Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде қандай өзгерістер орын алады?

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға бірқатар өзгерістер енді. Оның тиімділігі неде? Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде қандай өзгерістер орын алады? Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық «Атырау» газеті редакциясы ұйымдастырған «тікелей желіде» «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директоры Байтолла Закарьяұлы ҒАЗИЗОВ жауап берген болатын.

ANU_6093

Телефон арқылы қойылған сауалдар

Медициналық сақтандырудың басты мақсаты қандай? Ол қашан енгізіледі және жарнаны кім, қалай төлеуі керек? Бұл қай елдің тәжірибесіне негізделді?

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА,

Қызылқоға ауданы.

– Елбасының Ұлт жоспары негізінде арнайы заң қабылданып, коммерциялық емес акционерлік қоғам құрылды. Бүгінде қор аясында халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау мақсатындағы жұмыстарға дайындық басталды.

Заңға енген өзгерістерге сәйкес МӘМС 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылады. Бұл ретте қызметкерлер үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді, 2018-2019 жылдары жұмыс берушілердің есебінен жалақының 1,5 пайызы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде аударылады. Жеке кәсіпкерлердің 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өздері үшін жарна аударылуы тоқтатылды. Ал, қарамағындағы қызметкерлер үшін кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз жарна аударады. Өздері үшін 2020 жылдан бастап екі ең төменгі жалақының бес пайызын аударады.

Балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалыстағылар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлері мен мүгедектер, тергеу изоляторларындағы адамдар, «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналар секілді барлығы 14 топқа жататын азаматтар үшін жарна мемлекеттен төленеді. Мұның бәрі – озық дамыған елдердің тәжірибесі негізінде, олардың жіберген кемшіліктері де ескеріліп, қолға алынған жүйе.

Белгіленген санаттар шеңберінде азамат үшін мемлекет жарналарды төледі, одан кейін ол өзінөзі жұмыспен қамтыған халық санатына көшсе сақтандырудың жүйесі қалай жүргізіледі? Үзілістер немесе екі рет сақтандыру бола ма?

Әйгерім БОЛАТҚАЛИ,

Исатай ауданы, Нарын ауылы.

– Екі рет сақтандыру мүмкін емес. Өйткені, азамат статусын ауыстырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде, бұл ақпарат салық органдарында көрінеді және қорға түседі. Егер азамат жұмыссыз болып, одан кейін статусын ауыстырса, онда сәйкесінше мемлекет жарналарды төлеуді тоқтатады.

Облыста қанша медициналық ұйым осы қызметті атқаруға дайын?

Айжарқын ҚАБИЕВА,

Миялы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы,

Қызылқоға ауданы.

– Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға облыс бойынша 79 денсаулық сақтау мекемесі қатысты. Оның 37-сі мемлекеттік, 42-сі жекеменшіктегілер. 2018 жылға медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектісі өтініш берді. Оның 35-сі мемлекеттік, 27-сі жекеменшік. Қазір олармен қоян-қолтық қызмет атқарудамыз.

МӘМС жүйесі енгізілген кезде жекеменшік медициналық орталықтар көрсететін қызмет түрлері қолжетімді бола ма? Өркениетті елдерде азаматтарға медициналық сақтандыру полисі беріледі. Қазақстандықтарға да полистер беріле ме?

Нұргүл ДӘУЛЕТОВА,

Атырау қаласы.

– МӘМС-тің негізгі миссиясын орындауда жекеменшік емханалар арасында әзірге өтініш бергендердің саны – 27. Ендігі уақытта әрқайсысының арасында бәсекелестік пайда болып, қолжетімділік артады деп сенеміз.

Медициналық қызметті алу үшін әр азаматқа сақтандыру полисі берілмейді. Қызмет көрсету ережелері ЖСН нөмірі арқылы жүргізіледі.

Қазақстанның медициналық сақтандыру қорымен шарт жасаған денсаулық сақтау ұйымдарының тізімін қайдан білуге болады?

Гүлбану ОҚАСОВА,

Атырау қаласы.

