Тұран – Түркі әлемінің бесігі

Жаңалықтар Әдебиет

Аtr.kz/14 мамыр, 2019 жыл. «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырлардағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. («Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)

ТҰРАН ДАЛАСЫ

 Таным-тағылым

Түріліп түн, алаулап таңы атады,

Күн нұрына бөленіп жер жатады,

Сәулесімен оятқан тіршілікті,

Жалқынына сидырып, ол батады.

Алқымына кептеліп туған айы,

Қияқтанып, көкке өрлеп, толысады.

Жарығында кейбір аң сезім кешіп,

Құдіреттің күшімен жұптасады.

Енді бірі жыртқыштың жем іздеген,

Жортуылдап жонында түн қатады.

Қызыл іңір-перизат, жерге түсіп,

Аспанды арбап, аялап  қабысады.

Күн мен түні некелі ғашықтардай,

Көкжиекте қездесіп, табысады.

Көбесі сөгілгенде тұнық түннің,

Шолпан туып, жұлдызды таратады.

Көгендеулі қарақшы – «Жеті жұлдыз»,

Көзді тартып өзіне қаратады.

«Темірқазық» – бағдаршам төбедегі,

Төрт жағыңды түгендеп санатады.

 «Құс жолы» – бір патшалық, сиқыры көп,

Ағараңдап, ақ тұман  шұбатады.

Күлтелі, қыдырымпаз «Үркер» сұлу,

Бағытымен  өзгеріс аңдатады.

Құрсағын күй тербеген ғасыр-мекен,

Мамырлатып аққу-қаз қондыртады.

Тінінде өніп, толысқан – «Әму», «Сырды»,

Төркіндері  Тұранға ұзатады,

Сылаңдап, кемелденген қыз-ғұмырын,

Айдынында Аралдың тоқтатады.

Қыпшақтың даласынан «Торғайды» әкеп,

Тылсым дүние  «Құрдымға»  құлатады.

Ал, адамзат Тұранның төсегінен,

Сапар шегіп ғарышқа аттанады.

Адамдар –қобыз кеуде, шешен-мерген,

Көздесе құралайды көзге атады.

Көрікші көрігінде қылыш жонып,

Шеберлері нақыштап, қындатады.

Дүрдана – аналары батырлардың,

Намысын түзде шыңдап, қайратады.

Қыздары ат үстінде садақ тартып,

Мәрттігі жаудың сағын сындыртады.

Тұраны – тұлға болған Томирисін,

Әлемге айтып,ұрпақты мақтантады.

Құсбегілер қыранын қиясында,

Томағасын сыпырып, шалдыртады.

Қу құмалақ қалдырмай сейістері,

Бәйге атына таңғы шық жалатады.

Жылдап аңдып ұядан Италаны 1,

Хас жүйрік – Құмайпора 2 – ит алады.

Ежелден темір-мысты қорытады,

Ат-әбзелі, тұрмысқа жаратады,

Кәдімгі құрбақаның дәретіне,

Осып-осып суытып, жанытады.

Әрі ұстаз, әрі ана – Тұран әлі,

Қасиетін жаhанға танытады .

 Атадан қалған бір түйсік … … …

Тұранда ата-бабам көшіп-қонған,

Құт-берекет, ғажаптың бәрі болған,

Шегіренді, қыл жүйрік,құлан болған,

Кіндікте мүшкілан 3 бар, бұлан болған,

Орамымен оралып көшіп жүрген,

Сойы бөлек, ордалы жылан болған.

Жүрісі желдей ескен сайларында,

Жорға жүйрік дуадақ, жек те болған.

Қабылан, барыс,мәліндер қамысында,

Жемсауы тоқ, алаңсыз жатып-тұрған.

Атты адамды сауытпен жұтатұғын,

Алпауыт, құлаш ауыз жайын болған.

Тұранның шөбі шүйгін, мың сан бұта,

Несібе, тіршіліктің көзі болған.

Жыңғыл, дүзгін, сексеуіл белдерінде,

Бет қаратпас, қызулы шоғы болған.

Күшала, мия, құмаршақ құмдарында

Дертке дауа, қуатты дәрі болған.

Айта берсем таусылмас кереметі,

Бір ауыз сөз, Тұранда бәрі болған.

  1. Итала – қаз,оның ілеуде бір жұмыртқасынан жүйрік құмай тазы шығады.
  2. Италаның жұмыртқасынан шығатын жүйрікті «Құмайпора» деп атаған.
  3.  Мүшкілан – киік тұқымдастың кіндігінде болатын хош иісті без.    

 Дәреже НӘБИҚЫЗЫ,

                                заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *