Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Атырау облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, оны облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Айгүл Әжіғалиева жүргізді.

9Yw-yokOK7g

Комиссия отырысына Атырау қалалық әкімдігі, облыстық деңгейдегі басқарма басшылары, аудан әкімдері, қоғамдық бірлестік басшылары, комиссияның мүшелері мен кеңесшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен Атырау қаласында әйелдер мен балалар арасында адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау проблемалары бойынша қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи баяндама жасады. Баяндамашының сөзінде келтірілгендей, бұл мәселе күн тәртібінен бір түспей келеді. Осы бағытта қала аумағында атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Тек бір ғана Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі ашылғалы бері оны жүзден астам әйел адам 211 баласымен паналаған. Сонымен бірге, көпшілік арасында «әйел затының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауының себептері қандай?» деген сауалнама жүргізгенде, олардың 48 пайызы – ішкіліктен, 21 пайызы – қызғаныштан, 16 пайызы – мәдениеттің төмен деңгейінен, 15 пайызы материалдық-тұрмыстық қиын жағдайдан туындаған қолайсыз отбасылық ахуалдан деп жауап берген.

Комиссия отырысында, сонымен қатар, облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева сөз алып, суицидтің алдын алу, дағдарыс орталықтары, осы бағытта психиатр-дәрігерлер, психологтар, психотерапевт, әлеуметтік қызметкерлер жұмысын жандандыру жайында жан-жақты баяндады. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов пен Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев, ерте жастағы неке проблемасы және отбасын құруға жауапкершілікті қалыптастыру тұрғысында аудандарда атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Аудан басшыларының баяндамаларында келтірілгендей, кәмелеттік жасқа жетпей отбасын құруға мәжбүрлік қос ауданда да орын алған. Оның басты себебі – қыз балалардың жүкті боп қалуы. Ендігі мақсат –  сол өрімдей ерлі-зайыптылардың болашақтарына дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың еліміздің діңгегі мықты, үлгілі шаңырақ иелері болуларына барынша ықпал ету, қажет жерінде көмектесу. Аудандарда бұл тұрғыда біраз іс-шара жүзеге асып жатқанымен, ажырасу фактілері тіркелуде. Комиссия мүшелері бұл мәселеде әр ауылдағы «Ақсақалдар», «Әжелер», «Әкелер», «Аналар» кеңестері мен алқалары араласып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуі керек деген ортақ шешімге келді.

Әйелдердің көшбасшылығын дамыту жөнінде облыстық мәслихат депутаты, «Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрлы Әйтиева сөз алды. Баяндамада айтылғандай, өткен жылдармен салыстырғанда барлық деңгейдегі қалалық, облыстық мәслихаттағы әйел депутаттың саны жоғарылаған. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесте әйелдердің белсенділігі басым. Соңғы он-он бір жылда бизнес нысандарындағы әйел басқарушылар саны 20 пайыздан 44,3 пайызға өскен. Қандай істе де үлгі бола білетін әйел үйдегі де, түздегі де жұмыстарын қатар алып жүруде. Сол себепті олардың көшбасшылық қызметіне тек сәттілік тілеу ләзім.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, жыл бойы бірлесе атқарған жүйелі жұмысы үшін комиссияның барлық мүшесіне, кеңесшілерге, БАҚ өкілдеріне алғыс айтып, алда келе жатқан жаңа жылда да үлкен белсенділік пен ауызбірлік, толағай табыс пен шалқар шабыт тіледі.

Лиза СЕЙТІМОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*