Тәуелсіздікпен құрдас гимназия

Еліміз Тәуелсіздігін енді алып жатқанда, Атырау қаласында бұрынғыдан бөлекше білім ордасының негізі қаланған болатын. Ол бүгінде ширек ғасырда қол жеткен табыстарын баршаға үлгі етіп отырған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған техникалық мектеп еді. Білім ұясы атыраулықтарға «СТГ» атауымен жақсы таныс. Осынау мерейлі сәтте біз де гимназия директоры, «Құрмет» орденінің иегері София Әлібаевамен сұхбат өрбіткенбіз.

%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d0%b8%d0%bc

– Тәуелсіздіктің алғашқы ұрпағын білім шуағымен нұрландырған мектептің негізі қалай қаланған еді?

– Бұл жаңа ғасырға, технологиялық заманға, өркениетті қоғамға, озық мәдениетке бетбұрыс жасалған кез болатын. Мұнайлы мекенде шет тілді, соның ішінде халықаралық ағылшын тілін жетік білетін жергілікті мамандарға сұраныс пайда болды. Себебі, шетелден енді келіп, қазыналы өлкеге көз қиығын сала бастаған инвесторлардың тілін білу қажеттігі туды. Осыдан келіп, сол кезде өзім еңбек етіп жүрген қалалық білім бөлімінің басшысы Кенжеш Есмұханов пен облыстық  білім беру басқармасының басшысы Жайлы Өмірбекова Атырау қаласында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған техникалық мектеп ашу  жөнінде алғаш ұсыныс жасады. Көп ұзамай бұл сұраныс та толығымен қанағаттандырылды. Сөйтіп, халық депутаттары қалалық кеңесінің атқару комитеті 1991 жылғы 23 қаңтарда тиісті шешім қабылдады. Бұл өте батыл әрі ұтымды шешім болды.

– Неге бұлай ойлайсыз?

– Өйткені, осы шешімнің негізінде қазір өзіңіз куә болып отырған республикадағы үздік білім ұяларының бірі негізін қалады. Осы шешім қабылданбағанда, мұндай мектептің болар-болмасы екіталай еді ғой.

– София Ғинаятқызы, білім ұясының алғашқы басшысы кім болды?

– Тұңғыш директор болып Калинин атындағы мектептің физика пәні мұғалімі Ғалымжан Сүйінбаев тағайындалды. Бірінші болып ашылып жатқан техникалық мектептің тұсауын кесіп, оған жетекшілік жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Әйтсе де, мол білім-білігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған Ғалымжан Бисенұлы бұл тапсырманы толық  орындады.

Расымен де, оның сол жылдарда атқарған еңбегі өлшеусіз. Ол әріптестерімен қалай қоян-қолтық араласса, дәл солай шәкірттерінің де тілін таба білді. Дұрысы, өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған нағыз ұстаздықтың үлгісі осы болар, сірә. Облыста педагогика мен білім берудің инновациялық әдісін алғаш болып қолдап, дамытқан да – осы кісі. Есесіне, ол мұғалімдер мен оқушыларды былай қойғанда, ата-аналардың, қала берді барша Атырау жұртшылығының ыстық ықыласы мен ізгі ілтипатына бөленді.

Оқу ісі меңгерушілігіне облысқа белгілі ұстаз Тамара Қаражігітова тағайындалды. Сол сияқты, қалалық білім бөлімінің басшысы болған Кенжес Есмұханұлы, орынбасары Михаил Михайлович, әдістемелік кабинет меңгерушісі Дариға Досымқызы сол кездің өзінде ұлағатты ұстаздар ұжымын қалыптастыра білді. Сол ұжымда еселі еңбек еткен жоғары санатты мұғалімдер – Э.Попова, Е.Шин, Ж.Фазылова қазір арамызда болмаса да, жарқын бейнелері мен тәлім-тағылымы – өшпес естелік, мәңгілік мұра. Қазір зейнеткерлікке шыққан О.Пастухова, Л.Бахарева, Т.Васильева, Р.Мұратоллаева, К.Құспановалар болса, өскелең ұрпақ алдында ақылдарын аямайды.

