Су астындағы ұңғымалар жайы алаңдатады

Табиғаттың тосын мінезіне тоқтам салуға болар ма? Ол өз өктемдігін қашан да танытады. Кәрі Каспий де солай. Бүгін толқыны тулап, арнасынан асып жатса, ертең бірнеше шақырымға шегініп, жағасын жалаңаштап тастауы ықтимал. Соның салдарынан аяқасты проблема туындаса ше? Мәселен, Жылыойдағы бірнеше кен орындары кезінде құрғақта қазылған-ды. Кейін теңіз тасып, бәрі су астында қалды.

ekologia

Қараусыз қалған кеніштер

Жалпы, теңіз түбіндегі ұңғымалар тағдыры қазір ғана әңгіме болып жүрген жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын айдын төсін тікұшақпен қараған құзырлы орындар өкілдері жылғаланып ағып жатқан қара майды аңғарған. Байыптап байқағанда, оның осындағы ескі ұңғымалардың бірінен шыққандығы белгілі болды. Әрине, сол бойда дабыл қағылып, тиісті шарасы алынды. Бірақ, бұл мәселеге байланысты ахуал әлі айығып кете қойған жоқ. Бүгінде теңіз астында қалған ұңғымалардың кез келгенінен май ағып кетуі әбден ықтимал. Егер кезінде осы жаймен шындап шұғылданғанда, онда бәрін ауыздықтауға болар ма еді, бәлкім? Алайда, әртүрлі министрлікке бағынған бірнеше мекеме жұмысы күткендегідей нәтиже бермеді.

Жылыой ауданының кеніштерінде талай жылдан бері өнім өндіріледі. Сонау бір жылдары Каспий кенет көтеріліп, бетін бері бұрғанда, тонналаған топырақ тасып, қорған тұрғызуға тура келді. Сөйтіп, біраз ұңғыманы сақтауға мүмкіндік туды. Ал, кейбірі су астында жатыр. Рас, аузы шегенделіп, барынша бекітілді. Алайда, теңіздің ащылығы тас болып қатқан цементті де «жеп» тастайды екен. Соның салдарынан кейбірі сыр беріп, астынан май шығып кетеді.

Жалпы, аймақ бойынша 90 ұңғыма су астында қалған десек, соның бәрі дерлік Жылыой ауданында. Мәселен, Оңтүстік-Батыс Тәжіғали, Прибрежное, Пустынное, Огайск және Морское кеніштерінің жартысы айдынмен астасып жатыр. Әйтсе де, апатты саналатын немесе соған жақын ұңғымалар саны екі есеге жуық көп. Яғни, Батыс Прорва, С.Нұржанов, Тәжіғали мен Батыс Тереңөзек алаңдарында алаңдаушылық ахуал қалып-тасқанын отандық мұнайшылар да жасырмайды. Солардың кез келгені төңірегін ластап, қоршаған ортаға залалын тигізуі мүмкін.

Аталмыш алаңдардағы ұңғымалар су астында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында қалғанымен, оларды ауыздықтау мәселесі 2004 жылы ғана көтерілді. Бастапқыда үш миллиард теңге бөлініп, бес жылда 47 ұңғыманың аузы мықтап шегенделді. Соның бер жағындағы әрекет тым мардымсыз. Біріншіден, орталықтан қажетті қаражат бөлінбеді. Екіншіден, әзірге тосын жай болмағандықтан, салалас министрлік тарапынан селқостық сезіледі. Егер мұндағы ұңғымаларда азды-көпті күкіртті сутегі бар екенін ескерсек, онда қоршаған ортаға қаншалықты қатер төніп тұрғанын аңғару қиын емес. Өйткені, бұлардың біразында бұрғы ұшы тұзасты қабатына жеткен.

Айдындағы «миналар»

Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы мәселені көтерді. Соған дейін Жылыой ауданындағы кеніштерді, олардың теңіз жағасында орналасуын тікұшақпен тексеріп өткен аймақ басшысы төніп тұрған қатерді түйсініп отыр. Бүгінде Каспий ойпатында 32 мың шамасында ұңғыма бар. Солардың дені өнім беріп тұрғанымен, арасында қайтарымы кемігендері де кездеседі. Демек, ертеңгі күні аузы шегенделіп, өнім беруі тоқтатылады. Әрі қарай олардың тағдырына кім жауап береді? Қазір Қашағанда қолданыстағы кеніштерге НКОК бақылау орнатқан. «ҚазМұнайГаз» басшылығы да өзінің өндіріс ошағына сенімділігін айтады. Әрине, бұл дәтке қуат. Ал, тарихи ұңғыма ретінде таразыланатын көнелерін кімнің қадағалауына қалдырамыз? Олар ресми түрде Энергетика министрлігінің қорында делінгенімен, сонау Астанадан келіп, ахуалын біліп жатқан жанды көрмедік.

Рас, 2010 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында мониторинг жүргізіліп, Атырау және Маңғыстау облыстарында су астында қалған екі мың шамасында ескі ұңғыма бар екені есепке алынған. Оның үстіне, бізде тағы да осыншама нүкте құрлықта кездеседі. Құрманғазы ауданында орналасқан сондай ұңғыманың бірінен өткен жылы май шығып кетіп, біраз әуреге салған. Отыз гектар шамасында жер бүлінді. Кейін өндіріс иесі табылмай, құзырлы орындар әбден әлекке түскен.

Демек, тек айдындағы ғана емес, құрлықтағы көне ұңғымалар да қауіпті екен. Осы орайда әрине, ойымызға Теңіздегі №37 ұңғыма оралады. Соның салдарынан үш миллион тонна мұнай атқылады, 30 шақырымға жуық жер бүлінді. Апатты ауыздықтау барысында адам өліміне жол берілді. Ендеше, бұдан да сабақ алынуы тиіс. Оның үстіне, Каспий Теңізден қашық емес.

Ал, 2010 жылғы 20 сәуірде Мексика шығанағындағы апат бұрын-соңды болмаған орасан оқиға ретінде бағаланды. Соның салдарынан мыңдаған құс пен теңіз жануарлары қырылды. Тосын жайдан соң бір ай өткенде оған кінәлі «Бритиш Петролеум» сол аралықта бір миллиард доллар жұмсағанымен, түк тындыра алмай, өзінің дәрменсіздігін мойындады. Сөйтіп, басқалардан жәрдем сұрады. Егер дүниежүзілік даңқы бар компания әлсіздік танытса, онда өзгелері қайтпек? Осы оқиға оны тақырға отырғызбағанымен, қыруар шығынға батырды. Өтемақы ретінде ғана 20 млрд. доллар төлеуге мәжбүр болды. Ал, апат салдарын жоюға, айыппұлға, келісім-шарт өтеуіне, т.б. жұмсалған шығындары 53 млрд. долларға жетті. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, Каспийде осындай алапат орын алса, орнын толтыруға отандық мұнайшылардың қауқары жетер ме екен?

Жалпы, сол кезде белгілі эколог Махамбет Хакимов «Каспийді Мексика шығанағының елесі кезіп жүр» деген-ді. Қоғам белсендісі мұндай түйінді неге сүйеніп жасады? Расында да, Қашаған жобасы қолға алынғалы бері теңізде түрлі оқиғалар да болуда. Ұңғымалардан шыққан отқа оранып, тобымен құстар қырылды. Белгісіз дертке шалдыққан итбалықтар өлім құшты. Әрине, бәрі тексерілді. Бірінде компанияның кінәсі анықталды. Екіншісінде себебі белгісіз күйінде қалды. Қазір де мұнда тосын жайлар кездеседі. Әрине, басты байлығымыздың бірі ретінде көмірсутегі шикізатын өндіруіміз керек. Әйтсе де, Елбасы айтқанындай, теңіз тазалығы – басты талап.

Бүгінде мамандар айдындағы ұңғымаларды «миналар» деп атап, олардың кез келген уақытта сыр беруі ықтималдығын айтады. Бұрыннан қалғандарына жаңалары қосылуы ықтимал. Неліктен? Қандай кен орны болғанымен, он шақты жылдан соң қайтарымы кемиді. Әрине, геологиялық-техникалық шаралар қолданылар. Әйтсе де, жұмсалатын шығын өнімнің өзіндік құнын ақтамайды. Сондықтан, компаниялар ескілерін тоқтатып, жаңаларын іске қосуға асығады. Міне, осылай бір сәттік табыс таразыға тартылғанда, көнелері көзден таса қалары кәміл. Ал, тағы бір заңдылық – біраз уақыттан кейін қабат қысымының қалпына келуі. Сонда жетіқат жер астындағы мұнай жоғары атқылайды. Егер оның құрамында азды-көпті күкіртті сутегі бар екенін ескерсек, онда ұңғыманың тығындалған аузын «жеп» тастайтыны анық. Бұған теңіздің ащы суын қосыңыз. Табиғи коррозия осыдан туындайды.

Түйін

Әрине, айдындағы ұңғымалар үшін мұнайшыларды кінә-лаудан аулақпыз. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Каспий кенет тасығанда Прорва маңындағы 35-45 км жер су астында қалды. Ендігі мақсат – сондағы ұңғымалардан май шығып кетпеуін қадағалау.

Жалпы, Каспийдің неоген дәуірінде жер қыртысы көтерілгенде Қара теңізден бөлініп қалғандығы туралы мәлімет бар. Оның қазіргі жалпы ауданы – 376 мың шаршы метр. Эколог Махамбет Хакимовтің пікірінше, осындағы ұңғымалардан аққан май айдын бетін тұтас жабуға жетеді. Теңіз жағалауында бес мемлекет орналасқанын ескерсек, онда халықаралық дау туындауы мүмкін. Елбасы Қашаған кенішін игеру барысында Каспий тазалығын сақтауды қатаң тапсырғаны да сондықтан.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*