Сын сағатта

«Атырау-Ақпарат» ЖШС мен Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік архивінің бірлескен жобасы

????????????????????????????????????

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 7 ақпандағы Жарлығымен  Сағат Қашқынұлы Түгелбаев Гурьев облысының әкімі болып тағайындалды.

Бұған дейін әр кезеңде обкомның өндірістік-транспорттық бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1982 жылдары І хатшының көмекшісі, 1982-1985 жылдары Гурьев машина құрылысы заводының директоры, 1985-1986 жылдары обкомның өндірістік-транспорт бөлімінің меңгерушісі, 1986-1987 жылдары Ембі ауданы партия комитетінің І хатшысы қызметтерін атқарған Сағат Түгелбаев ел алдында өзіндік пікірі бар, Теңіз кеніші мәселелерін терең білетін басшы ретінде танылған еді. Архив деректері оның Ембі ауданының І хатшысы кезінде-ақ ерекше пікірлерімен көзге түскенін көрсетіп отыр.

Мұнайлы өлкенің әкімі болып тағайындалған тұста Сағат Түгелбаев облыстың экономикалық-әлеуметтік даму болжамдарын саралап, ең бастысы, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау деп анық көрсетеді. Және елімізде нарықтық экономикаға өтуді ұйымдастыру жұмыстары қолға алынады. Көп ұзамай «А.Шин», «М.Досқалиев», «Г.Ким» шаруа қожалықтары құрылып, арнайы жер телімдері беріледі.

Бұл кезеңде республикада мемлекеттік меншікті жекешелендіру басталған-ды. Соны ескерген Атырау облысы әкімшілігі 1992 жылғы 3 наурызда «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің мемлекеттік ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, қызмет көрсету объектілерінің мүлкін жекешелендіру жөніндегі жедел шаралар туралы» өкімін шығарып, 21 адамнан тұратын комиссия құрады. Сол арқылы көптеген мемлекеттік объектілер жекешелендіруге ұшырады. Осыған орай, Теңіз ауданында жекешелендірудің бағдарламасы дайындалып, жекешелендіруге жататын шаруашылықтардың тізімі жасақталады. «Көптоғай» совхозында коллективтік меншік негізінде шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарынан қауымдастық құрылып, бұл жұмыс «Балқұдық», «Октябрь» совхоздарында жалғасын табады.

Нарықпен бірге облысқа шетел инвестициясы келе бастады. Осыған байланысты, әкімшілік 1992 жылы 2 наурызда арнайы шетел инвестициясы бойынша басқарма құрады. Оның басшылығына Б.Соколов бекітілді. Бұдан әрі ұйымдастыру жұмыстары жалғасты. 1992 жылы 13 наурызда облыс әкімшілігі жанынан алқа құрылды. Алқа әкімшілік басшысы, ол болмаған жағдайда оның бірінші орынбасарымен өткізілетін болды. 14 адамнан тұратын алқаға әкім орынбасарлары, әділет басқармасының басшысы И.Елекеев, мемлекеттік мүлікті басқару бойынша территориялық комитет төрағасы А.Қалыбеков т.б. енгізілді.

С.Түгелбаев облысқа бағынатын шаруашылықтарды қаржыландыу мәселесін  шешуге күш салды. Мәселен, осы тұста облыстағы балық шаруашылығы кәсіпорындары мен ұйымдары, балық аулау колхоздары Қазақстан Республикасының қарамағына көшкен-ді. Мұны ескерген әкім балық шаруашылығы мелорациясын қаржыландыру көзінің жоқтығына байланысты және облыстағы су қоймаларында балық қорын көбейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру үшін мәселенің бірыңғай тапсырыс берушісі етіп «Ақ балық» қауымдастығын бекітеді. Ал, жұмысты қаржыландыру «Атырау балық» – құты комбинатына, Шортанбай балық заводына, Теңіз ауданындағы 4, Балықшы ауданындағы 5 колхозға және өзгелерге жүктеледі. Облыста халық шаруашылығына қолма-қол ақшаның жетіспеуі байқалды. Мәселен, «Теңізмұнайгаз» басқармасының еңбек ұжымы оларды азық-түлік, күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз етуді,  сол үшін айлық жалақыларының бір бөлігін аударуын сұрауы әкімшілікте қаралады.  Оған ауыл шаруашылықтарындағы жанар-жағармайдың жетіспеуі қосылды.

