригадирдің келуін күтіп жүрген еді. Дәл қазір шарасыз халде. Жұрттың бәрі көш қамында. Бұл қайтпек? Осыны байқаған бригадир:

– Жұмагүл, – деді әлгі сөзіне ыңылдауын араластыра жүріп, – ана әкелген темірлердің ішінен керегіңді тауып ал. Күн алабұртып, бұзылғалы тұр ма, қалай… Ертерек жөндеп, жүргізу керек сенің тракторыңды. Машинаға үй тиеліп жа­тыр, әйтпесе тиеп алып кетуге де болар еді… Бірақ, бәрібір жөндей бер.. Ал, кіріс…

– Ағай, біреуге тіркеп апарып, сол жерден жөндесек қайтеді? – деді Жұмагүл көпшіліктен қалмауды жөн көріп.

Мұрат аяқ-астынан тас-талқан болды:

– Тіркеп! Осы тіркелініп жүргенің жетпей ме сенің? Құдайдың құтты күні тракторыңның бір дұрыс жүретін күні жоқ. «Бұзық, бұзылып қалды!». Сендей аяғына шаң түскендермен алысқа бара алмаспыз біз. Қазір радиаторды түсіріп, головканы аш!

Жұмагүл тракторды бұтарлап, бөлшектеуге кірісті. Көштің алды қозғалып кеткелі біраз болды. Қыздың қасына тершіген маңдайына шашы жалбырай түсіп, ентелеп жүгіріп Ерболат келді. Екі қолы май-май, жүзінде жалыныш бар.

– Қане, көмектесейін бе? Кешір, үлгергенім осы болды, Жұмаш. Менің де тракторым ептеп сыр білдіріп…

Қыз жауап қатқанша болған жоқ, манағы қырылдақ айқай қайта шықты:

– Әй, сен Жайлаубайдың жүгірмегі, жөніңе тарт, жолың анау. Мұнда тракторға жауап беретін, жөндейтін бригадир – механик мен бармын. Сен өзің мені танисың ба?

Ерболат қызға екі саусағын ерніне тигізіп, «сүю» белгісін көрсетті де, «бір пәлеге қалармын» дегендей, өз тракторына қарай бет алды.

Жұрттың бәрі көтеріле көшіп кеткенде ескі жұртта бұлар бригадир екеуі қалды.

Аспан әлемі ажарынан айырылып,
солтүстік беткей қарауытып келеді.

Сәлден соң құйындата жел тұрды.  Жұрттың соңында қалған бригадир екеуі  тракторды тез-тез жауып, анадайда аспазшының оны-мұны сақтауға арнаған жер күркесі бар еді, солай қарай жүгірді. Лашық іші таза, бір-екі кісіге жетерлік орыны да бар. Бұлар ішке кіре бергенде сатыр­лап жаңбыр да құйып кетті.

Кішкене отырғаннан кейін Мұрат:

– Ұзақ жауар ма екен, ә? – деп манағы ашуы басылғанын танытқандай болды.

– Қатты басталды ғой, көп ұзаққа бармас… – деп қыз да күміс даусымен сыңғыр етті.

– Қайдам, бұлт тым қалың, қайырып жауып оқсатпаса жа­рар еді… Тамақ та алып қалмаппыз. Мұндайын білгенде трак­торды сен айтқандай, сүйретіп кеткеніміз жөн-ақ еді…

– Ә, солай ма екен, – деп іштей мырс етті Жұмагүл, – «ақымақ бас аяққа тыныштық тапқызбас».

Бірақ, ойы солай болғанмен, үні басқаша шықты:

– Мен су боп кетпей тұрғанда шөп-шалам, ағаш-мағаш теріп келейінші. Жарық қылып от жақсақ та… Сізде спешкі (сіріңкені Атырауда осылай атайды) бар ма еді?

– Бар, – деп барқ етті бригадир. Жұмагүлдің кекесін күлкісін танып қалғандай.

Жұмагүл тез қайта оралып, су ағаштарды «сорықсын» деген оймен қабырғаға сүйей салды да, өзі төменгі жаққа отыра кетті. Мұрат ұйықтаған кісідей көзін жұмып, мүлгіп қалыпты. Су комбинезонын шешіп, сығып отырып Жұмагүл де жайбарақат ой теңізіне шомды.

Ол кейбіреулер айтатындай, трактористікті «армандап, жүрек қалауымен» келген жоқ. Бұған себепші жалғыз Ербо­лат. Былтырғы көктем ай еді. 11-ші  класты бітіргелі жүрген өзімен бірге оқитын Жақыпбек бұған бір хат әкеліп берді.

– Мынаны саған Ерболат беріп жіберді.

– Ерболатың кім?

– Е, анау балалар сеансынан қалмай келіп, саған қарай беретін әдемі жігіт ше?

– Әдемің де өзіңе, хатың да өзіңе, әйдә, қайқай, – деп қуып шыққан еді-ау бұл сонда.

Кластасымен көпке дейін үндеспей, көпке дейін оған өкпелеп, тіпті жау санап жүрді. Адам деген қызық-ау өзі… Адам кейде өзіне тура қонар бақ пен бақытты да осылайша байқаусыз үркітіп алуы мүмкін-ау… Сондайда мынауың оң, мынауың теріс деп құлаққа сыбырлап тұратын періште бол­са…

Жұмагүл өз ойына өзі жымиып күліп қойды.

Сөйтсе де, Жақыпбек кеткесін хатты ашып оқыды… Бірақ, Ерболатпен мұның жақсы танысуы дәл оқу бітіп, кани­кул басталған күн. Оқуды жақсы аяқтаған Жұмагүл тым қуанышты болатын. Қырда мал бағып отырған әке-шешесіне тез жетуге асыққан көңіл оны колхоз кеңсесіне алып келді. Сол маңнан ауылына қарай жүретін  көлік қарамақ. Қарсы алдынан Ерболат кездесіп қалды.

– Сәлеметсіз бе, Жұмагүл.

– Сәлематсыз…

– Ауылға барғалы жүрсіз бе?

– Иә, – деп ұялып әрең жауап қатқан қыз жүзі оттай жанып, теріс айналды. Бір мезет жүгіріп кеңсеге кіріп кеткісі келіп еді, ішкі сезім «қой, ұят болар кетпе» дегендей болды.

– Мен дәл қазір сіздің ауылдың арғы жағындағы Келес қыстағына құрылыс материалдарын апарғалы тұрмын. (Оны­сы әдейі Жұмагүлмен тілдесіп қалуға жасаған қулығы екенін Ерболат кейін айтқан. Сол жолы құрылыс материалдарын мерзімінен кешіктіріп апарғаны үшін Ерболат совхоз бастықтарынан сөгіс алған-ды) Отыруыңызды өтінемін. Тракторым судай жаңа, май жұқпайды, – деп әзілдей күлген Ерболат қызды екі сөзге келтірмей кабинаға мінгізіп алды.

Сол ұзақ жол екі жасты бір-біріне
жақын таныстырып, мәңгі айырылмастай сезімде қалдырған. Сол ұзақ жол Жұмагүлді тракторшы болуға жетектеген еді..

Бригадир үйелмендей боп орнынан әрең көтерілді де, сыртқа шығып кетті.

– Ойбай, мына күн манағыдан да нашарлап кетіпті ғой, атасына лағынет. Әлгі шофер оралып келе алмас енді, қараңғы түсіп кетті. Бұл маңайдың жері жаман, трактордан басқа ешнәрсе келе алмайды-ау, қап, – деп сөйлей кірген Мұрат  Жұмагүл әкелген шырпыларды тұтатуға кірісті.

Қыз ойын қайта жалғастырды.

– Жұмагүл, сіз тракторшы болсаңыз екеуміз өмір бойы бірге жүрер едік, – деген еді сонда Ерболат:

– Оқуды қайтем?

– Кейін оқуға да бірге барар едік…

Сүйген жүрек өзіне ең қымбатты осы бір адамның алғашқы бір тілегін қалайда орындауға бекінді.

Әлде бұл жастықтың бірбеткейлігі
ме… Осы бір-ақ ауыз сөз үшін тракторист болғанын естісе құрбылары «ақымақ екенсің» дер ме еді, кім білсін.

Содан мектепке оралмады. Екі жаз бойы Ерболат екеуі бірге. Құрбылары қазір оныншы бітіргелі жүр. Ал, бұл еңбек етіп, ақша тауып, тіпті жігіт те сүйіп үлгерді. Бақытты емес деп кім айтады Жұмагүлді. Ерболаттың бір ауыз жылы сөзі мен жарқын көзқарасының өзі неге тұрады! Анау сабақты да дұрыс оқи алмайтын Әлисапар осының бірін сезер ме? Мұрнына исі барар ма десейші…

Қыз бұл жолы өзінің «сыңқ» етіп күлгенін байқамай қалды.

– Неге күлдің, Жұмагүл, жай ма? – деді бригадир жалт бұрылып.

– Жәй, аға. Бірнәрселер есіме түсіп…

– Айта отыр, ендеше. Уақыт өтсін.

– Айтуға болмайды, аға.

– А-а… – аңырап қалған бригадирдің жалпақ беті әнтек жы­быр ете түсті.

Жанарынан әлдебір жарамсыз ойдың ұшқыны жылт еткендей болды. Елуді еңсеріп, он шақты баланың әкесі болған Мұратта әйел адамға жылы сезім, сый-құрмет деген ешуақытта болған емес. Әйелді адам деп, онымен пікірлесу Мұратқа жат қасиет. Қазір де осынысына бағып:

– Ал, шешін, Жұмагүл, жатайық. Болса да қараңғылық түсіп кетті. Бүгін кете алмаспыз енді, – деді ол бұйрықты үнмен.

Қыз жүрегі дір ете түсті. «Мына кісі қалай сөйлейді өзі, менің шешінген-шешінбегенімде не жұмысы бар?» – деп ой­лады да, сосын: – Қой, әкемдей кісі туралы жаман ойлағаным ұят. Өйтпесек қыз болармыз ба?» – деген пиғылмен жүзін жылытты. Манадан от тұтатып, бұдан көзін алмай отырған бригадир де қыз жүзіндегі жақсы шырайды көріп, көңілі енді жайланғандай қара жерге қисая кетті. Жұмагүл жатар-жатпа­сын білмеді. Жатса тек Мұратпен қатар жатуы керек, әйтпесе басқаша реті жоқ. Әлде таңға дейін осылай отырып ұйықтап шықса ма? Ыңғайсыз ғой, ағай басқаша ойлап қалса, ертесіне сол ыңғайсыз. Шынында, бұл неден қысылады? Өзінің ағасы емес пе, бригадирі… «Жатайын».

Бригадир бір сәт орнынан жайлап тұрды да, оттың қалғанын сөндіріп, қоламтасын топырақпен көміп тастады. Сырт тас түнек. Жаңбыр әлі сабалап тұр.

– Қане, шешіндің бе, Жұмагүл?

– Не дейсіз, аға?

Жұмагүл жатқан орнынан тез көтеріліп отырды.

– Шешіндің бе  деймін.

– Оны неғыласыз?

Дауысы әрі қатқыл, әрі қорқынышты дірілмен шықты.

Қараңғылық ішінен екі арбиған арсыз қол келіп қыздың кеудесіне жабысты.

– Жіберіңіз! Әкемдей болып, көргенсіз…

– Көргенсізді әлі көресің!

Салалы да, күшті саусақтар алқымынан алғанда қыз дыбыс шығара алмай шалқасынан құлай берді…

Жұмагүл таңертең ғана ес жина-
ды. Әуелі мең-зең боп қайда жатқанын айыра алмады. Ашылып-шашылып қалған өз денесіне көзі түскенде егіліп жылап қоя берді. Қыз сол отырғаннан талтүсте трактор дауысы дүр ете түскенде басын көтерді. Өткен күн, кешегі бақыт көз алдында кино лентасын­дай тізбектелді. Не істеу керек!? Мына бақытсыздықтан қалай құтылмақ? Өзін-өзі өлтірсе ме? Олай болмағанда Ерболаттың бетін өлмей тірі қалай көреді? Сұмдық… сұмдық! Әлде мынау бұзақы, бетсіз шал Мұраттан кек алуы керек пе? Солай… Ол мұны осында әдейілеп оңаша алып қалған екен ғой… Тек қана солай… солай.

Анадайдан үйге беттеген Мұраттың сұлбасы көрінді.

Қыз әп-сәтте қанын ішіне тартып, атылатын жыландай ба­сын тік көтеріп алды. Миы «солай, солай, солай…» деген бір-ақ сөзді қайталап тұрғандай солқ-солқ етеді. Жұмагүл айна­ласына қарап, бұрышта жатқан кеспелтек жуан темірді алды да, артына тыға қойды.

Күркешікке алпамсадай денесімен әрең сиятын Мұрат қазір де ебедейсіз еңкейе кіріп, ештеңе көрмегендей екі бүктетіле келіп отырды. Сөйтті де өз-өзінен селкілдей кеп күлді:

– Ағашқа отын болу, қызға қатын болу құдай ісі, Жұма… – дей бергенде көк желкесінен әлдене сарт ете қалды. Мұрат енді қайта тілге келместен, көзі аларып, бір жамбасына ауып түсті.

Жұмагүл күні бойы талығып отырғанын ұмытып, жаңа ғана Мұрат бригадир жөндеп қыздырып қойған тракторға тұра жүгірді… «Қалсын солай, қаңғырып… Отыз шақырымға жаяу жету  қалай болар екен? Бір-ақ ұрғаным неткенім, кішкене төмпештей түсу керек еді, есінен тандырып итті…»

Дүрілдеп  тұрған тракторға секіріп мініп, айдап жүре берген Жұмагүл тек қана осы ойда болып, тіпті қай бағытқа кетіп бара жатқанын аңғармады. Ол енді бригадир Мұраттың бұ дүниелік еместігінен де бейхабар еді. Трактордың педалін аяусыз басып, шоқалақ, ой-қырға қарамастан аңыратып келеді.

Алдан машина көрінді. Жұмагүл кісі бетін көруге жүзі шыдамай бұра тартты. Аздан соң бригадирдің машинасын айдайтын Оспанның айқайы естілді:

– Әй, қыз, қағынды соқты ма сені, тоқта!

Тракторшы тыңдай қоймады.

– Ей, сен жынданған шығарсың, тоқтат деймін тракторды!

Жақындап келген Оспан қыздың бет-әлпетінен оның шы­нында да сау емес екенін біліп, машинасын жүре сөндіріп, ка­бинадан секіре түсті де, трактордың артына жармасты. Әрең деп жүріп қыздың қасына жеткен Оспан тракторды бірден сөндіре салды.

– Оспан… – деп өкіріп қоя берді қыз.

– Не, не болды, Жұмагүл? Мұрекең қайда?

– Ол, ол… Мен…

– Иә, айтсайшы енді, ұрысты ма саған. Ол шал да, әйтеуір… Өзі қайда?

– Күркеде қалды.

Қыз бұдан әрі ештеңе айтуға шама-
сы келмей, екі көзге ерік берді. Бір пәленің болғанын іші сезген Оспан Мұратты онша-мұнша жамандыққа қимай да тұр.

…Жаңа қоныс Жұмагүл үшін қайырлы болмады. Ешкімге тіл қатпай, киіз үйге келіп бүк түсіп жатып алған қызды кешкісін екі милиция аудан орталығына алып кетті…

Қойшығұл  Жылқышиев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*