Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Даңқты қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген апаларды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен.

__стазы жа__сыны__

Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылындағы  М.Лермонтов атындағы (қазірде №2) орта мектепті бітіріп, өмірге жолдама алғанымызға  да отыз бес жылдың жүзі болып қалыпты. Аз уақыт емес, әрине. Осы кезеңде есейдік, білімімізді жетілдіріп, еңбекке араластық. Қоғамның белсенді азаматтары болдық. Ата-ана атандық, ұрпақ өсірдік. Демек, ұстаз еңбегінің  маңызы мен қадірін сезіне түстік.

Қазақтың ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин «Жақсы мұғалім мектептің жүрегі» деген екен. Менің қосарым, жақсы ұстаз – баланың бағы. Сағынышқа айналған балалық шағымды еске алған уақытта ата-анам, тел өскен достарыммен бірге, көз алдыма ұстаздарым да келеді. Ол кезде ұстазға деген көзқарасымыз тым ерекше болатын. Ұстаздарымыздың іс-әрекетінен кісілік пен мәдениеттілік лебі аңғарылып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, «адам барлық жағынан сұлу болуы керек» деген талапқа сай жандар еді. Иә, біз ұстаздарымызға қызығатынбыз…

Өзімізге жетекшілік еткен және физика пәнінен сабақ берген Өтеген Рахимов ағайымыздың орны тіптен ерекше. Келбетіне кісілігі, сөзіне ісі сай Өтеген ағайдың әрбір сабағы қызықты өтетін. Сабақта физикалық құралдарды көп көрсететін, қызықты тәжірибелер жасалатын. Кейде физикалық құбылыстарға арналған фокустар көрсететін. Сабағын аса шабытпен, қарапайым да түсінікті тілмен ұғындырушы еді.

Өтеген ағамыздың бір ерекшелігі – білімді өмірмен байланыстыруы. Сол арқылы шәкірттеріне кәсіптік мамандық таңдауға ықпал етті. Сабақ пен тәрбиені қабыстырып, өндіріс орындарына экскурсияға апаратын. Еңбек адамдары мен мұнайшылармен кездесулерді жиі өткізіп тұрды.

Жер астынан мұнай сорып тұрған качалкалар жұмысымен танысуға, мұнай айыру мен мұнай-су айдау станцияларындағы жұмыстың физикалық негізімен танысуға арналған саяхаттар әлі күнге есімнен кетпейді. Осындай шаралар мұнайшы мамандығын таңдауыма тікелей әсер етті. Мұнай-газ саласын таңдаған сыныптастарымның да қатары көп болды. Бұл, әрине, Өтеген ұстазымыздың ықпалы.

Бір қызығы, ұстазымыз уақытының көбін бізбен бірге өткізіп жүрді. Ата-анамыз үйдегі, ол кісі мектептегі жанашыр, барлығымызға жауапты тұлға екендігін әрдайым ісімен ұғындыратын. Ағайымыз – аса мейірбан, ұстамды, кешірімшіл, бір сөзді кісі. Жалған сөзге жаны қас. Ешкімді алаламайтын, бәрімізге бірдей қарайтын. Бізді де осы қасиеттерге тәрбиеледі.

Қатты сөйлеп, намысқа тию ағайға жат әрекет. «Қандай мамандықтың иесі болсаңдар да, оның қыр-сырын жетік меңгерулерің керек. Сонда ғана мамандығыңызға деген сүйіспеншілік сарқылмайды. Нәтижелі іс қылып, игілігін көресің, мәні мен мақсаты айқын болса, еңбегіңнің рахаты өзіңе де, қоғамға да  мол болады» деген ағайымыздың сөзінің ақиқат пікір екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Біз мектепті Кеңес үкіметі кезінде оқып бітірдік. Сол кездегі оқу заңдылығына сәйкес, 10 сынып оқушылары 15-20 күн еңбек практикасына қатыстырылып, совхоз шаруашылығына қолғабыс жасайтын. Осы үрдіс бойынша жетекші ағайымызбен сынып оқушылары түгелдей Қосшағыл совхозының шаруашылығына аттандық. Жұмысымыз қой қораларының қиын ойып, сыртқа тасып, қораны қысқа әзірлеу болатын.

Күз мезгілі еді. Шопанның Қосшағылдағы иесіз тұрған үйінің екі бөлмесіне ұл-қыз бөлініп орналастық. Бізге бөлінген бір автомашина бар. Жұмысқа құрал-сайманымызбен барлығымыз тиеліп, сол машинамен барып келеміз. Қоралардың арасы 4-5 шақырым. Күніге бір қора тазалап үлгереміз. Жұмыс ауыр болса да, көппен бірге жүрген соң, ойнап-күліп, аса қинала қоймайтынбыз. Өтеген ағай машинамен бірге барып, күнұзақ қасымызда болады. Жұмыс кезіндегі бару-келу қауіпсіздігімізді қатты қадағалайды. Сол кісінің пәрменімен жүріп-тұрамыз.

Бірде маған бір ой келе қалды. Ондағы көздегенім – ағайымыздың жұмысын сәл де болса жеңілдету. Жолдастарыммен бірге барып, ағайға: «жұмыс орнында тәртіпті сақтаймыз. Сіз іште кезекшілермен бірге болып, демалсаңыз болады. Жұмысты өзіміз-ақ жасай берейік» дедік. Бұл шын сөзіміз еді. Себебі, жұмыс орны ластау, шаң еді.

Ағай ризалығын білдіре отырып, біздің амандығымыз үшін жауапты екенін сабырмен түсіндірді. Бізге рахметін айтты. Сонда ғана біз жауапкершілік жүгінің қандай екенін алғаш ұғынғандай болдық. Ағайдың қырағылығының нәтижесінде аман-есен ауылға оралғанбыз.

Ұстаз бейнесі – шәкірттер үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп халқымыз тегін айтпаған болар. Біздің бойымыздан адамгершілік қасиеттер табылып жатса, оның барлығы ата-анамыз бен ұстаздарымыздан дарыған деп түсінеміз.

Қосшағыл ауылындағы мыңдаған ұл-қызға тәрбие мен білім берген Өтеген ағамыздың ұстаздық еткеніне 44 жылдай уақыт болған екен. Бүгінде келген  ол– шәкірт пен ұрпақтың  қызығына бөленіп отырған бақытты жан.

Мақсот НӘУКЕНОВ, 

«ЖылыойМұнайГаз»

мұнай газ өндіру

басқармасы бастығы. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*