Тәркілеу тақсіреті

XX ғасырдың 30-жылдарында Атырауда жүргізілген кәмпескелеудің астарында не жатыр?

83ce3dc4dd71

 

«Реакциялық теория»

Кеңестік дәуірде қазақ жұртшылығының әлеуметтік құрамына байланысты шешімдер бүкіл Ресей мемлекетінде қалыптасқан стереотиптер шеңберінде қабылданды.

Шындығында, Қазақ қоғамында Еуропа мен Ресейдегідей кедейлерді сүліктей сорған бай-феодалдардың болмағандығын орыс зерттеушілері профессор Кушнер мен Полочанский 20-жылдары атап көрсеткен болатын. Мәселен, Кушнер «қазақ ауылында тап күресі өршіп тұр» дегенге қарсы өз пікірін былай деп жазды: «Мен тап күресін және әлеуметтік таптарды босқа іздеппін, нақты тап түсінігіне сәйкестікті іздедім, бірақ таппадым».

Қазақ қоғамындағы ауқатты мен қара шаруаның тұрмыстағы айырмашылықтарының шамалы екенін, ал бұл олардың өзара қарым-қатынасында елеулі рөл атқаратынын 1926 жылы Е.Полочанский де жазған еді.

Қазақ ауылындағы байлар мен ауқаттылардың үлкен ұйымдастырушылық беделін байқаған ол былай дейді: «Бұқарада таптық сананың мүлде болмауы жағдайында, ол (бай), жайылымдық мал шаруашылығы жағдайында, ешқандай қанаушы ретінде емес, керісінше шаруашылықтың рулық негізде қалыптасқан қоғамның орны толмас және пайдалы мүшесі ретінде құрметтеледі».

Қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтарда бай мен кедейдің арасында таптық қайшылық жоқ, оларда рулық мүдде немесе жалпы қазақтық мүдде таптық мүддеден басым түсіп жатады» деген пікірлері кейіннен большевиктер тарапынан «реакциялық теория» ретінде өткір сынға алынды. Соның кесірі бай-феодалдарды тәркілеу кезінде айқын көрініс тапты.

Биыл еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 25 жыл толады. Бұл шын мәнісінде қазақ халқы үшін теңдесі жоқ маңызды оқиға болып табылады. Өйткені, Кеңес үкіметі жылдары қазақ халқы өте ауыр жағдайларды басынан өткізді. Олардың арасында XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы ашаршылық, бай-феодалдарды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қазақ зиялыларын саяси қуғын-сүргінге ұшырату және басқа да ауыр жағдайлар болды.

Республика көлемінде барлығы 696 бай-феодал, оның ішінде Гурьев округінде 24 адам тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын 1928 жылғы кәмпескелеу компаниясы көрсетіп берді. Яғни, қазақ қоғамы сол кездегі елдердің арасында ең гуманистік қоғам болды. Большевиктер қақсағандай ешқандай таптар да, тап күресі де болған жоқ.

Атырау облыстық мұрағатында 1928 жылы округте жүргізілген ірі байларды тәркілеу шаралары туралы мәліметтер сақталған. Гурьев округінде бай-феодалдарды кәмпескелеу шаралары 1928 жылдың 6 қазанында округте кәмпеске шараларын өткізу жөнінде комиссияның құрылуымен басталды. Оның құрамы алты адамнан тұрды. Жергілікті жерлерде компанияны жүргізу үшін арнайы уәкілдер де белгіленді.

Атап айтатын бір жайт, кәмпескелеу комиссиясына ең жауапты қызметкерлер, оның ішінде коммунистер ғана тартылды. Бұдан біз Кеңес үкіметінің бұл науқанға үлкен мән бергенін көреміз. Жоспарланған жұмысты жүзеге асыру үшін аудандық комиссиялар кәмпескелеу жүргізілетін ауылдардың бәріне арнайы өкілдер бөліп, оларды қажетті басшылық және үгіт материалдарымен қамтамасыз еткен.

Бұл кестеден шығатын қорытынды мынау: ол кезде аудандардағы ауылдар өте шағын болған, жұртшылық атакәсібімен айналысып, көшіп-қонып жүрген. Отырықшылықты әлі де болса мойындай қоймаған.

Ауылдарға бөлінген өкілдер арнайы жиналыстарда дайындықтан өтіп, кәмпескелеуге қажетті нұсқаулармен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, аталған нұсқау жүретін ауылдарға баратын қызметкерлердің дайындығына ерекше мән берілді. Қызметкерлердің аздығынан әрбір ауылға тек бір өкілден ғана бөлуге тура келеді. Кәмпескелеу туралы декретке сай көмек комиссиялары құрылды. Комиссия құрамына тек кедейлер мен батырақтар, кейбір жағдайда орташалар енгізілді.

