ТҰТЫНУШЫ ТАЛАБЫ – ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТ

 

Сапалы қызмет – Саналы көзқарас жемісі

– Эльмира Аманкелдіқызы, сіз жетекшілік етіп отырған мекеме – тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас жасайтын құрылым. Сондықтан, арыз-шағымдарды да алдымен сіздер естисіздер.

– Расында да, біздің қызметкерлеріміз жұртшылықпен бетпе-бет байланыс жасайды. Сонау жылдары реніш те көп болатын. Халық үйлерінде жарығы өшіп қалса да, жылуы толық берілмесе де, барлық өкпесін бізге жайып салатын. Бүгінде ондай оралымсыздықтар күрт қысқарды. Төлемін де уақытында өтеп  отырады. Өйткені, қызмет  сапасының анағұрлым жақсарғанын  өздері  де  көріп  отыр. Ешқандай реніштің реті жоқ. Бұл жетістігіміз – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп отырғанымыздың жемісі. Ал, ол – өз кезегінде қызметімізге саналы көзқарасымыздың нәтижесі. Міне, біздің бәрімізден «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов осыны талап етіп отыр. Мекеменің басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін қойылатын талап біреу ғана. Ол – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп, олардың көңілін табу.  Ең бастысы – соңғы жылдары электр мен жылу энергияларын өндіретін және тарататын кәсіпорындар инвестициялық бағдарламалар қабылдап, жабдықтарын жақсартып, қондырғыларын ауыстырды. Соның нәтижесінде өндіріс ошақтарының қуаты артып, энергетикалық сұраныстар толық өтелуде.

Міне, құрылған кезінен бастап бүгінге дейін біз осы ұстанымды бағдаршамдай  басты  бағытымызға айналдырдық. Соның нәтижесінде қаржылық-шаруашылық қызметіміз де тұрақты, экономикамызда да оң динамика қалыптасқан. Қазір облыстың барлық аудандары мен Атырау қаласындағы 14 учаскеде 126 мыңнан астам жеке тұрғындарды және алты мыңнан аса заңды тұлғаларды электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеміз.

 Серіктестік менеджменті кәсіпорынның жетістігі көбіне электр  энергиясын сатып алу  саласындағы кәсіби жұмыспен айқындалатындығын жақсы түсінеді. Бүгінде компанияның активтері электр энергиясын көтерме бағамен отандық өндірушілерден ғана емес, сонымен қатар жүйеден тыс көздерден де сатып алуға мүмкіндік береді.

Жас та дарынды мамандардан жақсы команда жасақтадық. Олар өздеріне қандай жауапкершілік жүктеліп отырғандығын  терең түсінеді. Оның үстіне, тұтынушыларымызға электр энергиясы үшін төлемдердің әртүрлі мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Яғни, компаниямен есептесудің барынша шапшаң жүзеге асуын көздеудеміз.

Сараланған тариф – үнемділік кепілі

– Бүгінде Мемлекет басшысының өзі үнем мәселесіне жете назар аударып отыр.

– Елбасының келешекте арзан коммуналдық қызмет болмайтындығын ашық айтуы – өмірдің өзі ұсынып отырған заңдылық. Бұл – нарық талабы. Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар да өз өнімдерін шығару үшін біраз күш пен қаражат жұмсайды. Ал, оларды тұтынушыға тым арзанға ұсынсақ, шығынға белшемізден батпаймыз ба? Бұл ысырап немен өтелмек? Егер экономикалық тұрғыдан тұраласақ, жүздеген қызметкерлеріміздің жалақысын қалай төлейміз? Өзіміз қалай дамимыз?

Әйтсе де, тарифті тым өсіріп, тұтынушыны тығырыққа тіреу де жараспайды. Міне, осы орайда екіжақты тиімді шешім – үнемділік. Әр тұрғын өзінің отбасылық бюджетін сақтауға ұмтылғысы келсе, коммуналдық қызметті барынша тиімді пайдаланғаны жөн.

Бұл бағыттағы қайтарымды шара ретінде 2009 жылдың 1 желтоқсанынан бастап облыста электр энергиясы үшін қолданылып келген бірегей тарифке балама ретінде сараланған тариф жүйесі енгізілді. Содан бері тұтынушылар сараланған тарифпен төлем жасайды. Ал, халыққа одан әрі тиімді болуы үшін 2012 жылғы 1 сәуірден бастап екі деңгейлік сараланған тариф үш деңгейлікке көшірілді. Қазір осы жүйе қолданылып келеді.

Турасын айту керек, мұндай тәсіл тұтынушылардың электр энергиясын барынша үнемдеуіне жол ашады. Әсіресе, халықтың аз қамтылған бөлігі тұтыну шеңберінде ең төменгі тарифпен ақы төлеу мүмкіндігіне ие болады. Бір сөзбен айтқанда, әр тұтынушы үнем мәселесін алға шығарады. Расында да, кейбір үйлерде тал түсте текке жанып тұрған шамдарды көріп жүрген жоқпыз ба? Немесе теледидарды қосып қойып, өздері далада жүретін тұрғындар бар. Соның бәрі босқа жұмсалып жатқан шығын емес пе?

Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы – енді пәтер иелері бірге тұратын адамдарды жасыра алмайды. Бұрын бір үйде он шақты адам болғанымен, солардың екі-үшеуі ғана тіркеулі еді ғой. Енді сараланған тарифтің талабы – электр энергиясының әр адамға өлшенуі. Демек, тұрғындар саны қаншалықты  көп  болса,  тұтынылған электр энергиясы да солардың бәріне тең бөлінеді.

Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңының 19-бабының 3-тармағына сәйкес заңды тұлғалар да тұтынылған электр энергиясы үшін тәулік зоналары бойынша сараланған тарифтермен төлем жүргізуге міндетті. Оның тәртіптері кезінде бұқаралық ақпарат  құралдарында  жарияланған. Сәл ғана қайталап өткенде, түнгі мезгілдегі тарифтің тым төмендігін айтқым келеді. Демек, тәулік бойы қызмет істейтін  бизнес  құрылымдары мен ірі  кәсіпорындарға көп жеңілдік туғызылып отыр. Егер осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаса, онда мекеме жетекшілерінің өз ісіне салғырттығы деген жөн. Алайда, қазіргі талдау көрсетіп отырғанындай, көптеген өндіріс ошақтарының басшылары уақыттың өзі ұсынып отырған осындай тиімділікке сергектік танытып жүр.

Қорыта айтқанда, сараланған тарифтерді енгізу – электр энергиясын үнемдеу бағытында ел бойынша жүзеге асырылып жатқан жүйелі шаралардың бірі.

Төлем төлеудің тиімді тәсілі

– Бүгінде тұтынушыларға төлем төлеудің тиімді тәсілі жүзеге асырылып жатыр. Соны кеңірек түсіндіріп бересіз бе?

– Бұл жағымды жаңалық – қазіргі заманауи технологияның жарқын жемісі. Яғни, 2011 жылдың сәуірінен бастап Атырау қаласы абоненттерінен қалталы дербес компьютерлерді  (ҚДК) пайдалану арқылы электр энергиясының көрсеткіштерін түсіру бағдарламасы енгізіле бастады. Бір қарағанда, ол сенсорлы экранды ұялы телефонға да ұқсайды. Ал, оның қандай құрал екендігін қазіргі көзі қарақты жандар жақсы біледі.

Осы ҚДК жабдығымен облыс орталығындағы қызмет көрсететін барлық бақылаушылар қамтамасыз етілген. Онда бақылаушы үшін дербес тапсырманы қашықтан алуға және компанияның серверіне мәліметтер жолдауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама орнатылған. Дербес тапсырма абоненттердің орталық мәліметтер базасынан шығарылады, яғни абонент пен есептеуіштің көрсеткіші туралы ақпараттан тұрады. Көрсеткішті түсіру барысында бақылаушы оларды қағаз жүзінде емес, тура ҚДК-не енгізеді. Одан барлық мәліметтер біздің орталық сервер мен бағдарламаға келіп түседі.

Жаңа жүйенің жетістігі мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Бағдарлама ҚДК-не енгізу сатысында, яғни бақылаушы электр есептеуішінің алдында тұрған мезгілде оның нақтылығын бірнеше  талап  бойынша  тексеруге  септігін тигізеді. Демек, көрсеткіш нақты талаптарға сәйкес келген жағдайда бағдарлама қуаттаманы фото түрінде сұратады. Бұл жағдайда бақылаушы есептеуіш таблосын ірі түсіріліммен суретке түсіреді. Аталған шара алдымен абоненттерді көрсеткіштерді қайталап түсіру үшін мазаламауға, күмәнді көрсеткіштерді растауға немесе тексеру үшін қажет.   

Сонымен, ҚДК пайдалану абоненттердің электр энергиясын тұтыну туралы уақтылы толық және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Биыл осы тиімді тәсілді «АтырауЭнергосату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің барлық аудандық учаскелерінде енгізу қолға алынуда.

Есептей білмеген еселеп ұтылады

– Электр энергиясына қатысты қолданысқа енгізілген тағы бір жүйе – оны коммерциялық есепке алу. Осы жаңалық жөнінде де кеңірек айтып берсеңіз.

–  Жоғарыда айтқанымдай, қазір республикада электр энергиясын барынша үнемдеуге жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Осы орайда өткен жылғы 13 шілдеде «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін көтеру туралы» Заң қабылданды. Ал, энергия үнемдеуге әсер ететін факторлардың бірі – электр энергиясын есепке алудың нақтылығы мен жеделдігі. Ал, ол – бүгінде электр энергиясын тарататын мекемелер үшін де, оны тұтынатын тұтынушыларға да аса өзекті мәселе. Міне, сондықтан, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (ЭКЕАЖ)  құру қажеттігі туындады.

Жалпы, ЭКЕАЖ құрудың негізгі мақсаты – электр энергиясын беру мен тарату кезінде оның шығындарын нақты анықтау. Соны өмірімізге енгізу арқылы электр энергиясын үнемдеу саясатын іске асыруға бағытталған шаралардың бірі жүзеге асырылады.

Қазір облыста осы әдісті енгізу белсенді жүріп жатыр. Оны жүзеге асыруда басты міндет біздің мекемеге жүктелген. Тұрмыстық деңгейдегі ЭКЕАЖ енгізу жобасын жүзеге асыру жеке тұлғаларда орнатылған есепке алу аспаптарын жаңа заманауи отандық «АСПАН Қазақстан DDZ 1513» типті көп функционалды есептеуіштерге қайтарымсыз ауыстыруды көздейді.

Ал, бұл есептеуіштің ерекшеліктері қандай? Оның ЭКЕАЖ пайдалану үшін құрастырылған PLC-моделі арқылы мәліметтерді сақтайтын энергияға тәуелсіз еске ұстау қабілеті, нақты уақыт таймері, ноутбук көмегімен ақпаратты есептейтін оптопорты, тәулік зоналары бойынша және бір айға тұтыну лимитімен есепке алу мүмкіндігі бар. Одан басқа, бұл есептеуіште ток ағымы мен тонаудан қорғаныс, тұтынушының борышы болған жағдайда қашықтан ажырату немесе қуат бойынша шектеу мүмкіндігі бар. Осы есептеу жабдығы Тараздағы «АСПАН-ENERGY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шығарылады. Еліміз бойынша өлшеу құралдарының бекітілген типтерінің тізіміне енгізілген оны қолдануға болады. Қазір осы жабдықтарды тұрмыстық тұтынудан өзге жалпыүйлік есепке алу аспаптарын орнату көзделуде.

