ТҰМАУ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2014-2015 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмаудың А (Н1N1, Н3N2) типтерінің  айналымы болжанып отыр.

Тұмау ауруының алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, адамның қызуы жоғарылайды да, тоңған сияқты болып, басы ауырады. Бір мезгілде адамда әлсіздік, бүкіл денесінде делсалдық пайда болып, басы айналады, бұлшық еттері ауырады, құлағы шулайды.  Мұрыннан жиі су ағу байқалып, құрғақ қатты жөтел пайда болады. Тұмаудың алғашқы белгілері біліне бастаған кезде ауру адамды оқшаулаған дұрыс, көпшілік жерге бармауы керек. Оның ыдыс-аяқ, сүлгі, төсек орнын бөлек орналастырып, дәрігерді міндетті түрде  үйге шақыртуы керек.

Тұмау вирусының қауіптілігі ағзадағы созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыруы болып табылады.  Вирус аурудың ағзасында ауру басталғаннан кейін 3-5 күн сақталады. Сондықтан да, дәрігердің ұсыныстарын бұлжытпай орындаған жөн.

Тұмау ауруының алдын алудың бірден-бір жолы – ауруға қарсы екпе алу. Облыс бойынша тұмауға қарсы вакцина алуға жергілікті бюджеттен 16 млн.теңге қаражат бөлініп, оған 22200 доза вакцина алынды. Аталған вакцинамен облыстағы халықтың неғұрлым осал топтары (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері, жүктіліктің 2-3 үштік кезеңіндегі (триместр) жүкті әйелдер, сәбилер және балалар үйлерінің балалары) тұмауға қарсы екпемен қамтамасыз етіледі.

Тұмау ауруына қарсы екпе сау адамдардың 70-80 пайызын тұмау жұқпасынан, 60 пайызын әртүрлі асқынулардан, ал 80 пайызын өлім-жітімнен сақтайды.

Вакцина егуді күзде бастаған тиімді, себебі тұмау індеті желтоқсан мен наурыз айлары аралығында болады және екпе алғаннан кейін ағзада иммунитет пайда болғанға дейін 14 күннен 1 айға дейін уақыт керек. Екпеден кейінгі иммунитет 6-12 ай бойы сақталады. Тұмауға қарсы екпені 1 қазан мен 30 қараша аралығында алу қажет.

Қазақстан Республикасында тұмауға қарсы вакцинаның 4 түрі тіркелген: «Инфлювак» (Нидерланды), «Ваксигрипп» (Франция), «Флюарикс» (Бельгия), «Гриппол» (Ресей).

Тұмауға қарсы екпе алғандар ауырмайды немесе тұмаумен ауырғанымен, ауру жеңіл өтеді. Сондықтан, аурудың алдын алатын барлық шараны дер кезінде қолдану тұмаудың тарауына кедергі бола алады.

 Гүлназ Ербатырова,

Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқығын

қорғау департаментінің эпидемиологиялық

қадағалау бөлімі басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*