Су айдынынан «мал іздеген» балық барымташыларының сылтауы таусылар емес

Су маржаны қорын сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру – бүгінгі буын парызы. Бұл ретте, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, ішкі істер департаменті, су полициясы органдарымен бірлескен рейдтік шараларды тұрақты жүргізуде. Кезекті рейд барысында біз де айдындағы заңсыз әрекеттерді бақыладық.

Су айдынынан «мал іздеген»

Жайық өзенін бойлай жүзе бастаған сәтте шағын қайықтағы формалы адамдардың су астындағы торларды сүзіп жүргенін көрдік. Жолбасшымыз – облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Рүстем Қорқытовтың айтуынша, өзеннің асты «балық барымташыларының» құрған ауы мен қармақтарына толы. Сүзіп алынған аудың барлығы қытайлық болып шықты. Оның Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропада тыйым салынғанын білдік.

Экологтардың айтуынша, балық торының қоршаған ортаға келтірер зияны мол. Ол сапасы төмен, улы материалдан жасалады. Арзан болғандықтан балықшылар бір реттік пайдаланатын бұйымды өзенде жиі қалдырып кетеді. Бұл, әсіресе балықтың уылдырық шашатын кезінде айтарлықтай зиян келтіреді.

Аталмыш науқан шеңберінде браконьерлік фактілерінің неғұрлым көп кездесетін жерлерде 17 бекет ұйымдастырылды. Біз рейд барысында Жайық өзеніндегі – 9, Каспий теңізінің жағалауындағы 3 бекетті шолып шықтық.

Сонымен, Балықшы, Жұмыскер, Ракуша ауылдарын артқа тастап, Құрманғазы ауылының тұсына жақындадық. Осы арада ішкі істер департаменті қызметкерлерінің «барымтада» жүрген екі азаматты құрықтағанының куәсі болдық.

Осыған қатысты облыстық ішкі істер департаментінің балық қорын қылмыстық әрекеттерден қорғау бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманжол Жуканов былай деп түсініктеме берді:

– Ұсталған екі азамат қолдан жасалған ағаш қайық пен қытай торларын тастай қашып, тоғайға қарай жасырынуға тырысты. Бірақ, «Бүркіт» арнайы жасағының жедел әрекетінің арқасында екеуі де ұсталды. Олар «біз мал іздеп жүрген адамбыз, балыққа қатысымыз жоқ» деген сылтау айтады.

Иә, «қайыққа тор салып алып, мал іздеймін» деген адамға кім сенеді?

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Арман Молдашев «мұндай сылтауды заңсыз балық аулайтындардың барлығы айтады» дейді.

– Еліміздің басты байлығының бірі – бағалы балықты қорғау мақсатында күні-түні жұмыстанып жатырмыз. Жуырда Жанбайдағы ахуалды байқап келдік. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізгеннің арқасында ауылдағы жағдай тұрақтанды. Бұл – браконьерліктің тамырына балта шабу үшін мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесі, – деп түсіндірді Арман Молдашев.

Жалпы, су астындағы торлардың көптігі соншалық, қайық  моторына оратылып, біраз кедергі тудырды.

Одан әрі Жайықтың үстінде он шақты қайықты кездестірдік. Балық қорғау мамандары мен арнаулы жасақтың сарбаздары олардың қайықтары мен құжаттарын тексерді. Олар – «Амангелді» және «Тілекші» кооперативтерінің балықшылары. Негізінен, Жайық-Каспий бассейніндегі кеме жүрісі режимінің заңдылығын тексеру Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы мен «КС» маркалы өзен катеріне жүктелген.

Енді Жайық өзенінен Каспий теңізіне шығуға бет алдық. Теңізді үш сағатқа жуық бақылағанымызбен, браконьерлер назарға ілікпеді. Бірақ, бұл – теңізде балық барымташылары жоқ деген сөз емес. Жолбасшының айтуына қарағанда, браконьерлер түн жамыла жорыққа шығатын көрінеді. Сол кезде балық қорғаушылар қырағылықпен су айдынын назарда ұстайды.

Түйіндей айтсақ, балықтардың уылдырық шашу орындарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік инспекторлардың күн сайын су айдындарын сүзу жұмыстарын жүргізетініне көз жеткіздік.

Майра CЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*