– Медициналық сақтандыру қорының ресми www.fms.kz сайтында қормен келісім-шарт жасаған медициналық ұйымдардың тізбесі орналастырылған, аталған сайттан басқа да қажетті мәліметтерді алуға болады.

Азаматтар қандай жағдайда басқа алғашқы медициналықсанитарлық көмек ұйымына тіркеле алады?

Нұреддин ЕСМАҒАМБЕТОВ,

еңбек ардагері.

– Түрлі себептермен тұрғылықты мекен-жайын, жұмысы мен оқу орнын ауыстырғанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін, әскери қызметін өтеп болғаннан кейін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда, бұрынғы емханадағы қызмет сапасы көңілден шықпайтын болса басқа емханаға тіркелуге болады.

Емханаларды таңдау жылына бір рет өткізіледі. Былтыр 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жаппай емханаға тіркелу жүргізілді. Осындай науқандарда әр азамат өз қалауымен емхана мен дәрігерді таңдай алады.

– Томографиялық тексерістен өту кез келген азамат үшін тегін кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіре ме?

Салтанат БІРЛІКҚЫЗЫ,

Геолог емханасының дәрігері,

Атырау қаласы.

– Мұндай ақысы қымбат қызметтерді өзіңіз тіркелген емхана дәрігерінің жолдамасы негізінде ғана тегін пайдалануға болады.

Сақтандыру жарнасы жұмысшылардың жалақысына әсер ете ме? Азамат өзінің медициналық сақтандырылғаны туралы қалай, қайдан біле алады?          

Бибігүл ӘБІШЕВА,

Махамбет ауданы.

– Сақтандыру жарнасы жұмыскерлердің жалақысына еш әсер етпейді. Әр жұмыс беруші жарнаны ай сайын тұрақты аударып отыруы тиіс. Аудармаған жағдайда жұмыс беруші өсімпұл төлейді. Егер жұмыскер болсаңыз, онда заңнамаға сәйкес жұмыс беруші ай сайын, келесі есепті айдан кейінгі айдың 15-ші күнінен кешіктірмей қызметкеріне ұсталған және аударылған  жарналар туралы мәліметті ұсынуға міндетті. Бұл ақпараттарды egov.kz порталы арқылы тексеруге немесе өзі тіркелген емханадан білуге болады.

Ауданда бала күтімінде отырып, мүлдем жұмыс жасамаған әйел аналар көп. Олар үшін жарнаны кім төлейді?

Қанат ҒҰМАРОВ,

Құрманғазы ауданы.

– Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметті алғысы келсе ең төменгі жалақының бес пайызын аударып отыруы қажет немесе жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына міндетті түрде тіркелуі тиіс.

Жүйеде ұсынылатын медициналық қызметтердің пакеті туралы толығырақ білсек. Науқас емделу үшін құжат жинап сандалып жүрмей ме?

Нұрберген ЕСҚАЛИЕВ,

Индер ауданы.

– Амбулаториялық-емханалық көмек, емханадағы емдеу, дәрігерлердің қабылдауы, зертханалық қызметтер, диагностика және манипуляциялар, стационарлық көмек – жоспарлы тәртіпте ауруханаларда емдеу, стационарды алмастыратын көмек – күндізгі стационарда ем қабылдау қордағы қаржы есебінен көрсетіледі.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер – күрделі және бірегей медициналық технологияларды пайдалану арқылы орындалатын медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту, бағасы қымбат оталар да МӘМС жүйесіндегі қызметке кіреді. Науқас емделу үшін құжат жинақтап сандалмайды.

– Қазіргі таңда мемлекеттік емханалардағы қызмет көрсету тәртібі көңілге қонымды емес. Ұлымның тісін емдегенде тісінің ішінде мақта қалып, ол шіріген. Осындай олқылықтың салдарынан жекеменшік тіс дәрігеріне қаралуға тура келді. МӘМС жүйесі енгізілгенде мемлекеттік емханалардағы дәрігер тапшылығы немесе өз ісіне салғырттық қарау деген мәселеге тосқауыл қойыла ма?

