ТҰЛҒАЛАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Мектеп ауласына қадам басқан сәтте-ақ, білім шаңырағындағы мерекелік көңіл-күй бірден бай-қалды. Келушілер сырттағы алтыбақан тепкен жастарды, оған қол созым жердегі асықтың қызығына түскен балаларды және оқушылардың көксерек ойынын тамашалады. Сол жерде бүгінгі мерекенің бауырсағын пісіруге қазандық та құрылыпты.

Шашу теріп, мектептің кең залына енген көпшілікті қазақтың хандары мен уәзірлері, батырлары мен билері қарсы алды… Ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар өздері бірлесіп ұйымдастыр-ған хандық дәуір мен тәуелсіз Қазақ елін бейнелеген театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынды.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың Шу мен Талас өзенінің бойындағы Қозыбасы жеріне Қазақ хандығының негізін қалағанын оқушылар сәтті көрсете білді. Қасым ханның бес тараудан тұратын жарғысы және атақты үш биіміздің өсиеттері де қазақ деген халықтың көрегендігі мен кемеңгерлігіне тағы бір мәрте тәнті етті. Мектеп ұжымы Жәңгір хан кезеңіндегі Орбұлақ шайқасын, сондай-ақ, Абылайды хан сайлаған кезде оның халқына берген серті, т.б. тарихи оқиғаларды сәтті сомдап шықты. Қойылым Қазақ хандығының және тәуелсіз еліміздің көк туын ұстаған оқушылардың орындауындағы «Алға, Қазақстан!» әнімен аяқталды.

Көрсетілімнен соң қатысушылар сөз сөйлеп, өз лебіздерін білдірді. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханова осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан ұстаздарға мақтау қағаздарын табыс етті. ҚКХП Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев мектеп ұжымы дайындаған қойылымның өте жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев те ұстаздар мен оқушыларға зор алғыс сезімін білдірді.

Шараны педагогикалық ұжым басшысы Шынар Имашова қорытындылап, жүкті жұмыла көтеріскен ата-аналарды марапаттап, ұстаздарға өз атынан ризашылығын жеткізді.

Ұйымшылдығы мен бірлігі жарасқан мұғалімдер мен ата-аналар және оқушылар бұл қойылымды жарыққа шығару үшін бір айдың үстінде дайындық жүргізіпті. Қойылымның сценарийін жазған әрі режиссері болған тарих пәнінің мұғалімдері – Кәмшат Оралбекова, Гүлжан Қожа-Ахмет, Эльмира Кадимова. Абылай хан рөлін сомдаған – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Таңатар Қаллепесов, өзге хандардың бейнесін сомдаған оқушылар Шынболат Мыңбаев, Эльдар Каримов, Бекарыс Бекқожа, Нұрбек Нұржауов, Нұрхан Төлебаевтар  шебер ойнап шықты.

Тарихи тұлғалардың рөлін сомдау оңай емес. Шәкірттер ұстаздарының кеңесімен тарих оқулықтарын ақтарып, деректі фильмдер қарап, қойылымның сәтті өтуіне зор қызығушылық танытқан.

Бағила ТІЛЕУҒАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*