ТӘЛІМІ МОЛ ТРЕНИНГ

Газетіміздің өткен сандарының бірінде облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер Одағының жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған арнайы жоба бастағанын хабарлаған едік. Жоба бойынша түрлі тақырыптарға сай тренинг өткізіледі. Оның алғашқы «сабағында» жас кәсіпкерлерге тек бизнес ашсам деген ойдың аз болатындығы түсіндірілді. Міндетті түрде нақты мақсат қойылуы шарт. Бірінші рөлдік «ойын» жас буын өкілдерінің кәсіпкерлікке қажетті орын, қаражат, үйретуші керектігін жетік меңгергендігін көрсетті. Өзін Шынар деп таныстырған қатысушылардың бірі біз әлі күнге дейін кішігірім проблемалардың өзін таныс-тамыр арқылы шешу әдетінен арылмағанымызды жасырмады. Бірақ, бұл сенімді емес. Өйткені, әр уақыттың өзіндік ережелері болады. Ал, қатысушыларды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретуші тренер нақты міндет қойып, бизнесті жоспарлап, заңды жетік білген ғана жетістікке жететінін жеткізді. Келесі тренингте жастарға шағын бизнеске қатысты салық режимі, заңдылықтарға шолу, өнімді немесе тауарды қалай өткізу жөнінде кеңестер берілді.

Бүгінде Айтолқын Меркелованың бизнесі бар. Алайда, еңбек заңдылықтарына қатысты сауалдар туындаған сәтте кімге хабарласарын білмейді екен. Сондықтан, тренингке келіпті. «Қазірде заңдар мен талаптар күн сайын өзгеріп жатыр десем қателеспеймін. Біз бәрін бірдей бақылап отыруға мүмкіндігіміз болмай қалады. Мысалы, енді курс ұйымдастыру үшін лицензияның қажеті жоқ. Бұрын осы іспен анам айналысқанда лицензия ала алмай, жарты жыл жүретін. Мұндай тренингтер бізге бизнесті жоспарлап, кірісті есептеп, өзіміз қатарлы кәсіпкерлермен тілдесуге мүмкіндік береді. Бір-бірімізбен танысып, жақсы араласып кеттік. Келешекте алып-сатуда немесе қызмет көрсетуде бірігіп жұмыс істей аламыз. Тренерлердің де біліктілігі байқалып тұрды. Шарадан кейін сертификатқа қол жеткізсем, Одақ директоры Нина Темірбаева айтқанындай, жыл бойы өз бизнесімнің сұрақтары бойынша заңгер, экономистерден тегін кеңес ала алатын болдым», – деп пікірімен бөлісті ол. 

Айта кетелік, мамыр айында жастар арасында бизнес идеялар байқауы өтеді. Рас, идея көп. Бірақ, қайсысының қаншалықты өміршеңдігі мен кіріс әкелетіндігін арнайы комиссия шешетін болады.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*