ҰСТАЗДЫҚТЫҢ БАҒЫНАН БАҚЫТ ТАПҚАН

Өзінің бар саналы өмірін ұстаздық жолға арнап, білімі мен өмірден жиған-терген тәлім-тәрбиесін педагогика саласына жұмсаған, артына өшпес із, ұмытылмас іс қалдырған ұстаз Дайеш Шаженбайұлы 1938 жылы 17 желтоқсанда Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Бегайдар ауылдық кеңесінде өмірге келген. Орта мектепті 1954 жылы бітіріп, сол мектепте аға пионер вожатый болып педагогтік еңбек жолын бастайды. Бағдар айқын, мақсат биік. Ұстаздық жолды таңдауға бел буған жас 1955-1960 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, оны «физика, математика, сызу пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ұзақ жылдар бойы облыстық №1 мектеп-интернатта тәрбиеші-мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін абыройлы атқарады. Облыста өзіндік тарихы, даму жолы бар білім ордасының қалыптасуына, материалдық-техникалық базасының толығуына көп еңбек сіңіріп, тәжірибе жинайды. Мектеп-интернатта ұстаздық қызметін атқара жүріп оқушыларға суретке түсіру үйірмесін ұйымдастырады, домбыра оркестріне жетекшілік етеді. Оқушыларға білім мен тәрбие берумен қатар, қосымша білім беру жұмыстарына да көңіл бөледі. Ізденісті еңбек нәтижесінде 1975 жылы ол «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталады.
Өлшеусіз ұстаздық еңбегін таныта білген Дайеш Шаженбайұлы 1979 жылдың 15 қарашасында Атырау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына кабинет меңгерушісі болып тағайындалады. Осы институтта курс меңгерушісі, директордың орынбасары, директор қызметтерінде 35 жыл еңбек етеді. Институтта жауапты қызметте жүргенмен мектептен қол үзбей ұстаздық қызметін жауапкершілікпен атқара жүріп, математика, сызу, бейнелеу өнері пәндерінен сабақ береді. Ал, 1957 жылдан бастап 2013 жылға дейін мағыналы ғұмырының 60 жылын үздіксіз ұстаздық жолға арнаса, оның 35 жылын аталмыш институтта атқарған екен. Ұжымда ол іскерлігімен, қарапайымдылығымен, қандай жұмысты болса да жоғары жауапкершілікте атқаруымен, көпшілдігімен өз келбетін таныта білген жан.
Атырау облысы педагогикасының дамуына өзіндік қолтаңбасы қалған ұстаз, білім беру ісінің үздігі Дайеш Шаженбайұлының өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланып, «В.И.Лениннің 100 жылдығына» арналған, «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин», «Атырау облыстық кәсіподағына – 60 жыл», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен және Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің, облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталып, сонымен бірге «КСРО турисі» атағы беріледі. Атырау облысы педагогтарына арналған үш томдық энциклопедияны шығаруға қатысып, редколлегия мүшесі ретінде материалдарды сұрыптап, баспаға даярлады.
Үздік жұмыстары арқасында ол кісінің «Техникалық құралдарды сабақ беру процесінде пайдалану», «Техникалық құралдарды тәрбие жұмыстарында пайдалану», «Техникалық құралдарды сызу, бейнелеу өнері сабақтарында пайдалану әдістемесі», «Сызу пәнінің сабақ жоспарлары», «Қарапайым экрандық құралдарды даярлау жолдары», «Мектеп ішін эстетикалық тұрғыда безендіру» және басқа ғылыми-әдістемелік еңбектері жеке баспадан шығарылып, республикалық журналдар мен газеттер беттерінде жарық көреді. Институтта шағын баспахана ұйымдастырған да осы Дайеш Шаженбайұлы еді. Ол ағарту саласында облыста із қалдырған педагогтардың, атап айтқанда, Ш.Қаржауов, Е.Қаженбаев, Ш.Баялиев, З.Ғабдіжанов және басқаларының еңбек және өмір жолдары кітап болып басылып шықты.
Институттағы қызмет кезінде де үлгі тұтар ағамыз озат педагогтардың іс-тәжірибесінен бейнефильмдер түсіріп, облыстық телехабарлар арқылы таратып отырды. Майталман педагогтар – Т.Токарева, А.Глебова, Е.Бурлакова, В.Самарцева, Т.Қаражігітова, Қ.Айтқалиев, М.Ізмұханов, З.Қарабалин, С.Чукаева, В.Рассухин және басқа ондаған ұстаз еңбектерінен дайындалған бейнефильм электронды нұсқада таратылды. Педагогтардың әдістемелік тәжірибелерінен түсірілген бейнебаяндардан видеотека ұйымдастырды. Кәсіподақ ұйымының ұзақ жыл жетекшісі бола жүріп ол ұжым мүшелерінің мүддесін де қорғай білді.
Бір басына бірнеше өнерді серік еткен біздің Дайеш Шаженбайұлының облыс педагогтарына арналған «Атырау ұстазы» газетін шығарып, оның редакторы болғанын қалайша мақтан тұтпаймыз?! Газет мыңдаған тиражбен жарық көріп, педагогтар тарапынан үлкен қолдау тапты.
Дайеш Шаженбайұлы 60 жылға жуық еңбек жолында жұбайы орыс тілі пәнінің маманы Елизавета Александровнамен бір ұжымда қатар еңбек ете жүріп, қаншама буын ұрпақты қоғамның саналы азаматы етіп тәрбиелеуге үлес қосты, еліміздің көркеюіне қаншама тер төкті, қаншама мұғалімдер біліктілігін жетілдіруге қолдау жасады десеңізші.
Әлі де саулығыңыздың арқасында төккен тер, еткен еңбегіңіздің зейнетін көріп, ардагер ұстаздар сапын бастай беріңіз, Дайеш Шаженбайұлы!

Маржан ҒАЛЫМЖАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*