Ал, ширек ғасырдың жартысына жуық уақыттан бері оқу орнына мен басшылық етіп келемін. Кешегі аға буын дәстүрін білім берудің заманауи әдіс-тәсілдерімен жалғастырған Б.Садықова, Г.Иманғалиева, Л.Шахшаева, С.Ысмағұлова, Р.Жақыпова, К.Бекберова, Э.Захарьяева, М.Хайрулина және басқалары зор еңбек сіңіріп келеді.

– Бір қарағанда, қатардағы мектеп қалайша «техникалық гимназия» мәртебесіне ие болды екен?» деген сауал туады. 

– Өте орынды. Мектеп Атырау облысы әкімінің 1996 жылғы 19 маусымдағы №207 шешімімен  ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектеп болып қайта құрылды. Осы жылдар  ішінде педагогикалық ұжым оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруда айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Өзіңіз айтқандай, қарапайым мектептен гимназияға өтуімізге оны 1997-2002 жылдары басқарған аға ұстаз, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Тағылым» жекеменшік мектебінің директоры Рулана Исенғұлованың қосқан үлесі зор. Ол оқу орнының атын бүкіл республикаға танытты.

– Енді гимназияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз.

– Қазір мұнда 54 сыныпта барлығы 1518 оқушы білім алады. Шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, бі-  рыңғай ұлттық тестілеуде, ғылыми жобалар байқауы мен спорттық сайыстарда талай топ жарып келеді. Бұл – бір мектепке шоғырланған жоғары санатты мұғалімдердің еңбегінің ортақ жемісі. Олардың  қатарында гимназия директорының орынбасарлары А.Есмұханова, А.Көненова, Г.Төлекова, Г.Қадірәлиева, Ж.Иманғалиева, Э.Исмұханова, жоғары санатты мұғалімдер Г.Әбілова, З.Файзулина, Р.Дәулетиярова, Ж.Ғалиева, Б.Мұқашева, Е.Сармина, О.Яблокова, З.Симбирцева және басқалары  бар. Осы ретте арнайы құрылған ата-аналар қауымдастығының да еңбегін атамай кетуге болмас.

– Сонымен, жетістіктің сыры неде?

– Бүгінгі қол жеткен табыстар кешегі қиын кезеңде ел алдына қойылған үлкен талаптың арқасында келді деп санаймын. Біздің ұжым да сол талап үдесінен шыға білді. Екіншіден, гимназияның материалдық базасын нығайтуда үлкен қолдау көрсетіп отырған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа, Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновке айтар алғысымыз шексіз. Заман талабына сай оқу бөлмелері ашылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды.

Үшіншіден, әркез мектебімізге демеушілік танытып жүретін «НКОК», «ТШО» компанияларының көмегі де зор. Төртіншіден, осы «алтын ұядан» түлеп ұшқан жастардың өздері білім нәрімен сусындатқан ұстаздарын жерге қаратпай, гимназия мақтанышына айналды. Еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Демек, төгілген терді ақтап, жасалған жұмыстың нақты нәтижесін көрсететін түлектердің білім сапасы мен білік көрсеткіші – жоғары.

– Гимназия түлектері демекші, олар қазір қайда жүр?

– Жиырма бес жыл ішінде гимназиядан білім алған түлектер еліміздің ғана емес, шалғай шет елдердегі, атап айтқанда, Англия, Америка, Франция, ТМД аумағы елдерінің жоғарғы оқу орындарына түсіп, білімдерін жетілдірді. Сөйтіп, бәсекеге қабілетті білімді жастар ел экономикасын одан әрі дамытуда. Сайып келгенде, егемен еліміз биіктерге қол созып, қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп отыр. Ынтымағы жарасқан еңселі ел мерейі арта берсін!

Амандық Абдол

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*