Бұл кесте бізге сол кездегі қоғамдық өмірдің кейбір жайттарынан хабар береді. Кейбір аудандарда үкіметтің байларды кәмпескелеу туралы тапсырмасын орындау үшін жергілікті шолақ белсенділер құлшына кіріссе, кейбір аудандарда «әліптің артын бағып» онша белсенділік таныта қоймапты. Оны комиссиялардың және олардағы мүшелерінің санынан көреміз.

 

Үгіт-насихат жұмысы

Үгіт-насихат жұмыстары округтің барлық елді мекендерінде, оның ішінде адам аяғы баспаған жерлерде де жүргізілді. Барлық ауылдарда болған өкілдер жұртшылықтың жалпы жиналыстармен бірге жекелеген кедейлер мен батырақтардың отырыстарын өткізді.

Барлығы округ бойынша 374 жалпы жиналыс өткізілген. Қолда бар мәліметтер сол кезде әлі де болса округ жұртшылығының басым көпшілігі аудан орталықтарынан, Жайық өзені бойындағы ауылдардан өте қашықта орналасқанын көрсетеді. Халық мал шаруашылығымен айналысып, құмды жерлерде (Мәмбет, Бәйет, Қарой, Орпа, Бекетай, Мыңтөбе, Жалаңшағыл, Тума, т.б) көшіп–қонып жүрген. Соған байланысты кеңестік белсенділер өз жиналыстарына халықтың 16-17 пайызын ғана жинай алған. Соған қарамастан кәмпескелеуге ұшырауға тиісті байлардың бәрін дерлік қамтыған.

Кедейлер мен батырақтарды кәмпескелеу науқанына дайындау мақсатында аудандық және топтық конференциялар өткізілді. Кейбір жағдайларда ауыл кедейлері өз ынтасымен өздерінің байларын әшкерелей отырып, оларды декреттің шеңберінде жазаға тартуға шақырды. Кедейлер мен батырақтар конфискацияға ұшыраған тұлғалардың және бөтен элементтердің өткендерін бұлтартпайтын «дәлелдермен» жеткізіп отырды. Байларды қорғау немесе конфискациялау шараларына наразылық бірлі-жарым жағдайларда болмаса кездескен жоқ. Мәселен, Новобогат ауданының Новобогат ауылында Жармағанбетов Ерғали есімді байды кәмпескелеу туралы жиналыста, оған қатысушылардың бәрі бір ауыздан оны кәмпескелеуді жақтап дауыс берді. Кедей Жақып Жантазиев өз сөзінде Жармағанбетовтің «зиянды элемент» екенін, старшина болған кезде кедейлерді жәбірлегенін айтты.

Сол жиналыста орта шаруа Бекмұханбетов те Жармағанбетовті «зиянды элемент» ретінде сипаттады. Сол ауданға қарасты Қаңбақты ауылында өткен жиналыста кедей Көпбосынов өз сөзінде кәмпескеге іліккен бай Смадияр Смағұлов қатыгез қанаушы ретінде сынай отырып, 1916 жылғы қазақтарды тыл жұмыстарына алу кезінде сол кездегі үкіметке барынша көмектескенін жария етті. «Қызмет бабын пайдалана отырып, өзіне мал жинады» деп айыптады. Қазір де, сол кезде де кедейлерді аяусыз қинады деп айыптай отырып, өзінің тоғыз жыл бойы бірге тұрған «еншілесін» малсыз қалдырғанын айтты. «Өзінің малын әркімге жазып, кәмпескеден құтылудың амалын іздеді» деп жазғырды.

Таптық идеямен саналары әбден уланған Қызылқоға ауданының кедейлері мен батырақтары кәмпескелеу туралы декретке өздерінше «жаңалық» енгізуге тырысқан. Олар өз ауданында 300 бас малы бар ірі феодалдардың аз екенін көлденең тарта отырып, жоғары басшылықтан кәмпескелеуге, одан аз малдары бар байларды жатқызуды сұрап, өтініш білдірген. Бұған не айтуға болады? Асылы «шаш ал десе, бас алды» деген мәтел осындай жағдайға байланысты айтылған болар.