Әкімшілік ұлтымыздың тарихи атауларын қайтаруды жалғастырды. 1992 жылы 25 қыркүйекте Ембі ауданын Жылыой атауына ауыстырды. Қабылданған шешімде «1928 жылы Жем, Жем-Атырау, Ақжол әкімшілік-территориялық елді мекендері негізінде Гурьев округінде Жылыой ауданы, аудан орталығы Жылыой елді мекенімен құрылған болатын. 1964 жылы Мақат және Жылыой аудандарындағы өнеркәсіптік өндірістік базасы негізінде күштеп ұжымдастыру, валюнтаризм нәтижесінде Ембі ауданы құрылды. Көпшіліктің сұрауы бойынша тарихи атауы қайтарылсын» делінеді. Ал, келесі бір отырыста осы аудандағы Амангелді ауылын Ақкиізтоғай атауына ауыстыру мәселесі шешілді. Мұның барлығы экономикалық қиындықтардың өтпелі екенін сезінген ел азаматтарының ортақ мүддесі болатын.

Әкім облыстағы архив жүйесін сақтауға да көңіл бөлді. Ол 1992 жылы 26 наурызда өз шешімімен жекешелендіріліп жатқан өндіріс орындары, мекеме, ұйымдардың архивтарын сақтауды аудан басшыларына, қалалық әкімшілікке міндеттеді. Әрбір ауданда архив құру, оларды аудандық әкімшілік есебінен ұстау, барлық құжаттарды есепке алуды қатаң тапсырды.

С. Түгелбаев облыс территориясындағы полигондардың жергілікті халыққа тигізіп отырған экологиялық зиянын зерттеу және оны жабу бағытында да тер төкті. Осы мақсатта Азғыр, Сүйіндік елді мекендері халқына полигондардың тигізген зардабы тексеріле бастады. 1992 жылы 30 маусымда Балқұдық пен Азғырда, 15 шілде де Азғырда халықпен кездесулер ұйымдастырылды. Қорытындысында облыс әкімшілігі Ә.Бисенов бастаған 17 адамнан тұратын топ құрып, 28 шілде де Азғыр өңіріне жіберілді. Кейін 14 тамызда облыс басшысы «Теңіз ауданы Азғыр аймағының мәселелерін шешудің кезек күттірмейтін мәселелері» шешімін қабылдап,нақты шараларды белгіледі. Оның ішінде Санкт-Петербург университетінен эколог мамандарды шақыру, Сүйіндік-Балқұдық-Қарабайлы автожолдарын салу, автобус жүргізу, медициналық көмекті жақсарту, Азғыр ауылдық кеңесіне екі нан пісіретін пеш алу, электрэнергиямен қамтамасыз ету т.б. бар.

Көп ұзамай Санкт-Петербург қаласындағы ғылыми-зерттеу институтына Азғыр полигонының тигізіп отырған зиянын тексеруге арнайы тапсырыс берілді. Зерттеу нәтижелері осы аймақтарда радиактивті заттардың шектен тыс мөлшері (камдий, стронций, қорғасын) бірнеше есеге көбейіп кеткенін анықтады. Оны басшылыққа алған С.Түгелбаев Қорғаныс Министрі, генерал-полковник С.Нұрмағамбетовпен келісе отыра, 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Атырау облысы аумағындағы Тайсойған және Азғыр полигондары жұмысын тоқтатуға, Қазақстан әуе кеңістігін Ресейдің бейбітшілік мақсатта ғана пайдалануға келіскен шешімі жарияланады.

1992-1994 жылдары  елді алаңдатқан облыста су тасқыны орын алады. 1992  жылғы 16-17 қазандағы Исатай ауданындағы Забурын мен Чапаев совхоздарынакелген теңіз суы, 1993 жылы Атырау мен Құлсарыға, ал, 17 сәуірде Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыға төнген жойқын су тасқыны барша жұртты жұмылдыра түсті. Совхоздарға облыс есебінен несие берілді, құрылыс мамандары жіберілді. Забурын-Амангелді, Есіркеп-Жанбай каналдарын қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Облыста арнайы штаб жұмыс жасады. 1993 жылғы 18 мамырда Қызылқоға ауданының әкімі Е. Нұршаев, кеңес төрағасы Ә. Сәлімгереев облыс әкімі С. Түгелбаевқа: «Қызылқоға ауданының Миялы селосында табиғи апат тудырған зардаптар барлық жерде де қиын жағдайды қалыптастырып отыр. Көптеген отбасылар баспанасыз қалып отыр. Ал, көпшілігінің дүние-мүліктері суға кетті немесе топан судың астында қалып, пайдаға аспайтындай бүліншілік жағдайға ұшырады» деп хабарлады. Апаттан Миялыдағы 378 үйдің 78-і толықтай бұзылса, қалғаны белуардан суда тұрды. Атырау қаласынан нан, азық-түлік үздіксіз келіп, ауыз су әрбір отбасыға таратылып берілді.

Атырау сүт комбинатынан қызылқоғалық Тілекқабыл Дәулетяров жерлестеріне азық-түлікті өзі бастап әкелді. Алғашқы он күнде Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шымкент қалаларынан 240 киіз үй, 80 палатка, 18 вагон келіп жетсе, Біріккен Ұлттар Ұйымынан, Швецариядан жылы одеялдар, ақ жаймалар, палаткалар, құрылыс материалдары жеткізілді. 800-ге жуық құрылысшы көмекке келді. Сыналар шақта С.Түгелбаев, Е.Нұршаев және өзгелер үлкен ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті. 1993 жылғы 16 маусымда облыс әкімі апатқа ұшырағандарға көмек қолын созып, Исатай ауданына 300 миллион, қалалық әкімшілікке 150 миллион, Индер әкімшілігіне 20 миллион сом бөлгізді. Кейін 1994 жылғы 12 тамызда облыс әкімінің «1994 жылғы көктемгі су тасқынының нәтижесі және Каспий теңізі мен облыс өзендері деңгейінің көтерілу зардабын ескерту мен жою жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: «1994 жылғы су тасқыны өте жоғары болды, тап осындай 1922 жылы болған. Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі Махамбетте – 5,85, Атырау қаласында – 2,89 метрге жетті»делінген.

Сағат Қашқынұлы ел үшін аса бір сындарлы сәтте өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Экономикамыз нарыққа көшті, жекешелендіру іс жүзіне аса бастады, облыс шаруашылығына шетелдік капиталмен қатар, маман кадрлар келді, қазақстандық мамандардың шетелдің өндіріс орындарында тәжірибе алмасуы жүзеге асты. облыста бюджеттік мекемелерді үздіксіз қаржыландыру, әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалған халық жіктерін қолдау, жәрдемақыны уақытылы төлеудің өзіндік механизмдері қалыптасты. Ұзақ жылдар бойы дайындалған Қазақстан және АҚШ арасындағы бірлескен кәсіпорын дүниеге келді. Көп ұзамай С.Түгелбаев өзін облыс әкімі қызметінен босату туралы өтінішін білдірді. Ел Президенті 1994 жылы 16 қазанда өз Жарлығымен Атырау облысы  әкімі қызметіне Р.Шырдабаевты тағайындады. Облысты басқаруда өзіндік қолтаңбасын қадырған Сағат Қашқынұлы «АтырауМұнайМаш» серіктестігін құрды.

 Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Райса ТАСТЕМІРОВА,

Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*