Үш мыңнан астам атыраулық марафонға қатысты (+ФОТО)

12 1 Жаңалықтар

Atr.kz/ 15 сәуір, 2019 жыл.   Жексенбі күні үш мыңнан астам адам мұнайлы астанамызда осыменен үшінші жыл қатарынан өткізілген «Atyrau Marathon – 2019» жаппай   жүгіру сайысына  қатысты. 

Бүгінгі күні дәстүрге айналып үлгерген бұқаралық спорт түрінің осынау түрі биыл Жастар жылы аясында  ұйымдастырылып, марафонда  атыраулықтармен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларының желаяқтары да жүгірді.

Осынау бірегей спорттық шараның өту барысы биыл бастапқы екі жылдағыдан өзгешерек болды.  Жаппай жүгіру марафонның жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрап,  жарыс 42 км, 21 км, 10 км, 3 км  және 1,2 км  (балаларға арналған) қашықтықтары  бойынша өтіп, 42 км, 21 км, 10 км қашықтығына  жүгірушілерге арналған ақшалай төлем белгіленді. Одан  түскен қаражат қайырымдылық мақсатта  жұмсалмақ екен. Сонымен қатар, марафоншылардың жарысты бастау нүктесі мен мәре сызығы Сұлтан Бейбарыс алаңы болып белгіленіп, барлық шақырымдағы негізгі бәсеке Сәтбаев даңғылы бойында өтті.

1

Атырау дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық жеңіл атлетика федерациясы ұйымдастырып отырған осынау ауқымды шарада биыл жинақылық байқалып,  қатысушылар жарыс басталардан екі күн бұрын 42 км, 21 км, 10 км қашықтығына жүгіретіндердің  тізімін және олардың нақты санын Atyrau Marathon сайтынанкөре алды. Осы арқылы ұйымдастырушылар өздерінің екі жыл ішінде жарыс өткізудің тәжірибесін игере бастағандықтарын көрсетті.

            Желаяқтар аламанын алдымен таңғы сағат 8.00-де 42 шақырымға жүгірушілер бастады. Сайттағы мәлімет бойынша олардың саны 73 марафоншыны құрады. Олардан соң даңғыл бойына шыққан 21 шақырымға жүгірушілер саны 194 адам болса,  үшінші боп сайысқа түскен 10 шақырымдық жолға  749 адам жүгірді. Ал, ең көп адам жүгірген қашықтық 3 км болды, оған  шамамен  1500-дей адам тіркелді. Сонымен қатар, 500-ге тарта бала 1,2 шақырымда жылдамдықтарын байқасты.

2 2

Жарыс қортындысында әр қашықтықта  18-25 жас, 26-36 жас және 36 жастан жоғары жас мөлшерлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға арнайы қаржылық сыйлықтар табысталды. Ал, қарсыластарынан оқ бой оза шапқан 25 жасар Базарбай Дәуіталиев осыменнен үшінші жыл қатарынан марафонның абсолютты чемпионы атанса, ең ұзақ қашықтықта екінші келген Манат Амет күміс медаль еншіледі. Манаттан соң мәре сызығын кескен Шалқар Айдын қола медальді қанжығасына байлады. Әйелдер арасындағы бәсекеде абсолютті жеңіс Әмина Зинороваға бұйырды.       

Ұйымдастырушылар сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласынан келген 72 жасар Амегүлсін Мұсылманова мен өзінің 122-ші марафонына қатысып отырған  58 жасар ІІ топтағы мүгедек, петропавлдық Олег Сысолятинге арнайы сыйлықтар табыстады.

Биылғы марафонның тағы бір ерекшелігі – мәреге жеткен әр қатысушыға естелік медальдің табысталуы болды. Сондай-ақ, Африка, Австралия, Америка, Азия континенттерінің шөл далаларын жүгіріп өтіп Гиннестің рекордттар кітабына есімі енген марафоншы Марат Жыланбаев үшінші жыл қатарынан  жарысымыздың қадірлі қонағы болды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ.

Суреттерді түсірген: Ілияс ШАЙХИЕВ.

7
8
10
11
12
13
14
15


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз