Тәуелсіздік сәулеткері

Бұл дүниедегі барша жұрттың ойлайтыны – басына бақ, тыныш әлем, туған жұртына тәуелсіздік. Бірақ, тәуелсіздік атаулы қай халыққа да оңайлықпен келген жоқ. Осы тәуел-сіздік жолында қандастарымыз өткен 750 жыл ішінде 500-ге жуық көтеріліске шықса, оның үш жүздейі ойрат, құба қалмақтары мен көршілес Ресей империясы отаршылдарына қарсы әр пұшпақ жері үшін еліне теңдік сұрап, қолына қару алыпты.

%d0%b5%d0%bb-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b5-%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

Бұл дүниеде тегін ештеңе жоқ. Тәуелсіздік таңында барды бажайлап, жоғымызды түгендеп, қол жеткенді баянды етуіміз керек. Ол үшін әр күн сайын келешекке бағдар, кейінгіге салдар жасап, өзгеден үйреніп, өзіміздікін түгендеп отырған дұрыс. Осы орайда бүгінгі қазақстандық тәуелсіздіктің иесі де, киесі де әлем мойындаған айтулы кемеңгер – Нұрсұлтан Назарбаев деп орынды мақтан етер едік. Олай деудің жөні де бар. Өйткені, қай ел қашаннан бері тәуелсіздік деп жар салып, теңдік үшін тер төксе де бір кездегі он бес одақтас республиканың басын құраған КСРО (СССР) шаңырағы шарт сынып, керегесі ыдырағанда бәрі де «отарлаудан құтылып, оңаша ел болдық» деп бөріктерін аспанға атты. Бірақ, «Дәуір алмасып жатқанда дәуренді өмір бола алмас» деп ұлы күншығыс елінің бір данышпаны айтқанындай, әлгілердің қай-қайсысына да дүрия заман бола қоймады. Себебі адам бойындағы алпыс екі тамырдың қалыпты жұмыс істеуі бір-бірімен қандай байланыста болса, бірден керемет ғұмыр кешудің қандай ма бір сабақтастығы өзара ұштасып  жатқан КСРО-да тәуелсіздік алған бір елдің екіншісінен енші алып, бөлек кету мүмкіндігі тіпті де жоқ еді. Мәселен, Қазақстан шикізат өндірсе, ол Украинада түйме болып, қалыпқа түсіп, РСФСР-да тесіліп, Өзбекстанда тұтынушы игі-лігіне асатын. Енді келіп, тәуелсіздік ал-ған әр ел бір-бірінен байланысын үзіп, жеке-дара өмір сүру мүмкіндігіне көшті. Міне, осы кезде  әлгі айтқан әр дана түйме көзден бұл-бұл ұшып, бір килә шай бір тоқтының басын жұтты.

Осындай қым-қуыт шақта (1991 жылдың 1 желтоқсанынан бастап) ел тізгінін қолға алған Н.Назарбаев нағыз дағда-рысты көзімен көріп, қолымен ұстады. Бұл бір қарағанда, тек қара қой, ақ таяғының өзіне зауал төнген Қазақстан ғана емес, күллі тәуелсіз елдер достастығы, қала берді әлемді жайлаған дағдарыс еді. Ал, ондай кезде адамдары босып, әйелдері ала дорба арқалап, ақты қараға ауыстырып, оны қалаға апарып, ас қылған кезеңде халықты аузына қаратып, бірлікке, сабырлылыққа шақыру кез келген басшының қолынан келе бермейтіні анық болатын. Өйткені, қиюы қашқан тірліктің бірлігі, алдымен елдің әл-ауқаты, күнделікті қарекеті, қызме-тіне сай алатын еңбекақысы, еңбекақыға сай тиесілі ішіп-жемі, киіміне де байланысты. Әрине, бір-бірімен сабақтаспайтын ештеңе жоқ, әйтсе де сол сабақтастықтың өзі қабыспай жатса қайтерсің. Кешегі күрлеп тұрған фабрика-зауыттар шикізат, электр қуаты, басқа да жетіспеушіліктерге орай тұрып қалды. Техника атаулыға жанармай жетіспеді. Колхоз-совхоздардың малдары бармақ басындай тетікке ауыстырылып кете барды. Ақыры ауыл қаңырап, шаруашылықтар төрт түлігі, қара ормандай техникасынан айырылды. Дүкен сөрелері бос қалып, көкөніс-бақша өнімдерінің өзі өзге мемлекеттерден тасылды.

Міне, осынау ер етікпен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ел алдына шықты.

«…Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені «ұлым» деп, «перзентім» деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйырт-қан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп әуелгі сөзін әлеуметке арнап, арқасын Алатауына, туған халыққа тіреді. Үлкен іске бекінді. Содан соң алдында ауыр да қиын жол тұрғанын біле тұра, «мен сендердің төбелеріңнен алтын жаудырам деп уәде бермеймін, бұдан да қиын кезеңді бастан кешерміз» деп басу айтты. Әйтсе де арда ұлының бұл сөзіне елі сенді, керек жерінде қолтығынан демеді, алғы күндерге асыққан ардың аппақ арғымағына отырғызды. Ақ нәрсе әрдайым алдамайды. Ескі қоғам құлап, жаңа қоғамның керегесін керіп, уығын тіктеген Қазақстан «күнелтіс қиын, пұлымыз тапшы» деп отырып алмай, бұрынғы өзгеге үлестіріл-ген бар шикізатты енді өз ішімізде өңдеп, туған жұртының игілігіне айналдырудың бар мүмкін шарасы қолға алынды. Осы орайда бұған дейін барын игеріп, сорғаны Самараға асып, тек тамшысы ғана өз жерінде өңделетін Атыраудың көмірсутегісіне күн туды. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыттар «Теңізіңді бірлесе игеріп, екі жарты бір бүтін түрінде байлығыңды барша жұртқа жеткізейік» деп еді, одан әрі Қарашығанақ, Қашаған, маңғаз Маңғыстау мен жапандағы Жаңажол, Қызылорданың Құмкөлі құпияларын ашты, қызуы мен қызығын елге берді, еншілестер көбейді, ол туған елге байлық болып қайта оралды. Сөйтіп, Кеңес кезін-де көзге ілінбейтін Қазақстан мұнайы қазірде бүкіл әлемде бесінші орында байлық бастауы болып есептелуде. Сайып келгенде, Жер-Ана бізге мұнай берді, мұнай беріп еді, елімізге шырай кірді. Ол – қазірде республика экономикасының күретамыры.

Оның мұндай биікке көтеріліп, ел игілігіне айналуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі мол. Ол сонау тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстанда өнім бере бастаған әрбір алаң, ұңғының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ел ырысына айналуына күш салуда.

Ол рас, Атырау өңірінің Қазақстанда алғаш болып «қара алтын» кенін игере бастағанына ғасырдан асты. Бірақ, оның игілігін көріп, елдің байлығы, ердің айбыны атанғаны осы Тәуелсіздік жылдарында ғана. Әйтпесе, сол мұнай өндірген ауылын былай қойғанда, астанасының өзі сорлы көше, сортаң жол, сұрықсыз үйлерімен көзге ұратын. Керек десеңіз, қаланы қақ жарған жалғыз даңғылында жапырағы жасарған мәуелі терек, миуалы көгі жоқ-ты. Ал, қазір ше? Жеті қабатты жеті-сегіз үйді жерұйыққа балап жүргенде 20 қабатты әйнек үйдің төбесінен жұлдыздар жамырасқанын қайтерсіз. Қаланы қойып, ауылдағы әр үйге «көгілдір отын», таза ауыз су жетті. Ауыл мен ауыл, қала арасы ғана емес, аула арасына асфальт жол түсті.

Жайық үстіндегі жалғыз көпірге кептеліп тұратын автокөлік қазір қаланың қай бағытына бет алса да бес көпірден көктей өтіп, құстай ұшады. Бұрынғы орталықта ғана орналасқан жалғыз дүкен, бірер-жар қонақ үй, мейрамханалар алдыңды бөгеп, аузыңды аштырады. Сайып келгенде, бұл кешегі инвестиция, бүгінгі кәсіпкерлік пен инновация – мұнайлы өлкенің шырайлы өркені, Елбасының дана саясаты, дара басшылығының жемісі.

Республикада экономика өсті, қоғам дамыды, ел байыды. Ол жалғыз ғана мұнайдың, болмаса газдың әкелген қайырымы емес, астық өндіруде ала-бөтен табысқа жеттік. Әсіресе, биылғы жетістікке сөз жетпейді. Күріш пен мақта, ауыр индустрия, металлургиядағы жетістігіміз қаншама?! Ауыл шаруашылығымыз жылдан-жылға дамып келеді. Қазір оған ерекше назар аударылуда.

Қоғам жетілуде, соның бір көрінісі – адамдардың әл-ауқаты жақсарды. Жыл сайын републикада қанша мың адамға жаңа үй беріліп, ғажайып ғимараттар іске қосылып жатыр. Оны он төрт облыстың қай қаласы, ауыл-селосынан да көруге болар еді. Бар-жоғы 15-20 жылда омырауына гүл қадап, Есілдің екі жағына лағыл боп өрілген Астананы қайда қоярсыз?! Ол атына сай заты да астананың алқасы емес пе? Бас сәулетшісі өзі болып есептелетін бұл қала – Нұрсұлтан Әбішұлының зор еңбегі. Қазір онда әлемнің әр шалғайынан ат басын тіреген аймаңдай ақылгөйлер бас қосып, таңдай қағады, таласа мақтайды, тамаша сөз арнайды. Олардың ішінде ондаған елдің, сондай-ақ діни ұйымдардың басшылары да бар. Бәрін бірдей санамалап, саусақ бүгіп шығу мүмкін емес. Бірақ, барды бар, ақты ақ деп айту – парызымыз.

Қазақстан сонау тоқсаныншы жылдардағы дағдарыстан аман шықты, осы күндері өтіп жатқан әлемдік күйзеліс-терді ауырсынбай атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, республика қиын сәттерді өткеріп, экономикалық-әлеуметтік өсу үстінде. Рухани даму даралығымен қызықтырады. Бұл орайда Елбасының өзі ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясы, 2020 жылға дейінгі меже, кезең-кезеңдік «Мәдени мұра» бағдарламаларының орны зор. «100 мектеп, 100 аурухана», «Бес реформа: 100 нақты қадам» деп жыл сайын ондаған нысанды қатар-ға қосып, талай-талай емдеу мекемелерінің есігін аштық. «Жол картасы» көмегімен көптеген мәдениет мекемелерін, балабақшаны жөндеуден өткіздік. Тоқсаныншы жылдардың опындырған ойранында оңтайланып, жекешеленген ғимараттар қайтадан оралды. Халықаралық «Болашақ» стипендиясымен түрлі шетелдерде оқып, елге елеулі білімімен оралып, әлгі айт-қан денсаулық сақтау, оқу-білім жүйе-сіне жаңалықтар әкеліп, жақсылықтар енгізіп жатқан ұл-қыздарымызды қайда қоямыз. Осылардың өзі-ақ қазіргі таңда ғаламшар халқына тыныштық таңын тілеп, «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіру стратегиясын» ұстанып отырған және өткен уақытта ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаған, БҰҰ мінбесінде сөз алған Тәуелсіз Қазақстан, оның ғасырда біртуар ғажайып ұлы Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер дара басшылығының бағдар, беделінің жемісі деп түсінуіміз керек.

Кейінгі кезде заман ағымын жанымен түсініп, тарих көшін талмай зерттеген, өзге әріптестер жетістігін жүрегінен өткізіп, оны туған халқының данагөй даралары ақылымен сүзгілейтін Нұрсұлтан Әбішұлы туралы мәнді сөздер жиі айтылуда. Ол алтынға қызыққан алаяқтың, асқа тойған месқарынның көз алдаған жылтырақ жылымшы ойы емес, кешегі кеңес қобдиында көзге көрінбей, қолға ілінбей отарлық шылауында, құлдық бұғауында жүрген Қазақ елінің дана да дара қайраткері Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанға жеткен жария ісі, әлем мойындаған табанды кемеңгер десе, қалың жұрт көшбасшы, көптеген ел қажымас қайраткер деп бағалайды. Ол – Ұлы даланың бүгінгі мұрагері, Мәңгілік елдің мызғымас сәулетшісі. Есімізге Күлтегін жазбаларындағы:

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қара терімді төктім,

Қып-қызыл қанымды жүгірттім,

Түркі елі үшін, – деген жолдар түседі.

Бұл біз үшін күллі түркі елінің, Алты Алаштың айбары мен қорғаны, мақтанышы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да өмір бойғы кредосы, арман-мұраты, ісі сияқты болып көрінеді.

Лайымда есейген еліміздің еңселі ері, ел таныған Қазақстанның – Ұлы даланың қаһарман халқы аман болсын! Жақсылық жолдас, үкілі үміті серік боп, әлемнің көш басынан көрінейік! Сонда Н.Назарбаев армандаған туған халқының тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдегі озық елдер қатарында болу мақсаты да орындалар!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 Суретте Қазақстан

Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салтанатты түрде

ант беруі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*