СУДЬЯЛАР СПАРТАКИАДАСЫ

сайыстың  жеті  түрінен  өтіп  жатыр

Кеше «Мұнайшы» стадионында ҚР Судьялар одағының аймақтық VІІІ спартакиадасы басталды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Дене шынықтыру мен спортты насихаттауды, салауатты өмір салтын қалыптастыруды соттар өздерінен бастады. Осылайша, 2003 жылы Ақтөбе қаласында алғаш рет Батыс аймақ судьяларының спартакиадасы өткен болатын. Ол кейін Атырау, Қызылорда, Ақтау, Орал қалаларында жалғасын тапты. Дәстүрге айналған шараны өткізу мүмкіндігі биыл тағы да мұнайлы астанаға тиіп отыр. Дүбірлі додаға бұл жолы да республиканың батыс өңіріндегі Атыраудан өзге, Ақтөбе, Маң-ғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан командалар қатынасуда. Олар спорттың жеті түрінен, атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, шахмат, дойбы, бильярд, стол теннисі және үлкен теннистен бақ сынауда.

– Халқымызда «Тәні саудың – жаны сау» деген сөз бар. Спортпен үзбей айналысу бойға ғана емес, ойға да сергектік береді. Ол судьяларымызды сот төрелігін жүзеге асыруда қара қылды қақ жарған әділ, турашыл болуға ықпал етері сөзсіз. Жалпы, бүгінгі үлкен жарыста жеңілген жақ болмайды. Қарбалас жұмыстарыңыздың арасынан уақыт тауып, қатынасып отырғандарыңыздың өзі үлкен жеңіс деп есептеймін. Елбасының 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамында» сот жүйесін дамытуға ерекше назар аударылған болатын. Соттарға үлкен міндеттер жүктелген еді. Мұның өзі сот билігінің маңызын көрсетсе керек. Қызметте де, өмірде де үлкен абырой ар-қалап жүрген Сіздерге бүгінгі спорттық жарыста да алдан көрінеді деген сенім артамын, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов та сынға түсуші судьяларға игі тілегін арнады. «Айтулы шараның судьялар қауымдастығын жұмылдыра түсудегі, филиалдар арасындағы байланыстарды нығайтудағы, ұжымдастар арасындағы сыйластық, жолдастық қарым-қатынастарды одан әрі бекіте түсудегі мәні зор деп білемін. Ал, спартакиаданың жоғары деңгейде өтуі біздің бірлігіміз бен ұйымшылдығымызды көрсетеді. Ендеше, ол жарысқа қатынасушыларға тек қана жақсы, жағымды әсер қалдырады деп ойлаймын» деді құрылым жетекшісі.

ҚР Судьялар одағының аймақтық VІІІ спартакиадасына қатынасушылар стадионда командалық саппен салтанатты жағдайда өтті. Ресми шаралардан соң дүбірлі доданың туы көтерілді. Ту көтеру құрметі бұдан бұрын-ғы спартакиадада үлкен теннистен күміс жүлде алған Атырау мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Мақсат Сембинге тапсырылды. Ал, аймақтық VІІІ спартакиаданың бас төрешісі болып Бұқара Нұрсұлтанов бекітілді.

Екі күнге созылатын спарта-киада алғашқы сәттен-ақ тартысты басталды. Командалар оған үлкен дайындықпен келгендерін байқатуда. Жарыстың қорытындысы туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*