Альфия ТОҚПАЕВА,

Атырау қаласы.

– Емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі мамандар тапшылығынан қызмет көрсету кезінде кемшіліктер орын алып жатады. Соның әсерінен медициналық көмек сапасы көп жағдайда көптің көңілінен шықпайды. Алдағы уақытта бұл олқылықтар толықтай жойылады деп есептеп отырмыз. Өйткені, медициналық сақтандыру толық жүзеге асқанда емдеу-сауықтыру мекемелері арасында бәсекелестік пайда болады. Дәрігерлер тапшылығы орын алмауы тиіс.

 Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар

Неге қазірден бастап жалақыдан ақша ұстаймыз, ол қайда жұмсалады?

Құралай ҚУАТОВА,

Атырау қаласы.

– Заң бойынша жарнаны қазірден бастап аудару міндеттелді. Сондықтан, оны әр азамат орындауы тиіс. Аударылған жарналар еліміздің Ұлттық банкінің қорында сақталады. Ол ешқайда жойылмайды. Кепілдік беріледі.

Басқа адамның сақтандыруымен екінші адам емделе ала ма?

Ғалия ШАХМЕТОВА,

Индер ауданы.

– Басқа адамның сақтандыруымен басқа бір адам тегін медициналық көмекті ала алмайды. Бұл көмекті пайдалану үшін азамат өзінің статусын анықтап, ол үшін жарна аударылуы міндетті.

Сақтандыру қоры арқылы тегін дәрідәрмекпен қамтамасыз етіле ме және қандай дәрідәрмектер?

Сұлушаш ҚУАНҒАЛИЕВА,

Атырау қаласы.

– Тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектің тізбесін уәкілетті орган бекітеді. Бұл тізбелер БАҚ арқылы жан-жақты насихатталады. Амбулаторлық деңгейдегі осы уәкілетті орган бекіткен тізім бойынша ғана тегін дәрі-дәрмектерді ала алады.

Азамат қайтыс болған жағдайда қорда жиналған қаражатты туыстарына беру қарастырылған ба?

– Мұндай жағдай қарастырылмаған. Өйткені, әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Әрбір төлеуші жарналарының сомасына қарамастан, халықтың барлық санатына медициналық қызметтерге бірдей жұмсалады.

Егер адам апатқа ұшыраса, оған шұғыл көмек көрсету үшін жарақаттанушыда медициналық сақтандыру бар екендігін анықтау қажет пе?

– Шұғыл көмек барлық азаматтарға тегін кепілдендірілген көмек ауқымында, сақтандыру қорына қаржы аударған-аудармағанына  тәуелсіз көрсетіледі.

– Емхана қандай жағдайда азаматты тіркеуден бас тарта алады?

– Бір дәрігерге тіркелген адам саны екі мыңнан асып кеткен жағдайда емхана азаматты тіркеуден бас тарта алады (Медициналық сақтандыру қорымен келісім бекіткен басқа алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы болмаған жағдайда бас тарта алмайды).

Бастапқы санитарлық-медициналық қызметті көрсетуге облыс бойынша 19 мекеме келісім-шартқа отырды. Оның үшеуі жекеменшік: «Самал-Медикал», «Медикер-Жайық»,  «Сәлімжан» ЖШС. Олар қазірден бастап халық тіркелімін алып, алғашқы медициналық қызметті қолға алуда.

Санаты анықталмай, еш жерде тіркелмеген жұмыссыз азаматтарға мемлекет тарапынан жарна аударылмайды. Сондықтан, тегін медициналық қызметті алу үшін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі керек немесе 2020 жылдан бастап жеке тұлға өзі үшін бір ең төменгі жалақының 5 пайызын қорға аударуы қажет.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылады. Қызметкерлер үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. 2018-2019 жылдары жұмыс берушілердің есебінен жалақының 1,5 пайызы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде аударылады.

Қарамағындағы қызметкерлер үшін кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз жарна аударады. Өздері үшін 2020 жылдан бастап екі ең төменгі жалақының 5 пайызын аударады.

Жазып алған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*