«Түсімде Сталинградты көремін»

Сан мыңдаған азаматтардың өмірін қыршыннан қиған соғыс өртінің сөнгеніне 70 жылдан асса да ол салған жүректегі ауыр жара әлі күнге дейін жазылар емес. Сол сұрапыл соғысты көзбен көріп, балалық шағының бір бөлігін жаудың ортасында үреймен өткізген Людмила Славова бұл жылдарды көзге жас алмай елестете алмайды. Өйткені, сол кезде Сталинград түбінде шайқас қызу жүріп жатқан тұста тоғыз жасар  бүлдіршін жаумен талай рет бетпе-бет кездесіп, қайсарлық танытқан.

%d1%82%d2%af%d1%81%d1%96%d0%bc%d0%b4%d0%b5-%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%bd%d0%b3%d1%80%d0%b0%d0%b4%d1%82%d1%8b-%d0%ba%d3%a9%d1%80%d0%b5%d0%bc%d1%96%d0%bd

Қоныс тойы ұзаққа созылмады

1941 жыл. Бейбіт өмір. Петр Вандышевтың отбасы «Вторая верста» деп аталатын үйдің құрылысын аяқтап, қоныс тойын өткізіп жатқан еді. Сол кезде  кеудесін қуаныш кернеген Людмиланың  армандары көп  болатын. Ең бастысы, ол  жаңа баспана құтты мекен болатынына сенді. Алайда, бірер күннен кейін жау  тұтқиылдан елге басып кіреді деп ешкім ойламаған еді.

Кенеттен шабуыл жасаған неміс-фашист әскерлері халықты біраз абдыратып тастады. Жау көп кешікпей  Сталинград түбіне жетіп, қалаға жақын жерлерде қорғаныс шептері салынды. Бір күні дабыл естілді. «Бұл дауыс менің құлағыма күні кешегідей әлі де анық естіліп тұрады. Шынымды айтсам, ашық, суық дыбыстан тұла-бойым тітіркеніп, естен танып қалатын күйге дейін жеттім. Халық әбігерге түсіп, қаша жөнеліп, бомба жарылысынан тереңдікте қазылған паналау орындарына жүгіретін», – деп еске алады ол.

Жарылыстың соққы толқынына қарсы тұрақтылығын күшейту үшін оның кұрылысына темір-бетон құрылғылары қолданылады. Өзгелер алдын ала қорғаныс орындарын мықтап салып жатқанда  Люданың отбасы үй құрылысына қызу кіріскен еді. Сондықтан, ең соңына дейін жаңа үйден кетпеуге бел буды. Бір жағынан  қимай, екінші жағынан қанқұйлы соғыстың басталғанына да нәзік жүрек сенбеді.

Ең қызығы, сол үй әлі күнге дейін сақтаулы. 2013 жылы Людмила Петровна туған жерге барғанда қиын кезеңде өткен балалық шақтың куәгері болған  баспанасының  әлі де сол қалпында екенін өз көзімен көрген.

 

Жаумен алғашқы кездесу

– Ең алғашқы жарылыс қаланың орталығында орналасқан биік нүкте – Мамаев қорғанында орын алды. Сталинград шайқасында кескілескен ұрыстар, негізінен, нақ осы жерде өткен болатын. Ал, біздің үйіміз дәл сол нүктеге қарама-қарсы орналасты. 1942 жыл болатын. Жарылыс бәсеңдеген тұста қолыма бес литрлік шелегімді алып, жақын маңда ағып жатқан бұлаққа жүгіріп барып, су алып келемін. Сол жерде тұтқынға түскен Кеңес әскерлерін немістер снарядтан, бомбадан қорғану орындарын, су жинайтын құдық қаздыруға мәжбүрлейтін. Мені көріп, кеңестік әскерлер қолымдағы шелекті көтеріп, құдықтан су алып, кері бомбадан паналайтын орынға жеткізіп салады. Анамды суға жібермейтінмін, өйткені, сіңлім екеуімізге қарайлайтын басқа ешкім болмады. Әкем қалада өрт сөндіру операцияларына қатысты. Оны айлар бойы көрмеген күндеріміз де болды. Бір күні паналайтын орнымызға неміс кіріп келді. Анам шырылдап жүгіріп тыста жүрген адамдарды шақырып, (ішінде немістер де болды, – ред.) бізді қорғаштап қалды. Жауды алғаш рет көруім осы болатын, – деп еске алады әжей.

Кейін бомба жарылыстары үдей түсті. Бірде Людмила суға барғанында «Катюшадан» жауған 15-20 оқ Люданың дәл төбесінен  қатар өтті. Бұдан кейін Людмила анасы және сіңлісімен бірге туған қала – Сталинградтан көшіп, Ростов облысына кетеді.  Ал, әкесі қаланы қорғау үшін Сталинградта қалады.

 

«Қош, туған қалам – Сталинград!»

– Немістер бізді ірі көліктерге тиеп, үлкен жылдамдықпен алып кетті. Жолда өзеннің бойында тұтқынға түскен кеңес әскерлерін көрдік. Олардың саны тым көп болды. Аштықтан, суықтан хал-күйлері әбден кеткен. Көздері жәутеңдеп, бізге қол жайып қарап тұр. Ал, біздің қолымызда да ештеңе жоқ. Мен көлікте жатқан бір асқабақты лақтырғанда, аш жауынгерлердің  бәрі бас салып, таласып жеп жатты. Бұл көріністі көргенде жүрегім езіліп қоя берді. Анам да ашығып, ісініп кеткен соң, ауылды аралап, нан сұрап жүрдім. Бәрі күні кеше болған жағдай сияқты. Бұл күндер санамнан еш өшпек емес, – деп кейіпкеріміз жылап қоя берді.

Қашқындарды неміс староста топ-топқа бөліп, әрқайсысын тіркеп, кішкентай үйшіктерге орналастырды. Мұның барлығы неміс-фашист әскерлері жеңіске жеткен соң қашқындардың бәрін күң қылу мақсатындағы жасалып жатқан шаралар екендігін кейіпкеріміз кейін ғана түсінген.

Немістер халыққа литрлеп сүт таратып жатқанын естіген анасы Людмиланың қолына шәйнек ұстатып жібереді. Қаршадай қыз кезекте тұрған жүздеген адамдардың арасынан суырылып өтіп шығады. Сүт таратып жатқан неміске қарап, ел-жұртты қинап жатқандарын, бұл істері адамдыққа жатпайтындарын халықтың көзінше тіке айтады. Неміс Людаға тіке қарап: «Сен Сталинградтансың ба?» деп сұрайды. Қыз басын изейді. «Кеңес әндерін білесің бе?» деп дауысын одан да зор етіп шығарады. Люда тағы басын изейді. «Онда бір ән орындап бер», – деп неміс бұйыра сөйлейді. Сол кезде Люда «Утро красит нежным светом» атты әнін бар дауысымен айтып береді. Әсіресе, ішіндегі «Кипучая, могучая, никем непобедимая – страна моя» деген жолдардан кеудесін ашу кернеген неміс зекіп, қызды қуып жібереді.

Тағы бір күні Люда бір үйшікке кіріп барса, үлкен керуетте жатқан немісті көреді. «Шайдай ашық күні мынаның ұйықтап жатқаны несі?» деп таңғалған Люда керуеттің жан-жағын қарайлай бастайды. Сол кезде оянып кеткен неміс: «Сенің есімің кім?» деп сұрайды.

– Люся.

– Германия жеңіске жеткенде сен Люция атанасың, – деп жау сенімді сөйлейді.

– Сенің дегенің ешқашан болмайды! – деп Люда айқайлап жібереді. Сол кезде қызының дауысын естіген анасы  шауып келіп, алып кетеді.

Кейін «Жау сені сол жерде атып тастай ма деп қатты қорқып кеттім» деп анам айтушы еді» –  деп еске алады Людмила Петровна.

Бұдан кейін де бомбалар жиі жарылып, қара бұлт тағы да аспанды торлады. Сондай жарылыстың бірінде топырақ астында көміліп қалған Люда  мұны түс деп ойлап, ауа жетпегендіктен,  Жаратқаннан жарылқауды ғана тілеген.  Оны бірнеше метр тереңдіктен қазып алып, аман сақтап қалады. Сол сәтте жарықты  көрген соң, терең  демалған оның тек балмұздақ сұрауға ғана шамасы жетіпті. Дегенмен, сол кезде зақым алған омыртқа сүйектері оны әлі күнге дейін мазалап келеді.

Әкемен жолықтырған Гурьев

Кейін Қызыл әскер жауланған аудандарды азат еткенде пойыздың жүк таситын вагондарына   тиелген адамдармен бірге Люданың отбасы да туған жер – Сталинградқа баруға асығады. Вагонда терезе мүлдем жоқ. Ауа тар. Қалаға жақындаған маңда Люда орнынан атып тұрып, өзінің кезінде қыдырып жүрген жерлері – зообақты, базарды, орманды, қала көшелерін көруге асығады. Бір саңылау тауып алып, көзін қысып қараса, өз жанарына өзі сенбей, талып құлайды.

