ҰСТАЗДЫҚ ТА ЖҮРЕКТІҢ БАТЫЛДЫҒЫ

1915 жылы Гурьев облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. Жалғасты оқытып, сауатты азамат етіп тәрбиелеу әкесінің үлкен арманы болған. Сондықтан да, баласын мектепті бітіргеннен кейін өзі қасына ертіп, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа апарып, оқуға түсіріпті. Жалғас мектепте оқып жүрген кезінен өте жақсы көріп, оқыған пәндері химия-биология факультетіне түскен. Оқуын ойдағыдай бітіріп, мұғалім, Ойыл мектебінің директоры жұмысына кірісе бергенде  Ұлы Отан соғысы басталды.

Қолдарына қару ұстауға жарайтын елдің ер азаматтары елімізді жаудан қорғауға аттанып жатқанда Жалғас аға да өзі сұранып майданға кетеді. Алдымен, Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған №101 ұлттық атқыштар дивизиясы құрамында дайындық курсынан өтіп, «снайпер атқыш» атанған ол Солтүстік Батыс майданы даласындағы кескілескен қанды қасаптың қақ ортасынан бір шықты. Оның білім-қабілеті, әрі көп солдаттардан жасының үлкендігі ескерілген болар, Жалғас аға взвод командирінің көмекшісі ретінде сарбаздардың ақылшы-кеңесшісі, әскери өмірге тәрбиелеуші бола білді.

Соғыс даласында Жалғастың да ерлік іздері қалды…

1942 жылдың қараша айында оның взводы жау дзотын қалай жойғанын   ара-тұра әңгімелеуші еді. Сол қанқұйлы шайқаста Жалғас аға ауыр жараланып, Москвадағы госпитальдарда емделеді. Осы жолы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Отан үшін жан пида деп кеудесін отқа тосып, жанқиярлық ерлік көрсетіп, екі рет жарақат алса да Жалғас аға жазылғасын майданға қайта оралып отырады. Оның ерлік істері елеусіз қалған жоқ, ол елге оралғанда  омырауы отандық орден, медальдардан құр алақан емес еді.

…Жалғас аға Отан соғысынан елге оралғаннан кейін, өзі соғыс мүгедегі болса да, негізгі ұстаздық қызметін жалғастырып, өмірінің соңына дейін жас ұрпақтарға білім беру ісімен айналысты. Отбасын құрып, бейбіт өмірдің қуаныш-қызығына бөленді. Дәм-тұздары жарасып, Рабиға апаймен бас қосты. Ол кезде Рабиға апай партия, кеңес органдарында жауапты қызметтерде жасап жүрген, өз құрбыларының алдыңғы қатарынан көрінген  сауатты да тәрбиелі азаматша болатын.

Майдангер аға 1954 жылы Гурьев қаласына көшіп келеді. Оған себеп болған Жалғас ағаның туған бажасы Елекеев Бабан деген азаматтың Гурьевке көшіп келуі еді. Бабанның зайыбы Нұрсұлу – Рабиғаның апасы. Ол сіңлісіне екеуіміз бір жерде болсақ қайтеді, бір-бірімізге сүйеу боламыз ғой дейді. Бұл пікірді Жалғас аға да қош көріп, көшіп келеді. Жәкең Балықшының Ә.Жангелдин атындағы орта мектебіне химия-биология пәнінің мұғалімі, Рабиға – бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Ол кезде мектеп директоры Ақбойдақов Айтқали деген азамат, ал оқу ісінің меңгерушісі Нұрмағамбетов Құрымбай болған. Құрымбай аға кейін сол мектептің директоры, Балықшы ауданы құралғаннан бастап аудандық оқу бөлімінің бастығы болған, ұстаздардың ұстазы атанған азамат.

Жалғас аға Рабиға апай екеуі өмірге бірнеше ұрпақ әкеліп, оқытып тәрбиелеп, азамат қатарына қосып, жеке-жеке отбастарын құрғызып, өмірден екеуі де ұрпақтарынан өрген бірнеше немерелерін сүйіп, қызықтарына бөленіп өтті. Үлкен ұлы Бақытжан Балықшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейін аудандық, облыстық партия комитеттерінде жұмыс жасады.

Біз, Балықшыдағы мұғалімдер мен мектеп басшылары, жас-кәрімізге қарамай, Жалғас Ержановты ұстаз тұттық. Ол бүкіл болмыс-бітімімен мұғалім еді. Оның бойында «әттеген-ай» дегізетін бір мінез-құлық болмаушы еді. Қашан да, қай ортада да өте сабырлы, үні биязы, асықпай жай сөйлейтін, ренжіп ешқашан дауыс көтеруді білмейтін, пейілі адал, жаны таза адам еді. Ол ешқашан кеудесін керіп мақтануды білмейтін, ниеті мен жүрісінде мін жоқ, айтқанында зіл жоқ, көңілінде кір жоқ өте қарапайым болатын.

Жалғас Ержанов, тірі болса, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен бірге өзінің жүзге толған бір ғасырлық мерейтойын  тойлаған болар еді. Сол тойында ұстаз ағамыздың қазіргі ұл-қыздарынан өрбіген 14 немере, 20 шөбересі аталарын қоршап, ән шырқап, би билеуі қандай сәнді болмақ. Жалғас аға өмірі кімге болса да үлгі боларлықтай.

Хамза ҒАБДОЛЛА, ардагер ұстаз.

Балықшы кенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*