Стамбулда оқып жүр…

Тимур Ержанов Түркияның Стамбул қаласындағы Әскери-әуе күштері жоғары әскери академиясында білім алып жүр. Қазір ол – үшінші курс студенті.

стамбулда окып жур

Кім-кімнің де арманы болады ғой. Тимур да ақша бұлтпен астаса ұшатын ұшқыштарға қызыға қарайтын. Әуе көгіне көтеріліп, жер бетін жоғарыдан тамашалауды армандайтын.

– Бала күнімде төбемізден ұшып өтетін ұшаққа ұзақ қарап, қызығатынмын. Бар ойым – ұшақ, арманым – ұшқыш болу. Түс көрсем, аспан кезіп, қалықтап ұшып жүретінмін. Таңертең тұра сала тысқа шыққанымда алдымен аспанға қараймын. Ұшақтың соңынан қалған ізді іздейтінмін, – дейді Тимур Ержанов.

Бала кезінде ұшқыш болуды екінің бірі армандайтын шығар. Бірақ, есейе келе оны ұмытады да, әрқайсысы әртүрлі салаға кетіп қалады. Тимур арманына адал болды. Сол балаң арман ұлы мақсатқа ұласты. Ұлының қалауына қарсы болмаған ата-анасы Астанадағы «Жасұлан» әскери мектеп-интернатына алып барады. Аталмыш оқу орнында білім нәрімен сусындады. Үлкен жауапкершілікті жүктейтін ұшқышқа теориялық білім ауадай қажет екенін білді. Осы мақсатпен Тимур Ержанов білімін жетілдіру үшін Стамбул қаласындағы Әскери-әуе күштері жоғары әскери академиясына құжаттарын тапсырады.

Ұшқыштардың денсаулығы мықты болуы керек. Сол себепті, iрiктеу алдында үмiткерлер арнайы медициналық тексерiстен өтуi тиiс. Іріктеу бірнеше бөлiмнен тұрады. Алғашқы бөлiгi физика, математикадан тест тапсыру, арнайы психологиялық дайындықтар, сонымен қатар, бiрнеше қиын тапсырмаларды орындау сынынан өтедi. Іріктеудің екінші бөлігі үмiткердiң жеке қасиеттерiн, iшкi дайындығын анықтайтын арнайы психологиялық тесттер, бұған қоса, математика пәнінен жазбаша сынақ және түрлі жаттығу тапсырмаларын орындау секiлдi жауапты сындар болды. Дегенмен, «ізденген жетер мұратқа» демекші, арман алдамады. Алға қойған мақсатына бір қадам жақындады. Бүгінде ол – аталмыш академияның студенті. Бірінші жылы түрік тілін үйренді. Түбі бір халықтың тілі қазақтың тіліне ұқсас болғандықтан да алғыр жігітке оны меңгеру қиындық тудырмады.

– Шетелде ұшқыштар мектебi өте жақсы дамыған. Оқытудың әдіс-тәсілдерінің өзі озық жүйемен жасалған. Бұл мамандықты игеру үшiн толыққанды жан-жақты дамыған, тәжiрибелi болуы керек. Мұндай талаптарға екiнiң бiрi сай келмейдi, – дейді ол. Айтуынша, талап жоғары. Ұлттық бірыңғай тесттің нәтижесі де рөл ойнамайды. Сондықтан да болар, тілек білдірген үміткерлердің барлығы бірдей аталған оқу орнына қабылдана бермейді.

Әрине, ұшқыш – тек мықтылардың мамандығы. «Менің ойымша, бұл адамның Алла Тағала берген көк аспанға деген сүйіспеншілігіне, мықты денсаулыққа, қайтпас қайсарлыққа, біліміне, өз мамандығына деген адалдыққа байланысты» дейді Тимур. Ал, Атырау облысының  қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскерден тыс даярлық бөлімінің нұсқаушы-сержанты Мұрат Сатыбаевтың айтуынша, Тимур Ержанов – облыс бойынша әскери әуе күштері саласында шет елде білім алып жатқан алғашқы курсант. Өткен жылға дейін шет елдердегі әскери оқу орындарына тілек білдірушілер тікелей жіберілетін болса, бүгінгі жүйе басқаша. Алдымен, елдегі әскери саладағы оқу орындарында оқуы шарт.

Қорғаныс министрлігі әскери білім жүйесін жетілдіріп отыру жұмысын үнемі назарында ұстауда. Өйткені, жүйелі білім беру бойынша жүргізіліп жатқан жаңа сала іргетасының беріктігі қашан да адам капиталына байланысты болып қала бермек. Осы орайда отандық білім жүйесіндегі өзгерістер мен әлемдік жетекші мемлекеттердің тәжірибесін ескеретін бәсекелестікке қабілетті әскери білім жүйесін құруға ерекше көңіл бөлінуде. Сала маманы Мұрат Сатыбаев та Қарулы Күштерді дамытудың болашағымен сәйкес келетін, әскери оқу орындарында кәсіби білім беру мен әскери қызметшілердің барлық қызмет атқару кезеңдерінде шеберліктерін арттыруды біріктіретін жүйе құру екенін айтады.

Бүгінде ұшқыштарды әрі әскери, әрі азаматтық авиация бағытында дайындайтын Түркия академиясында Қазақстаннан барған сегіз қазақ жігіті оқып жатыр. Курсанттық өмірден бастап өз мамандығына етене жақын болған Тимур күнделікті саппен жүру, қарауыл, оқу үдерісі секілді жаттығуларды бар ынта-жігерімен орындап, шеберлігін шыңдау үстінде.

Рита Өтеуғали

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*