СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

 

ЕДІЛДІҢ СУЫ ЕРТЕҢГЕ ЖЕТЕ МЕ?

Жалпы, Атырау облысы шөлейтті аймақ болып саналады. Бұл – нақты дәлелденген, ғылыми тұжырымдалған нәрсе. Өңірдегі жарты миллионға жуық халықтың қажетіне жаратып отырған екі ғана су көзі, яғни Жайық пен Қиғаш бар. Көршілес Ресейден бастау алатын олардың да соңғы жылдары арнасы тарылып, түбі тайызданғаны соншалық, бұрын шөміштеп ішетін суды енді қасықтап ұрттауға тура келеді. Оның үстіне, мұнайлы мекенде іргелі жобалар жүзеге асып, ірі кәсіпорындар саны күрт өсуіне байланысты су тұтынушылар қатары бұрынғыдан да көбейді. Солардың бәрі өңірдегі қос өзенді сорып жатыр.
Енді, облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, таяуда қатарға қосылмақшы «Болашақ» зауыты да қиырдағы Қиғаштан келетін, сонау 1987 жылы қатарға қосылған Астрахан-Маңғыстау магистральды құбырына иек артпақшы. Ал, одан іргелес жатқан Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары ауыз су алып отыр. Демек, ертеңгі күні солар шөлдеп қалмас па екен?
Оның үстіне, Теңіз кенішіндегі нысандарға да су осы құбыр арқылы жеткізіледі. Қазір кен орнын игерудің үшінші сатысы қолға алынып жатқандығын ескерсек, онда алдағы уақытта қажеттілік қазіргіден де еселеп артады. Ақырында, осы құбыр тұтас Жылыой ауданының сұранысын қанағаттандырмақшы. Республикада тұңғыш рет салынбақшы газ-химия кешенінің қажетін де осы құбыр арқылы өтеу көзделген. Сонда бір желіге шамадан тыс ауыртпалық артылмай ма? Оның өзі Ресейдегі Еділ өзенінен келетіндіктен, ертеңгі күні көршілер тарифті еркінше көтеріп, бағасын білгенінше шарықтатуы мүмкін емес пе? Қазірдің өзінде Теңізді игерушілер әр текше метр Еділ суын бір мың теңгеден сатып алып отырған көрінеді.
Бұл ретте қалыптасуы ықтимал қауіпті жағдай – осы құбыр жұмысының қалыпты қызмет істеуіне деген күдік. Өйткені, мамандардың айтуынша, бұдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын қатарға қосылған құбыр содан бері кеңейтілмеген. Қазірдің өзінде жазғы суландыру науқаны кезінде қос облыста да ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Құлсарыда суды белгілі бір мезгілге сағаттап беріп отырғандығының бір себебі де сол.
Қазір Еділ суын облыстағы 54 табиғат пайдаланушы тұтынып отыр. Олардың жартысы — мұнай-газ саласының кәсіпорындары. Келешекте оған республикадағы бірінші газ-химия кешені де қосылуы күтілуде. Жалғыз құбыр осы салмақтың бәрін көтере алар ма? Бір күні жарылып қатардан шықса, ондаған кәсіпорын, жүздеген тұрғын ауыз сусыз қалмай ма?
Міне, Еділ суына иек артудың сенімсіздігі осыдан-ақ сезіліп тұр. Алдымен, ресейлік тариф қымбатшылыққа соқтырып, ертеңгі күні бар ақшамызды соларға шытырлатып санап беруге тура келеді. Мәселен, бүгінде жылыойлықтар облыстың өзге өңіріндегілермен салыстырғанда ауыз суды қымбатқа тұтынып отыр. Құбырдың құлағын ұстаған «КазТрансОйл» акционерлік қоғамымен бұған дейін жүргізілген келіссөздер ешқандай дерлік нәтиже бермеді. Оның үстіне, Маңғыстау жұрты осы суды арзанға тұтынады екен. Қымбатшылық тек Жылыой ауданына қатысты қалыптасқан. Бұл ретте, сірә, Теңіз кенішіндегі инвесторлардан көбірек қаржы алып қалу мүмкіндігі алға тартылып, іргедегі тұрғындар соның жетегінде кетсе керек.
Теңіз кеніші демекші, бұдан біраз жыл бұрын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құлсарының ар жағындағы жерасты суларын пайдалану бастамасын ұсынған. Расында да, ертеректе геологтер мекені саналған Биікжал елді мекенінің Желтау бағытында бұрғышылар қазып кеткен жасанды фонтандар жеткілікті. Жақында жол түсіп, сол жерлерді аралап қайтқанбыз. Сонау кеңестік кезде қазылған ұңғымалар әлі су беріп тұр. Қазір бұрынғыдай емес, далада мал да аз. Анда-санда әр төбеден біраз жылқы көзге түседі. Міне, солар осы судан суарылады. Демек, сәл тазартып, қышқыл дәмінен арылтса, адамдардың да тұтынуына болады. Жергілікті геологтерден осы жерасты суларын білген шетелдіктер оны кәдеге жаратуға ұмтылса керек. Бірақ, сол мәселе сиырқұйымшақтанып, ақыры шешілмей қалды. Өкінішті-ақ, әйтпесе, сол жерасты сулары тұтас аудан халқына да жететін еді. Еділ суының ертеңін ойлағанда осылай толғануға тура келеді.

