Ұстаз жолы

Ұстаз деген ұлы есімге ұзақ жыл Құрманғазы ауданы мектептерінде қызмет еткен, ардагер ұстаз Балғаным Хасенова лайықты десек, артық айтпаймыз. Балғанымның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  «Құрмет» орденін иеленуі оның абыройын асқақтатып, мерейін асыра түсті.

%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d1%8b

Балғаным Хасенова – жарты ғасырға жуық уақыт бойы  Құрманғазы ауданындағы мектептерде мектеп директоры, директорының орынбасары қызметін атқарып, мектептердегі білім сапасының дамуына өз үлесін қосты. Абай атындағы орта мектепте 1998-2007 жылдар арасында директор болып қызмет атқарған кезінде білім ордасының іс-тәжірибесі облыс, республикаға кеңінен таратылып, оқытушылар мен оқушылардың шығармашылық әлеуеті жоғары деңгейге көтерілді. Білім сапасы артып, мектеп мұғалімдері облыстық, республикалық байқауларға қатысып топ жарып жүрді. Сол кезде мектептегі мұғалімдердің басым бөлігінің шығармашылықпен, ғылыми жұмыспен айналысқаны да көпшіліктің әлі есінде.

Еңбек тәжірибесінің 23 жылында басшылық қызметте болған Балғаным Хасенқызы 1999 жылы республикалық мектеп басшылары арасында өткен «Мектеп басқару үлгілері» байқауынан жүлделі ІІІ орын, 2005 жылы ауыл мектебін басқару бойынша өткен республикалық жарыстан жүлделі ІІ орынды иеленген білікті ұстаз. Ол «Білім ұясы: «Таңдаулы мектеп»» байқауларына қатысып та  жүлделі орындар иеленді.

«Тәуелсіздікпен бірге білім беру саласына үлкен жаңалықтар енді. Жаңа бағытқа бет бұрып, бұрын атын да естіп-білмеген жаңа технологиялармен жұмыс жасай бастадық. Еліміздегі білім саласын жеделдете реформалау  бастау алды. Әлі есімде сол кезде, яғни, 1995 жылы мектепте үш бағытта білім беретін гимназия сыныптарын ашқан болатынбыз. Облыс орталығынан шалғайда, ауылда отырмыз демей ұстаздар мен оқушыларды заман ағымына қарай жетеледік. Оның нәтижесі де жоқ емес. Біздің Абай атындағы орта мектеп республикадағы  үздік  48 оқу орнының бірі болып, 12 жылдық білім беру жүйесіндегі экспериментке алынды. Ұстаздардың 80-85% шығармашылықпен  айналысып, республикалық, облыстық деңгейде түрлі ғылыми-конференциялар мен байқауларға да қатысты» деді ол бізбен әңгімесінде.

Сонымен қатар, ол  облыста бірінші «Нұртамшы» балалар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы болып табылады. Бұл бірлестік әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастырып қоғамдық істерге атсалысуда.

Ардагер ұстаздың іс-тәжірибесі республикалық «Қазақстан мектебі» журналының 2008 №8 санында, «Бастауыш мектебі» журналдарында және басқа да әдістемелік жинақтарында жарияланды.

Ол 2007–2009 жылдары аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, 2010–2014 жылдары әдістемелік кабинет меңгерушісі ретінде әдістемелік жұмысты жүйелеу, ғылыми-инновациялық жұмыстарды ауданның білім беру саласына енгізу бағытында тынымсыз еңбектенді. Осы бағытта «Мектеп  басшылығына  резервтер дайындау», «Білім мекемесіндегі бақылау мен басшылық», «Құқықтық басшылық құжаттарымен жұмыс», «Әдістемелік күнді өткізу» тағы басқа да тақырыптардағы ұсыныстары облыс көлеміне таратылды. Әсіресе, ауданда озат іс-тәжірибені насихаттауға, жас ұстаздарға қолдау көрсетіп, көмек қолын созуға аса мән берді.

Балғаным Хасенқызы әлеуметтік педагог маман ретінде мектепте мүгедек, үйден оқитын, қамқорлықтағы оқушылармен жұмыстарды жүйелі жүргізді. Оқушылардың білім алу кезіндегі түрлі сұраныстарын зерделеп ол бойынша әрбір оқушыны дамыту, тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды ата-ана, мұғалім, сынып жетекшілері, басшылармен біріккен жағдайда ұйымдастырды. Педагогтің осы бағыттағы іс-тәжірибесі «Хабаршы» ғылыми-тәжірибелік журналының  сандарында жарияланды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын білім саласы қызметкерлерінің республикалық, облыстық семинарларынан да сырт жүрмеді. «Қамқоршылар» күнін жаңа үлгіде өткізу тәжірибесі ауданда жоғары деңгейде бағаланды.

– Менің бүгінгі шыққан белесім ұзақ жылғы еңбегімнің, айналамдағы әріптестерімнің ортақ жеңісі деп білемін. Және бұл ауыл мектебі мен ауыл мұғалімі үшін үлкен жетістік.  Егеменді еліміздің аяққа тұрып, дамуына, білім саласындағы реформалардың жүзеге асуына қосқан аз да болса үлесімді елеп жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Бейнеттің зейнетін көру дегенің осы шығар?!

Сарапшылар соңғы онжылдықта дүниежүзілік білім беру жүйесінде білімнің сапасы мен көлеміне деген сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндіктің аздығын айтып дабыл қағуда. Білім беруге деген қоғамдық сұраныс пен оны қанағаттандыру мүмкіндігі арасындағы айырмашылық та алшақтап барады. Сондықтан, жан-жақты білім алып, заман сұраныстарына жауап беру, реформаларды жүйелі жүзеге асыру бүгінгі жастардың мойнындағы басты және маңызды  міндет деп білемін, – дейді ол.

Білім әлемінде биік белестерді бағындырған, Балғаным Хасенқызы өмір өнегесін, еңбек пен тәжірибені, теория мен практиканы үйлестіре білді. Ол ардақты ана, туысқандарына, жолдастарына, әріптестеріне, жалпы айналасындағыларға білгенімен бөлісетін адал жолдас, қамқоршы. Ісіне ғана емес, өзіне, жалпы қоғамға үлкен талаппен, жауапкершілікпен қарайтын оның осындай адами келбеті кейінгілерге үлгі-өнеге боларлықтай.

Еңбек жолында 1997 жылы «Қазақстан Республикасының 10 жылдығына арналған Елбасының Алғыс хаты, 2004 жылы «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі, «Астана 10 жыл» төсбелгісімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Балғаным Хасенова – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Атырау облыстық педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының академиялық доценті.

Мәлике МӘЛІК.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*