– Үнемі әсем табиғатымен, ерекше жүрекке жылылығымен ерекшеленетін қаламды мұндай күйде көрем деп ешқашан ойламадым. Әдемі, әсем шаһарым түгелдей қара-сұр түске айналған. Талдар күйіп, қурап біткен. Ғимараттар қара күйге айналып, қирап, сынған. Жер ойпаң-ойпаң. Көшеде өлі адамдар денесінен аяқ басар жер болмады. Өте ауыр көрініс. Сондықтан, мен үшін бұл үлкен соққы болды.  Соғыс аяқталғаннан кейін де күні кешегі уақытқа дейін балалар далада оқтарды теріп ойнап жүрді, – дейді Людмила Петровна.

Ал, Сталинградта қалған әкесі Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына жұмыс ауыстырылды деген хабар жетіп, мекен-жайын алып, Люда отбасымен Қазақстанға келеді. Келісімен ол қолына мекен-жай жазылған қағазды алып, әкесін іздеуге шығады. Жаяу ұзақ жол жүрсе де, табандылық танытып, Ширина поселкесіндегі өрт сөндіру бөлімінен әкесін іздеп табады.

– Бізге Тұрғындар қалашығынан пәтер берді. Ал, Жеңіс туының желбірегенін Балықшы поселкесіндегі Сталин атындағы орта мектепте оқып жүргенімде естідім. Қуаныш сезімі бала кеудемізді кернеп, ән айтып, би биледік. Әйтеуір, соғыстың ауыр күндері артта қалды, – деп, ол содан бері 70 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін «тәубе» деумен келеді.

 

Ұрпақтың  амандығы – бәрінен қымбат

Күллі ғұмырын Людмила Петровна ұрпақ тәрбиесіне арнады. Алғашында балабақшада қызмет етіп, кейін қалалық және облыстық білім беру мекемелерінде мектепке дейінгі тәрбие жұмыстары жөніндегі нұсқаушы болды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында да жұмыс жасады. Отыз бес жасында Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Славовпен танысып, жұптары жарасқан. Ардагер бұл кезде 46 жаста еді. Соғыс басталуға бір ай қалғанда оны Батыс Украинадағы саперлер батальонына шақырып алады. Полтава қаласы аэродромы маңындағы шайқаста бомба жарылып, қатты жараланады. Көзі көрмей, құлағы естімеген ол жарақаты сыр беріп, қатардан тыс әскерге ауысады. Сөйтіп, ол аэродром құрылысы басқармасынан бір-ақ шыққан. Электрик мамандығы бойынша арнайы курстан білім алып, Гурьевте салынып жатқан мұнай-газ зауыты құрылысына ауысты. Николай Николаевич, сонымен қатар, Тұрғын үй қалашығы мен қазіргі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайын электрмен жабдықтау жұмыстарына да белсене атсалысқан.

Облыс басшылары соғыс ардагеріне жаңа пәтер кілтін табыс еткенімен, Ұлы Отан соғысының ардагері бұл қамқорлықтан бас тартты.  Қазір олар облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде мекен етуде.

– Осыдан бірер жыл бұрын облыс басшылары пәтер кілтін тапсырған еді. Барлық инфрақұрылымдық жүйелері толық жүргізілген. Алайда, мен бас тарттым. Өйткені, жұбайымның жаудан қашып жүрген кезде жарылыстан алған зардабы жыл өткен сайын сыр беріп келеді. Үй шаруасындағы жұмыстарды жасай алмайды. Басшылар әлеуметтік қызметкерді де көмекке береміз деген.  Бірақ, біз үшін бір адамды мемлекеттің қаржысына ұстап отырудың қажеті жоқ деп шештім. Мұнда да мемлекет қамқорлығындамыз. Бөлмеміз жылы, дәрігеріміз қасымызда. Тамағымыз тоқ. Бізге басқа ештеңе керек емес. Осындай бейбіт күннің қандай ауыр жолмен келгенін тек ұрпағымыз түсінсе болғаны, – дейді 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Славов.

P.S. Людмила Петровна қарттар интернатында уақытын босқа өткізбей, хор ұжымына жетекшілік етеді. Біз интернатқа барғанымызда дәліз бойында кетіп бара жатқанда соғыс жылдары шыққан, адамның жан-жүрегіне мұң ұялататын, өткен тарихқа үңілдіріп, сол кездің ауыр көрінісін көз алдымызға елестетін әндер құлағымызға жетті. Соғыстың зардабын тартқан қариялардың ең басты арман-тілегі – отты  күндердің  тауқыметін бүгінгі буын ешқашан көрмесе екен.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*