ЖАЙЫҚ ЖҰРТТЫ
ЖАРЫЛҚАЙ МА?

Қазір ерке Жайық та бұрынғыдай толқыны жағаны соғып, арнасынан аса тасымайды. Кезінде талай ақынның өрнекті өлеңіне арқау болып, талай сазгерге шабыт сыйлаған өрелі өзен күннен-күнге тартылып келеді. Бұлай жалғаса берсе, қу тақырды шұқылап қалатын түріміз бар. Өйткені, Индербор кентінде көпір тұрғызылғанда жиналғандар Жайыққа аянышпен қараған. Себебі, су сарқылып, оның қос жағалауының бір-біріне жақындағаны соншалық, созған құлаш жететіндей. Республика бойынша ауылдық жерде салынған ең ұзын көпір саналған нысанның көп бөлігі ылғалы кеуіп, шөбі шығып, әбден құрғаған қара жерде қалыпты.
Трансшекаралық Жайықтың жағдайы қазір де жақсы емес. Бастауы Ресейден алынатын оның жоғары бөлігі түрлі бөгеттермен бітеліп жатыр. Бұдан біраз жыл бұрын Атырауда көрші мемлекет мамандарымен бірлескен кеңейтілген кеңес өтті. Сонда Мәскеуден келген бір шенеуніктің «суды бөгеп жатқан біз емес, башқұрттар» дегеніне қатты таң қалғанбыз. Ау, сонда Жайыққа мол суымен құйылатын Сақмар өзенінің бойына қаптатып гидроэлектр стансаларын салып жатқан Башқұрт республикасына Ресей үкіметі үндей алмай ма? Башқұрттар осы мемлекетте тұрмағанда, бөтен елдің адамдары ма? Демек, бұл солтүстіктегі көршілеріміздің қитұрқы әрекеті. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, жоғарыдағы ресейліктер төмендегі қазақстандықтарды ұзын арқан, кең тұсаумен ұстап отыр. Алдымен өздерінің қоймаларын суға толтырып, артылғанын ғана бізге береді.
Рас, бұл мәселе қос мемлекет басшыларының араласуымен үкіметаралық комиссияда таразыға тартылып та жүр. Өйткені, трансшекаралық өзендердің бірлесіп пайдаланылатын халықаралық тәртібі бар. Осындай келіссөздердің нәтижесі шығар, соңғы кезде судың келісі жаман емес. Биыл да Жайықтың Атыраудағы арнасы толық толмағанымен төменге біраз су жетті.
Жайық проблемасын бұлай кеңінен қозғап отырған себебіміз – оның да тұтынушыға жетпей қалу қаупінің анық туғандығы. Қазір оны облыс халқының дені ғана емес, осындағы іргелі кәсіпорындардың да көбі пайдаланып отыр. Атырауда салынып жатқан түрлі әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер де осы өзеннен су алады. Бұрын тозған тұрба мен жарық құбырдың салдарынан жоғары қабаттарға су көтерілмейтін болса, енді ол табиғи түрде төмендегілерге де келмей қалу қаупі бар.
Жағрапиялық тұрғыдан қуаң саналатын Атырау аумағында егін шаруашылығын дамыту қиын делінгенімен, азық-түлік белдеуін ұйымдастыруда алдымен Жайық жағасындағы Махамбет пен Индер аудандарына иек артылып отыр. Ал, мұндағы диқандар көктемде шашқан дәндеріне жазда су таба алмай сарсылуда. Ол да тегін емес, сатулы. Бұдан кейін өзімізді бау-бақша дақылдарымен және көкөніспен қамту мүмкін бе? Сырттан келетін сапасы күмәнді, бағасы жоғары өнімдерге иек артып отырғанымыздың бір себебі осы емес пе? Демек, Жайықтың да жуырда жарылқайтын түрі жоқ.