 

Байларды қорғау деректері

Жұртшылықтың көңіл-күйі үкімет шараларын қабылдауға сай болса да, кейде байларға араша түсу фактілері де болды. Новобогат ауданының Бегайдар ауылында кәмпескелеуге жататындарды талқылау кезіндегі  жиналыста Жанқожин Жұмағалиға араша түскен. Себебі, «ол елде сыйлы адам, жұртшылыққа пайда келтіреді, бандаға қарсы күресті, зиянды элемент қатарына жатқызуға болмайды деп оны кәмпескелейтіндер тізімінен шығарып тастау керек» деген шешім қабылданды. Сол аудан бойынша 67 кедей қол қойған өтінішке орай, бай Арыстанғали Бисалиев кәмпескелеуден босату жөнінде комиссия шешім қабылдады. Қызылқоға ауданындағы кедейлер жиналысына қатысушылар №4 ауылдың байы Жанайысов және басқалардың халыққа тигізген пайдасын көрсете отырып, оларды кәмпескелеу тізімінен шығарып тастауды сұрады. Осындай фактілерді ескере отырып, аудандық комитет ауылдарға кәмпескелеудің мән-жайын ұғындыру үшін үгітшілерді аттандырды. Есбол ауданының №7 ауылында өткен жиналыста қатысушылар өз байларын жасырып, көрші ауылдың байларын көрсетумен шектелді.

Доссор ауданы бойынша: округтік орталықтан келген Қосшы одағының өкілі 118 адамның қолы қойылған өтініш арқылы кәмпескелеудің 1-тобына жататын бай Қазбек Бекмұрзин «жұртшылыққа көмектесті» деген сылтаумен тәркілеуден босатуға тырысты. Өтініш аудандық комиссияға жолданды. Тексеру өтініштің жалған екенін анықтады. Бұлардан өзге байларды жақтау фактілері анықталған жоқ. Көптеген ұжымдық арыздарда қойылған қолдар жалған болып шықты.

 

Байлардың қарым-қатынастары

Байлар кәмпескелеу науқанына дұшпандық ниетте болды (округтік комиссия төрағасының есебінде осылай жазылған).

Өзінің жеті атасынан бері жинақтаған ақ адал малын үкіметке тегіннен-тегін бере салу кім-кімге де оңай тимейтіні айтпаса да түсінікті. Үкімет шараларына ашық қарсылық көрсету фактілері өте аз кездесті. Байлар орташаларды өз жақтарына тартуға тырысты. Оларға: «ендігі кезек сендерде» деген сияқты әңгімелермен өз жағдайларын түзеуге тырысқанымен, байлардың ондай әрекеттерінен ештеңе шықпады. Кейбір жерлерде байлар ауылдарға келген уәкілдерге қонақасы беру арқылы немесе олардың жүріс-тұрысына қажетті ат-көлік беру арқылы ықпал жасауға тырысты. Жекелеген байлар әртүрлі әрекеттерге  (қашу, жасырыну арқылы  кәмпескелеуден құтылғысы келеді) барған.

Новобогат ауданы бойынша: а) Бай Жармағанбетов 100 қойын сатты, бірақ онысы қажетті шара арқылы анықталды. Сонымен қатар, ол өзінің шаруашылығын үшке бөліп, кәмпескелеуден құтылуға тырысты, бірақ онысы әшкереленіп, шешімі сол күйінде қалды.

Омаров пен Смағұловтар өз малдарын ағайындарына беріп, бөлшектегені үшін жазаға тартылды. Бай Мәмеков Орал қаласындағы изоляторда отырып, округтік комиссияға өзінің ақтығын дәлелдеуге тырысып, бірнеше рет арыз жолдады. Өзінің аудан орталығынан қашықта тұратынын пайдаланып, малының бір бөлігін сатып үлгерді.

Қызылқоға ауданы бойынша: а) Мендалиев Демеудің баласы өз арызында әкесінен бөлек шаруашылығым бар деп көрсеткен. (Тексеру кезінде анықталмады).

Доссор ауданы бойынша: Нұржанова Саржан шаруашылығын жалған түрде екіге бөлген (әрқайсысын әр жаққа көшіріп жіберген). Оның үстіне ауылдық Кеңестен анықтама алып, өлген күйеуінің малын өзіне және екінші әйеліне бөліп жаздырған, сондай-ақ 77 қойы мен бір жылқысын Шыңғырлау ауданына уақытша сақтауға салып жіберген. Тексеру барысында шаруашылықтардың тұтас екендігі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылды.

Теңіз ауданы бойынша: Байлар дайындалып үлгерген, кейбіреулері малдарын ағайындарына, таныстарына үлестіріп жіберген, сондай-ақ шаруашылықтарын жасанды түрде бөлшектеген. Мысалы, бай Танашев малын бөлшектеп, бір бөлігін тоқалына жаздырған, Құрманбаев балаларына бөліп жіберген. Бұлардың бәрі заңсыз болып бағаланды. Сол дұрыс па? Әрине, дұрыс емес еді ғой, бірақ Кеңес үкіметі ойына келгенін істеп бақты.

 

Шахман НАҒЫМОВ, педагогика ғылымдарының кандидаты.

(Жалғасы бар).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*