Сулы-батпақты жерлер күніне фотокөрме ұйымдастырылды

Осындай тақырыппен облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватымен бірлескен фотокөрме жасақталды. Аталған шара 2-ақпан – сулы-батпақты жерлер күніне орай ұйымдастырылып отыр. 

IMG_9027-13-02-17-09-09

Шара барысында «Ақжайық» резерватының сулы-батпақты алқапқа жату ерекшелігі, биоалуантүрлілігі туралы қала тұрғындарына кеңінен ақпарат берілді.

Жергілікті флора мен фаунасы әр алуан, бұл аймақта құстардың 292 түрі тіркелген, оның 110 түрі ұя салады, 76-сы қыстайды, 106-сы ұшып өтеді. Міне, осы деректерден хабар беретін фотокөрме музей залында бір апта бойына жалғасады.

Айта кетейік, суда жүретін құстарға ең басты мекені саналатын сулы-батпақты жерлер туралы Конвенцияға 1971 жылы 2 ақпанда Иранның Рамсар қаласында қол қойылған болатын. Содан бері «Рамсар Конвенциясы» деген атаумен келе жатыр. Конвенцияның басты мақсаты барлық әлемде тұрақты даму жетістіктері ретінде сулы-батпақты жерлерді тиімді қолдану және сақтау болып табылады.

IMG_9023-13-02-17-09-09

– Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя бесігі, бар байлықтың ырысы, қазынасы. Ал, адам үшін табиғат – ең қасиетті де, қастерлі ұғым. Қоршаған ортаны аялау барша адамзаттың парызы десек, сол табиғат ананың ертеңіне бүгіннен алаңдаудың артықшылығы жоқ секілді. Қай нәрсенің  де алдын-ала  отырып, жүйелі жұмыстар атқарылса,  оның берері де мол болмақ, – деді аталмыш музей директорының орынбасары Жәнібек Аманиязов фотокөрменің ашылу салтанатында.

2009 жылы 6-ақпан күні ҚР Үкіметінің №119 қаулысымен  Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр атырабындағы  аумаққа «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты атағы берілді. Экологиялық көзқараспен қарағанда  Жайық өзені атырабы мен іргелес Каспий теңізі жағалаулары –сирек кездесетін және эндемикалық судағы және құрлықтағы өсімдіктер топтамасы мен жануарлардың түрлері табылатын ерекше табиғи кешенді аумақ.

IMG_9025-13-02-17-09-09

Сонымен бірге, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғап қана қоймай, ғылыми зерттеу жұмыстары, экологиялық ағарту және туризмді дамыту мақсатында да қызметтер атқарады.

– Көрмеге келген қонақтарға өлкеміздегі «Ақжайық» резерватының судағы және құрлықтағы өсімдіктер топтамасы мен жануарлардың түрлерімен танып білуге мүмкіндік туды», – дейді резерваттың бөлім меңгерушісі Нұргүл Оразғалиева. – Фотокөрмеге өлкеміздің бай табиғатын танытатын 40-тан астам  фотосурет қойылды. Оның 36 түрі қызыл кітапқа енген.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА,

                                            Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*