ҮНЕМДІЛІК – ТИІМДІЛІК КЕПІЛІ

Енді, қалыптасқан ахуалды біздің жағдайымызда жақсарту жолы қандай? Экологтер бұл ретте кәсіпорындарда техникалық мақсатта тұтынып отырған суды тазалап, қайталап пайдалануды ұсынады. Бұл – бүгін ғана айтылып жүрген жай болмағанымен, әлі шешімін де таппаған мәселе.
Қазір, Ербол Қуановтың айтуынша, Аджип ҚКО компаниясы халықаралық стандарттарға сай қосымша тазалау қондырғысын тұрғызуды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде әбден тазаланған сарқынды және жер қабаты сулары қайтадан қолданысқа енбек. Алайда, бұл қондырғы тек 2015 жылы ғана пайдалануға берілмек. Ал, оған дейін ше? Амал жоқ, мыңдаған текше метр су еш қайтарымсыз жерге сіңбек.
Жалпы, «Болашақ» зауыты келешекте тұтынған суының 70 пайызын қайта қолданысқа енгізуді көздеп отыр. Солтүстік Каспий жобасына қатысушылардың бұлай істемеске амалы да жоқ. Өйткені, олар, қайталап айтқанда, сонау 1987 жылы қатарға қосылған Астрахан-Маңғыстау құбырына жалғанбақшы. Мамандардың есебінше, мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы жылына екі миллион текше метр шамасында су тұтынбақшы. Ал, соның бәрі буландыру алаңына айдалса, не болмақшы? Сондықтан, «Болашақ» зауытында тұтынған суды қайтадан пайдалану қондырғыларын орнатпаса, күрделі кәсіпорын тек Қиғаш суына тәуелді болып қалады. Жоғарыда айтылғанындай, аталмыш құбырдың бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмегендігін ескерсек, бір күні сыр беруі әбден ықтимал. Онда, сөз жоқ, зауыт қызметі тоқтайды. Мұндай тәуекел кімге керек?
Өткен жылы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі БАҚ өкілдеріне Теңіз кенішінде тұтынған суды қайта пайдалану қондырғысын қолданатындығын көрсеткен. Кен орнына барған журналистерге жабдықтың қалай жұмыс жасайтындығы айтылды. Егер алдағы уақытта кенішті игерудің кезекті сатысы жүзеге асырылатындығын ескерсек, бұл – дер кезінде қолға алынып отырған шара.
…Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – табиғатқа салмақ салмай, барымызды тиімді пайдалану. Жайық пен Қиғаштың тағдыры таразыға тартылып, олардың тетігі өзгелердің қолында тұрғандықтан, бір ұрттам суымызды үнемді жұмсауды үйренуіміз керек.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын тартуда» деген-ді.
Қазірдің өзінде Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан жоғарыдан басталатын су көздеріне Тәжікстан мен Қырғызстанның жаңа электр стансаларын сала бастағанына қарсы. Соның салдарынан төменде жатқан үш мемлекет ауыз су тапшылығына тап болуы ықтимал. Әсіресе, трансшекаралық болып табылатын Әмудария мен Сырдарияның плотиналар арқылы жоғарыдан бекітілуі – төмендегі миллиондаған адамның тағдыры таразыға тартылуына себеп. Ал, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов суға талас осы мемлекеттер арасындағы ұсақ-түйек кикілжіңге емес, нағыз соғысқа соқтыруы мүмкіндігін ашық айтып отыр. Міне, мәселе қайда?..

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*