ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ КӨРГЕН ӘЙЕЛ

Семинар-кеңес жұмысына қатысқан ҚР Президенті Әкім-шілігі Ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкері, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының бас сарапшысы Гаухар Нұрахметова, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер, олардың тағдыры, көріп жүрген қиындықтары мен алдын алу шаралары турасында өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, олар Елбасының ана мен баланы зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара іс-қимылында дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру керектігін баса әңгімеледі.
ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» cтратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс», – деп атап көрсеткен болатын. Семинар, негізінен, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының тәжірибе алмасуына арналғандықтан өз кезектерінде сөз алған Астана қаласындағы «Көмек» дағдарыс орталығының директоры Анна Рыль, дәл осындай Атырау және Орал қалалық орталықтарының директорлары – Айбаршын Иманғалиева мен Ганди Шамкелова өздерінің жұмыс тәжірибелері төңірегінде үлгі аларлық жұмыстарды алға тартты. Ал, Атырау облысы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шәріпов тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Қорғау нұсқамасы бір ай қадағалауда болады. «Егер адам осы қорғау нұсқамасын орындамаса, онда оған айыппұл салынады» деген. Біздіңше, өзі еш жерде жұмыста жоқ адамға айыппұл салғаннан гөрі, оны әкімшілік қамауға алған дұрыс болмай ма? Әрі ол оған біраз сабақ болар еді… – деді. Полицейдің бұл ойымен толық келіскен ҚР Президенті Әкімшілігі өкілі Гаухар Сердалықызы дәл осы мәселе жоғары жақта қаралып, оң шешімін алатындығын жеткізді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, бауырындағы кішкене сәбилерімен көше кезіп кеткен нәзікжандылар аз емес. Бұрын олар ағайын-туысы мен дос-жаранын сағалайтын болса, қазір өздеріне әркез көмекке келетін дағдарыс орталықтарын паналайды. Сонда тұрады, тамақтанады, жоқ құжаттарын жасатады. Олардың арасында баспана кезегіне тұрып, үйлі болғандары да жоқ емес. Десек те, қазақы мінез бен қазақы ойлау оларды небір қиын қадамдарға жібермеуде. Осыдан келіп, қанша жерден таяқ жеп, жігері жасыған әйел алдына ері келіп, кешірім сұрағанда бәрін ұмытып, борша езіліп сала береді. Әрине, олардың ішінде тату тұрып кетіп жатқандары да, кейіннен қайталап келіп жүретіндері де бар…
Семинар-кеңес жұмысын облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан отбасы, ондағы ері мен әйелдің міндеттері, орталарындағы бала-шаға тәрбиесі төңірегіндегі тәлімді әңгімемен аяқтады.

Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*