Тәртіпке бағынған құл болмайды

Жуырда Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Сауғабаевпен кең отырып әңгімелесудің сәті туды. Ол кісінің құқық қорғау, қылмысты азайту, ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ой-пікірлері бар екен. Соның бірқатарын оқырман назарына ұсындық.

ekm_8325

Қылмысты қалай азайтамыз?

Қоғамда заңның үстем болуы, оның орындалуы маңызды. Еліміздің Бас прокурорының қойып отырған жаңаша талабы осы мақсаттан туындайды. Сондықтан, прокурорлық қызмет, жалпы қылмыстық жағдай туралы ой өрбітуді қажетті іс деп білемін. Тәртіп күшейсе де қылмыс санының азаймауына не себеп? Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіре түсу үшін не істеу қажет? Осынау сауалдарға қоғаммен бірлесіп жауап іздеген жөн.

Қоғамда естіген жанды шошытатын кейбір қылмыс түрлері орын алып жатады. Оның себебін тексергенде көбінде қылмыскердің ата-анасының тәрбиесін көрмегені, қамқорлығынан тыс өскені, қоғамға пайдалы іспен айналыспағаны анықталады. Ал, қазақ халқы ежелден тентегін тыйып, жетімін жылатпай, жесірін тентіретпей тәрбиеледі емес пе? Осы тұрғыдан үңілгенде кейбір кемшін тұстарымыз аңғарылады. Бүгінде күйбең тіршіліктің қамында жүрген адамдар ұрпақ тәрбиесіне уақыт таппай қалды. Ол демалыс күндерін де жұмыс басында өткізетін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де қатысты. Жылдар бойы қалыптасқан жүйе дегенмен, оған енді жаңаша көзқараспен қарайтын кез туды.

Бір мақсат – түрлі ұстаным

Қазір елімізде қылмыспен күресте бірнеше құқық қорғау органы жұмыс жүргізуде. Олар ортақ мақсатқа қалай жұмылуда? Байқағаным, көп жағдайда әрбір құрылым өзінше әрекет етіп жатады. Өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықтың кемшіндігінен көп мәселенің түйіні тарқатылмай қалып отыр.

Тағы бір себебі – қағазбастылықта жатқан секілді. Әрбір департамент, басқармадағы қызметкерлер көп уақытын қағаз толтырумен өткізеді. Оның қылмыстың алдын алуға, ашуға, болдырмауға пайдасы бар ма? Жұмыстың сапасын көтеру де қажет болып тұр. Заң бұзушылыққа жол бергені үшін әлдебір тергеуші немесе полицейге қатысты ұсыныс жолданады. Ішкі істер органының басшылығы соған байланысты әлгі қызметкерге әрі кеткенде сөгіс жариялап, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Сонымен бұл жағдайға нүкте қойылады. Одан ахуал айығып, қылмыс саны азайып кетеді деу қиын. Менің ойымша, алдымен халықтың тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші полицияға, оның ішінде учаскелік инспекторларға талапты жаңаша қою қажет деп санаймын. Ұмтылыс болғанымен, аталған қызметкерлер әлі тұрғындармен етене тығыз байланыс жасай алмай отыр.

«Мұның себебі неде?» дегенімізде ішкі істер құрылымдарының  басшылары «жалғыз учаскелік инспектор бәріне бірдей үлгере бермейді. Заңдылық бойынша үш мың адамға бір қызметкерден болуы қажет» деген жауап айтады. Жарайды, құп делік. Алайда, сол үш мың адамның бәрі қылмыскер емес қой, оны ескермейтініміз қалай? Егер олар негізгі күшті қылмыстың алдын алуға жұмылдырса, келеңсіз жағдайлар да азаяр еді.

Халықпен жиі кездесеміз бе?

Заң, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғындармен жүйелі түрде кездеспейтіндігі – айтпай кетпейтін мәселе. Бұрынғы кезеңде бізге – прокурорларға халықтың ортасына барып, жоспарлы түрде жиын өткізу тапсырылатын. Оның барысында жұртшылықтың тарапынан туындаған көп сауалға жауап табылушы еді. Осы тәжірибені қайтадан жаңғыртудың қажеттілігі тууда. Бұл бір жағынан орган қызметкерлерінің елдің өмірімен жақынырақ танысуға, тыныс-тіршілігін біліп отыруына мүмкіндік берсе, екінші жағынан заңсыздықтарды уақытында шешуге септігін тигізеді.

«Сен тимесең, мен тимен…»

Әскери борышымды Балтық бойы елдерінде атқарып жүрген кезім. Ара-тұра берілетін демалыс күнінің бірінде серігіммен автобусқа мініп келе жатқанбыз. Осы сәтте отырған жолаушылардың бәрі бізге қадала қарап отырғанын байқадым. Сөйтсек, біз қоғамдық көліктің билетін тез тіркете қоймаған екенбіз. Оны арнайы қысқыш құрылғыға қыстырып, билетімізге «ен» салдырған соң ғана жолаушылар бізден назарын өзге жаққа аударды.

Ыңғайсыз көріністің сырын кейін білдім. Естіген әңгімем, соғыс кезінде басқыншылар кетіп бара жатқан автобусты тоқтатып, жолаушылардың билеттерін тексеріпті. Байқаса, 27 адам жол ақысын төлеген де, үшеуі билет алмаған. Сол үшін бәрін сыртқа шығарып, жұртты жинап, олардың көзінше 27 жолаушыны атып тастайды. Әлгі үшеудің тағдырын шешуді көпшіліктің талқысына қалдырған. Сондағы қарулылардың айтқаны «жол ақысын төлемегендердің заңсыз қылығын 27 жолаушы көріп тұрды. Бірақ, ешкім ештеңе демеді. Ендеше, бұл жағдайға солар кінәлі» деген екен. Содан бері Балтық бойы елдерінде құқық бұзушылыққа, қылмысқа бейжай қарай алмайтын көзқарас қалыптасқан көрінеді.

Тәртіп бұзушылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ендеше, қоғамда заңсыздықтарға қарсы «нөлдік төзімділік» қалыптастыру бүгінде маңызды болып тұр.

Азамат Сансызбайұлы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*