Сындарлы сәттегі шешім талай адамды аман алып қалды

2009 жылдың қысында Атырау облыстық ауруханасынан өрт шықты. «Суыт хабарды ести салысымен оқиға орнына жеттік. Қараңғылықтан көз байланса да көргеніміз ауыр жағдай. Ескі ғимараттың бірінші қабаты отқа оранған. Дереу ауыздықталмаса оның ауқымы кеңейе түсетін сыңайы бар. Ойланып тұратын уақыттың жоқтығынан науқастарды құтқаруға кірісіп кеттік. Біз үшін бастысы, адамдарды аман сақтап қалу болатын. Дегенмен, жоғарғы қабаттағы егде сырқаттарды шығару қиынға түсті. Олар биіктіктен қаймығып, сатымен төмен түсе алмады. Ақыр соңында бір-бірлеп қапсыра құшақтап, әупірімдеп қауіпсіз жерге көшірдік. Науқастардың қажетті дәрілері қалып қойғандықтан, оттың ортасына қайтадан оралуға тура келді. Абырой болғанда, сол жолы ауруханадағы 250 адамның барлығы да құтқарылды. 240 млн. теңге тұратын қымбат жабдық та дер мезгілінде көшірілді. Мен мұны мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ. Бұл – біздің күнделікті атқаратын қызметіміздің көрінісі» дейді сол кездегі Атырау қалалық, ал, бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ.

%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%bb%d1%8b-%d1%81%d3%99%d1%82%d1%82%d0%b5%d0%b3%d1%96-%d1%88%d0%b5%d1%88%d1%96%d0%bc

Құрылым жетекшісімен сұхбатымызда құтқарушы қызметіндегі осындай тұстар қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті департаменттің атқарған және болашақта жүзеге асыратын жұмыстары баяндалды.

– Биыл да Атырау толассыз жауынның зардабын көрді. Сондықтан, әңгімені сол шақтарда күн-түнмен санаспай еңбектенген құтқарушылардың қызметінен бастасақ қайтеді?

– Дұрыс айтасыз, қазыналы аймақ үшін табиғаттың тосын мінезі сын болып тұр. Биыл да, былтырғы жылы да Атырауға толассыз жауын жауды. Соңғы 20 жылда кездеспеген жағдай жергілікті жұртшылықты біраз әбігерге салды.

Алдымен, осы мәселенің себеп-салдарына үңілсек деймін. Жаңбырдан соң көл-көсір су неге жерге сіңіп кетпеді? Атыраудың байырғы тұрғындарының айтуынша, бұрын үш метр тереңдікті қазсаң да ылғал көрінбейтін. Ал, қазір қаланың біраз бөлігінде жарты күректен соң су шығады. Мұның бір себебі, қаптап салынған жеке үйлердің көпшілігінің пайдаланған суды сорғызбайтындығында дер едім. Олар арнайы сыйымдылықты (септик) тастан қалағанымен, астын әдейі бекітпей кететін көрінеді. Сол жағдайдан лас қалдық жерасты суының деңгейін көтеріп барады.

– Оны кім қадағалауы тиіс еді?

– Әңгіме соны ешкімнің бақыламай тұрғанында болып тұр. Заңды белден басқандарға талап қойып, тәртіпке шақыру төтенше жағдайлар департаментінің құзыретіне кірмейді. Бәрін қойғанда, бұл біздің өз жеріміз, қоршаған ортамыз емес пе? Оған жанашырлықпен қарасақ, мұндай келеңсіз көрініс белең алмас еді. Әрине, жердің сортаңдығы басқа әңгіме.

Толассыз жауынды күндері қызметкерлеріміз уақытпен санаспай еңбек етті. Техникаларымыз мұндай жұмыстарға арналмаса да кілкіген суды сорып алуға күш салдық.

– Арнайы техникалар туралы айтып қалдыңыз. Төтенше жағдайлар департаментінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық жағынан қамтылуы қалай?

– Қазіргі күні иелігімізде 91 арнайы өрт сөндіру автотехникасы бар. Олардың барлығы тиісті тексеруден өткізілді. Қысқы мезгілге 25 жол талғамайтын көлік дайындалып қойылды. Облыстық әкімшілік жергілікті төтенше жағдай құрылымының материалдық-техникалық жағынан қамтылуына ерекше маңыз беруде. Бүгінде ПНС-100 деп аталатын Ресейдің су сорғыш стансасын алып жатырмыз. Өртті сөндіруге жаңа құрылғының мүмкіндігі өте жоғары. «Қолтығының» (рукава) өзі 1шақырым 200 метрді құрайды. Секундына 110 литр су атқылайтын құрылғыға да ерекше тоқталуға болады. Мұның бәрі қызыл жалынды ауыздықтау, қауіптің бетін қайтару үшін қажет.

– Былтыр тікұшақ арқылы тасымалданатын арнайы сыйымдылық алғандарыңызды білеміз. Оны оқыс оқиғалар кезінде қолданып көрдіңіздер ме?

– Әрине. Бұдан бұрын Құрманғазы ауданында қамыс өртенді. Мұны ауыздықтауға қолда бар техниканың мүмкіндігі жетпеді. Сіз айтып отырған құрылғыны пайдаланған соң ғана бой бермеген от сөнді. Оқиға орнында өзім де жүрдім. Нәтижесінде, қызыл жалын дереу ауыздықталды. Бізде барлығы «Ми-8» және «Еврокоптер» деп аталатын екі тікұшақ бар.

– Қазір қалада биік үйлер көптеп салынуда. Тосын жағдай туа қалса, жоғарғы қабаттағы өртті сөндіруге мүмкіндіктеріңіз жете ме?

– Бұрын ол біз үшін үлкен проблема болатын. Жергілікті бюджеттің көмегімен мәселе шешімін тапты. Қазір 16 қабатты үйге де жететін сатымыз бар. Жаңа құрылғы адамдарды жедел құтқарудың жайы ескеріліп жасалған. Яғни, оттың ортасында қалған жұртты арнайы «қолтық» арқылы немесе лифтінің көмегімен түсіру мүмкін болып отыр. Әрбір секунд қымбат кезде бұл бізге үлкен жәрдем, талай жанның өмірін сақтап қалуға себепші болатынына сеніңіз.

– Ал, қалада өрт кезінде техникаларыңыз бара алмайтын «қиын жерлер» бар ма?

– Біздің қазіргі мүмкіндігіміз жоғары. Дегенмен, проблемалар да бар. Көпқабатты үйлердің ауласына жұрт көлігін қойып кетеді. Әсіресе, түнгі мезгілде оның көптігінен аяқ алып жүре алмайсыз. Осы себептен арнайы сатыны қоюда қиындыққа кезігіп жатамыз. Ал, «тілсіз жау» уақыт өткізуді күтпейді. Жүргізушілердің дабылын қосқан өрт сөндіру техникаларына жол бермейтіндігі де айтпай кетпейтін мәселе. Бұл жол ережесі талаптарының сақтала бермейтіндігін байқатады.

– Қаһарлы қыс кезінде «Трэкол» техникасының талай жанды қар құрсауынан құтқарғанын білеміз…

– Мен де осы көліктің ерекшелігін айтайын деп отырғанмын. Биыл, өзіңіз білесіз, қыста қар көп жауды. Осы себептен кейбір аймақтарда жүріп-тұру қиындады, төтенше оқиғалар орын алды. Көлігі күртік қарға батқан, мал соңында жүріп адасқан адамдар апатты жағдайға ұшырады. Оларды дереу таппаса, қайғылы жағдайдың орын алатындығы анық болатын. Сол тұста «Трэкол» жол талғамайтын көлігінің артықшылығын көрдік. Мәселен, Құлсары мен Теңіз аралығындағы жолда 22 автокөлік тұралап қалғанында, осы техниканың көмегімен жолаушыларды құтқардық. Олардың арасында бір жасқа жетпейтін бала да бар еді. Шұғыл медициналық көмекті қажет ететін тұрғындарды ауылдан аудан, облыс орталығына жеткізуде немесе су ортасында қалған мұнайшыларды қауіпсіз жерге көшіруде «Трэколдың» көмегіне сүйендік.

Жол талғамайтын бұл техниканы интернет сайттарын қарап отырып тапқанмын. Ол бүгінде үмітті ақтады, адамдарды қиын жағдайдан құтқарды деп сеніммен айта аламын. Бізде оның 2 данасы бар, олар Атырау қаласы мен Жылыой ауданына берілді.

– Трассалардың бойында жол апаттары жиі болып жатады. Ол кезде қорғаушыларыңыз шұғыл көмек көрсетуге қаншалықты дайын?

– Біздің құрылымға көлденең адам келмейді. Оның үстіне құтқарушыларымыздың жан-жақты маман болуына маңыз беріп отырмыз. Қызметке алынған күнінен бастап олар апатқа ұшыраған жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. Жүйелі түрде біліктіліктерін жетілдіріп отырады.

Жол бойында бұрын екі медициналық-құтқару бекеті болатын. Оның бірі қазір Батыс Қазақстан облысының қарамағына өтсе, екіншісі Доссор маңында жұмыс жасап тұр. Бүгінде барлық ауданға апатты-құтқару автокөлігі алып берілді. Мұнда қажетті құрылғының бәрі бар. Апатқа түскен көліктен адамдарды шығару үшін пайдаланатын қысымды қысқыштар, темір кескіштер, тағы басқа жабдық жетерлік. Психологтар бар. Бекеттегі дәрігерлеріміз де білікті. Мамандарымыздың көмегінің арқасында талай жолаушы аман қалды. Айтпақшы, сол жердің науқастанған тұрғындары кейбірде біздің ақхалаттыларымызға келіп, емделіп кетеді екен. Бұл да қызметкерлеріміздің біліктілігін байқатса керек.

Апат ешқашан айтып келмейді. Біз де төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге әркез дайын отырамыз. Ал, сындарлы сәттегі шұғыл шешім талай адамды аман алып қалуға себепші болады.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*