Тұрмыстық  деңгейдегі  ЭКЕАЖ жүзеге асыру тұтынушыларға есепке алу аспаптарын  автоматты түрде қолдануға жол ашады. Бұл көрсеткіштерді түсіру барысында адам факторы болмауына мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бақылаушылардың жауапкершілігін одан әрі арттырады. Біз оларға сенімсіздік танытып отырғанымыз жоқ, бірақ заман талабы барлық жүйенің осылай басқарылуын қажет етеді.

Енді, осы жабдықтар қалай орналастырылады? ЭКЕАЖ іске асыруды «АтырауЭнергосату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына жүргізеді. Яғни, мұндай есептеу аспаптары барлық жеке тұлғалар үшін тегін ауыстырылады, тіпті қажет болған жағдайда электр сымдарын да жаңартып береміз. Бұл – біздің тұтынушыларға жасап отырған жеңілдігіміз. Рас, есептеу құралдары кәсіпорынның иелігінде болады, оны мемлекеттік тексеру мекеме есебінен белгіленген мерзімде жүзеге асырылады. Сөз жоқ, бұл да – тұтынушыға тиімді тәсіл. Қазір он мың шамасында есепке алу қондырғысы орнатылып үлгерілді.

– Есептей білмегеннің еселеп ұтылатындығы кәміл. Осы орайда тағы нендей жағымды жаңалық бар?

– Бүгінде электр энергиясы үшін төлем «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің барлық кассаларында секілді банктерде де қабылданады. Сонымен қатар, «Жедел төлемдердің біріктірілген жүйесі» ЖШС-мен қаладағы орнатылған 400 шамалы терминалдар арқылы төлемдер қабылдауға шарт жасалды. Бұл үшін тұтынушының өз дербес шотын білсе болғаны. Соны тергеннен кейін жүйе экранда сіздің мекен-жайыңызды көрсетеді. Оның дұрыстығы анықталған соң электр қуаты үшін қарыз сомасы жазылады. Содан соң қажетті төлеміңізді жасайсыз. Бұдан басқа электр энергиясына үйден шықпай-ақ, «HomeBank» арқылы төлем жасауға болады.

Келешек көкжиегі

– Енді, алдағы күннің жоспарымен бөліссек.

– Жалпы, мекеменің алдағы міндеті – Атырау қаласы мен барлық аудандарының тұтынушыларын сенімді және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз  ету.  Осы  орайда  нендей  нақты шаралар қолға алынбақ?

Алдымен, тұтынушыларға эдектр энергиясымен қызмет көрсетудің жаңа стандарттары мен қызмет деңгейін көтеруді  енгізу.

Содан соң, тұтынушылар мәліметінің жиынтығын сақтау мен кеңейту.

Сонымен қатар, жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыруды жасақтау мен енгізу.

Сондай-ақ, есепке алуды жүргізу мен қызметті тарифтендіруді ең жоғары деңгейде іске асыруға мүмкіндік беретін биллингті жүйені енгізу жоспарлануда. Оның нәтижесі   тұтынушы үшін өте қолайлы болмақ. Өйткені, ол қойылатын шоттардың нақтылығына, электр энергиясын жұмсаудың тиімділігіне игі әсер етеді.

Таяу келешекте «АтырауЭнергосату» мекемесі интернет арқылы өзінің дербес шотын қарауға мүмкіндік жасайды. Яғни мекеменің сайтына кіріп, тұтынушы өз төлемдерінің тарихын білуіне және болашақ шығындарын жоспарлауына жағдай туғызатын технологиялар енгізілетін болады.

Қорыта айтқанда, кәсіпорынның келешекке көздеген жоспары қомақты. Әлі де қазіргі заман талабына сай келетін тың технологияны енгізіп, жаңа жабдықтармен жарақтандырылуды жалғастыра береміз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*