ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНЕ ІҢКӘРЛІК (ЭССЕ)

r haniat Қоғам

… Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының басы. Оқырман жүрегін жаулап алуы-мен атақ-абыройы аспандап тұрған республикалық «Лениншіл жас» газетінің еліміздің батыс аймақтары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарамын. Комсомолдың съездерін былай қойғанда, оның Орталық Комитетінің пленумдарына дейін қатысуға шақырылып, Алматыға жылына әлденеше рет ат басын тірейміз. Барған сайын қауырсын  қалам кезімнен бауыр басып қалған Фариза апама соқпай кетпеймін. Қазақтың көрнекті ақыны менің әр келгеніме балаша қуанып, ауыл-аймақтың, өзінің көзкөргендерінің амандығын сұрап, мәз болып қалатын.

Сондай бір әржі-гүржі әңгіменің үстінде Фариза апа:

– Сен осы Новобогаттан Сайпеден Сидағалиев деген жігітті білесің бе? – дегені.

– Танимын, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істейді, – дедім мен.

– А-а, қазір комсомолда ма? Айтайын дегенім, ол да өзің сияқты тырнақалды дүниелерімен үміттендірген еді, бірақ ауыл шаруашылығы институтында оқып, мүлдем басқа салаға кетіп қалды. Ауыл жақтың баласы ғой, қазір қайда жүр екен деп ойлап қоямын кейде, – деді апай. Бір ғажабы, Фариза апа өзінің назарына іліккен кімді болса да ойынан шығармай, әрдайым тілекші болып отырушы еді.

r haniat

Содан Атырауға келісімен бұрын сырттай ғана білетін Сайпеденмен хабарласып, апайдың өзін сұрап жатқанын айттым. Бұған таңырқап қалған онымен одан әрі жақын араласа бастадық.

Оның мектепте оқып жүргенде өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, балалар газетіне жолдап жүргендігін, алайда өмір арнасы басқа бағытқа бұрып, ауыл шаруашылығы маманы болып шыққанын да өз аузынан естідім. Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылында туып-өскен Сайпеден еңбек жолын сол кездегі «Чапаев» кеңшарында жұмысшы болып бастапты. Сөзшең де пысық жігіт көп кешікпей кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, одан әрі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып шыға келеді.

– Жастық жігеріміз жалындап тұрған шақ еді ғой. Қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құрып, атакәсіпті кейінгі буынның жалғастырып әкетуіне үлесімізді қостық. Осы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданында «Көңілашар» мәдени-үгіт бригадасын, «Ауыл шаттығы» фольклорлық, «Нұр» вокалды-аспаптар ансамблін құрып, ауыл кештерін жайнатып жібергенбіз, – деп еске алады өзі бүгінде. Расында да, сол заманды біз де көрдік. Өткеннің бәрін бірдей мансұқ  етуге болмас, кейіпкеріміз айтқандай, тағылым алар игі тұстары да аз емес еді.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

(Толығырақ «Атырау» газетінің №11 санында)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз