ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

– Бұған дейінгі жағдайды жергілікті тұрғындар жетік біледі. Атырауда заңсыз оңды-солды жер берілген бірқатар ықшам-ауданда сондай жайттар кездесіп отыр. Тіпті, кейбірі «мөлтекауданға келіп, үй салғанымызға бес жыл болды, әлі жарығы жоқ» деп Елбасына хат жазған. Қазіргі таңда олардың бәріне бірдей инфрақұрылым тартуға қаражат жоқ. Содан соң жер беруді тоқтаттық. Барлығы да кезекпен жүргізіледі,-деген облыс әкімі мұндай бассыздыққа жол бергендердің жауапқа тартылғанын да айтты.
– Жасыратыны жоқ, күні бүгінде мектеп, балабақша салатын жер таба алмай отырмыз. Бәрі сатылып кеткен. Енді соның бәрін реттеп жатырмыз. Кейбір бюджеттік мекеме қызметкерлеріне үш бірдей үйдің кілті үлестірілген. Алайда, оның инфрақұрылымы болмағандықтан әлі пайдалануға берілмеген. Маған жазылған 40-50 арыз да осы мазмұндас. Біреуімен тілдесіп көрсек, 2500-інші болып жер кезегіне тіркелген. Бірақ, кезексіз жерін алып, үйін тұрғызып үлгерген. «Оны қалай алдыңыздар?» десек, жауап жоқ. Сіздің жеріңіз инфрақұрылым жүргізілген уақытта ғана беріледі,-деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Бұдан кейін ардагер өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосқан Өтешқали Есмағамбетовке «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасаған еді. Аймақ басшысы мұнда да талай кемшіліктердің беті ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде алпыстан астам жанға осындай атақ берілгенмен, кейбіріне қандай тәртіппен ұсынылғандығы түсініксіз болғандығын атап көрсетті. «Мұндай дәрежелі атақты автодүкен басшысы да алыпты. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Алайда, айтуыңыз орынды, ретке келтіруге тырысамыз. Ө. Есмағамбетовтің елеулі еңбегін білеміз ғой»,-деп ойын айтты өңір басшысы.
Ал, Қазақстан сәулетшілер Одағының құрметті сәулетшісі, зейнеткер Марат Елеусін қаланың орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш салынғанын қалайды. Әкесі зұлмат жылдары «халық жауы» ретінде атылып кеткен. Кем дегенде, еске алатын ескерткіштің болмағанына қынжылған аға он шақты жылдан бері осы мәселемен айналысып келеді екен. Тіпті өзі нақты сызбасын да әкеліпті. Дегенмен, оған жер бөлінбегендіктен, өтініші аяқсыз қалыпты. Облыс әкімі мұндай мәселенің көтерілгені орынды екенін, қала басшысымен, тиісті мамандармен бірлесіп арызды қарастыруға уәде берді.
Қабылдауға келген Дәреже Балапан да саяси қуғын-сүргін құрбаны болған анасы Күлпараш Көбегенқызына тұрғын үймен көмек сұрады. Зобалаң жылдардың зардабын көрген ана сот шешімімен жаппай қуғын-сүргіннің кесірін көрген деп танылып, кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз етуге рұқсат берілген. Талай қиындықты бастан кешірген Күлпараш Балапанға құрылысы аяқталғаннан кейін пәтер берілетіндігі айтылды.
Махамбеттік Сембай Арыстанов өткен жылы үйінің қасынан өртенген қора жайының материалдық шығынын өтеуге көмек сұрап келіпті. Алайда, заң шеңберінде бюджет есебінен тек үйі өртенгендерге ғана қолдау көрсетілетіні айтылғанмен, басқалай мүмкіндіктер арқылы жәрдемдесу қарастырылатынын жеткізді.
Жоғарыда айтқанымыздай, арыздардың көпшілігі тұрғын үйге қатысты болды. Мақаттық Әлия Отарбаева қамқорлығындағы ата-анасы қайтыс болған үш жиеніне пәтер сұраса, махамбеттік Мәндірғали Оразғалиұлы да тұлдыр жетім немересінің баспанаға мұқтаждығын айтты. Аймақ басшысы бұл ретте осындай тұлдыр жетім қалғандарға бір бөлмелі 240 пәтерлік үй салынатынын, келесі жылы пайдалануға берілетінін жеткізді.
Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылынан ат арытып келген жеке кәсіпкер Шаттық Базарбаев мал шаруашылығын дамытуға жер бөлуді сұрады. Өңір басшысы «ісін дамытамын» деушілерге әрдайым қолдау білдіріп, мүмкіндігінше қол ұшын беретінін атап өтті.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*