Спорт саңлақтары – Атырауда

Ертең мұнайлы мекенде тұңғыш рет «Атырау Марафон» жаппай жүгіру жарысы ұйымдастырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен кезекті брифингте белгілі болды. Журналистердің сауалына Гиннесс рекордтар кітабында жеті рет енген марафоншы Марат Жыланбаев, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, аталмыш шараны ұйымдастырушылар комитетінің өкілі Юрий Пономарев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет жауап берді. 

IMG_8033-21-04-17-04-41

Алдымен бас төреші ретінде Юрий Пономарев осынау спорт мерекесінің регламентімен таныстырды.

– Марафон 6 мамыр күні таңертеңгі сағат 10.00-де басталады. Оған кәмелеттік жасқа толған әр азамат қатыса алады. Тек «Baizaar» сауда орталығында тіркеуден өту міндетті. Қазіргі таңда барлығы 2000 адам тілек білдіріп отыр. Олардың ең үлкені – 74 жастағы ардагер. Әуесқойлар 10 және кәсіби спортшылар 21 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Алғашқысы «Атырау» халықаралық әуежайынан, ал екіншісі «Мұнайшы» стадионынан бастау алады, – деді ол.

Айта кетейік, қатысушылармен бірге полиция мен медицина қызметкерлері де жолға шығып, спортшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қадағалайды. Түрлі себептермен жарыстыі жалғастыра алмағандарға арнайы автобус көмекке келеді. Сонымен қатар, әуежай мен Махамбет алаңы арасындағы жол бойына ауыз су тарататын стационарлық және медициналық пункттер орналастырылады. Жеңімпаздар «Мұнайшы» стадионында сегіз аталым бойынша марапатталады. Марафон құрметіне сағат 12.00-де белгілі әнші Қайрат Нұртастың қатысуымен мерекелік  концерт ұйымдастырылады

*Сіз не дейсіз?

Ольга Шишигина, Олимпиада чемпионы:

– Атырау – игі бастаманы Астана мен Алматыдан кейін жүзеге асырып жатқан үшінші аймақ. Бүгінде жастар жаяу жүрмейді, жақын жерге де автобуспен барады. Олар көп уақытын компьютердің алдында өткізеді. Ал, спорт адам жанын сергітеді. Сондықтан, көпшілікке оны бұқаралық қырынан танытуымыз керек. Бұл жарыс та осы мақсатты көздейді. Баршаңызды денсауылығыңызды қазірден күтіп, спортпен шындап айналысуға шақырамын.

Азамат БЕКЕТ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жарысты өткізудегі басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау. Әртүрлі жастағы адамдарды қатыстыра отырып, спорттың бұқаралық маңызын арттыру. Аталған жобаның бастамашысы әрі демеушісі – «Infinity fitness»  фитнес клубы. Сондай-ақ, «Мұнайшы» стадионында марафоншылар үшін шеберлік сыныбы ұйымдастырылады.

Амандық АБДОЛ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*