Созақ. Қазақ. Адамзат.

(Соңы. Басы өткен санда).

«Қызжылаған» (2003)

Алақанын жайған жетім қыз нені дұға қылады? Құдайдан не сұрайды?.. Бейкүнә Ләйланың бойында қорғансыздық пен тылсым күш сеңдей соғысқан. Ол көлікті көзімен тоқтата алады. Кірпік қағып жел соқтырып, бұлт үйіреді. Бірақ, оның әлсіздігі Құмар еді… Ұшақта, мұны қалаға тексеруге апаратын жолда әскерилер киіктерді атады. Даланың киесі, арқаның қорғансыз жануары қазақты еске салады. Мемлекеттің мылқау машинасы киікті қырғандай қазақты, қазақты қырғандай киікті аяусыз жаншып жатыр. «Біреудің қорғансыздығы сенің ар-ұятыңа айналады» деуші еді Т.Әсемқұлов. Ләйланың қорғансыздығы Дулығаның ғана ұятына айналады. Арбаға таңылған бейбақ, шырылдап Ләйланың маңынан шықпайды.

%d1%81%d0%be%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc%d0%b7%d0%b0%d1%82

Сөйткен Ләйласы оның кемтарлығын бетіне басады. Қорланып, жерді сабалап ол қалады. Үнсіз сүйетін кейіпкерді Дулыға Ақмолда терең сомдаған. Бұл эпизодта Ләйла қырсық қыз ғана. Бәріміз сияқты, өзімізге ұнамай тұрсақ та қатыгездікке баратын ақымақ. Өйткені, жаны жаралы.

Ауылда қаншама адам бар. Әрқайсысының жазылмаған жарасы бар. Қатира – жалғыз, оның тілін алмайтын жетім Ләйла – жалғыз, немересін құшақтаған Әйгерім – жалғыз, электр бағанын құшақтаған Зәуреш – жалғыз. Бірақ,  бұл ауылда да той болады. Би болады. Өсек айтылады. Еврей шал халықты классикалық музыкаға баулиды. Аяқсыз туған ұлына монтер әйел қалыңдық іздейді. Қаладан келген қыздың жатбауыр баласы өзінен тұра қашады. Монтер әйел тірідей жанып кетеді. Бұл ауылдың қасіреті де жетіп артылады. Жердің бауырын солқылдатқан сынақ жалғаса береді. Дегелеңдегі адамның бәрі мұрттай ұшып жатыр. Бірақ, олар өлімнің арам желмен келетінін білмейді. Және сондай науқас жерде де кішкентай Ләйла жаңа өмірге есік ашады. Тіршілік жалғасып жатыр.

Фильмнің нотасына дөп түскен А.Есмағамбетова, Н.Арынбасарова, Б.Цуладзе, Ғ.Әбдінәбиева, бәрінікі – актерлік табыстар. Дегелең бұл жерде географиялық нүкте емес. Ол аждаһа полигон мен жаралы Ләйланы сыйдырған, бірақ, Сатыбалды Нарымбетовке бұрыннан таныс өз ауылы сияқты. Бұл Семей полигоны туралы алғашқы және әзірге бірден­бір кинотуынды, атмосферасы сәл ауырлау, бірақ, сезінісі жағынан «Көзімнің қарасының» жалғасы іспетті. Екеуі де түрлі мәдениеттерді тоғыстырған ауыл: Созақтағы тирші грек шал, Питерден көшіп келетін Юра Мамин, жапон тұтқындары, Дегелеңдегі еврей шал, оның кемпірі… Екі ауылда да музыка ойнайды: Созақтағы аккордеон, Дегеледегі радио. «Қызжылағанда» есек мінген Ләйла  «Көзімнің қарасында» Тілештің түсіне кіретін Анасын еске түсіреді. Осы образ осы екі фильмнің кілті сияқты. Ең маңыздысы, мұнда сонау  «Созақтан шыққан Гамлетте» табылған интонация, жылап тұрып күлдіріп, күліп тұрып жылататын Өмір бар. Режиссер бізге ешқашан түңілме дейді. Ол үшін өлім өмірдің сынығы. Ол бізге дүниенің қуанышы мен қайғысына бірдей құшақ жаяр жүрек даналығын насихаттайды.

Екі фильмде де, адамдар бәрінен маңызды. Адамдар қызық. Горький бір кезде әдебиетті адамтану деген. Сатыбалды Нарымбетовтің кинода жасап жүргені – осы. Нарымбетовтің объектісі проблема емес. Оның объектісі – адамдар. «Көзімнің қарасында» ешкім де репрессия жайлы айтпайды (ойын баласы Юра мен Тілештен басқа), «Қызжылағанда» ешкім де полигон жайлы ләм демейді. Адамдар күнделікті күйбеңмен әуре. Полигон мен репрессия өзінен өзі, сол адамдардың өмір сығындысынан тұлғаланып шығады. Олардың  өмірін сырттан төнген саясат боршалап жатқанын сіз ғана, көрермен, түсінесіз. Ал, кейіпкерлер оны білмей өтуі мүмкін.

«Омпа» (1998)

С.Нарымбетовтің бір емес, бірнеше фильмінде ұшақ мотиві бар. Ауылға ұшақтан ашық хат лақтырып кететін романтик Раппақты алыңыз. Ұшақта бойына бала бітетін Ләйланы алыңыз. Бірақ,  «Омпа» түгелдей осы стихияға құрылған. Өмір бойы дос болған екеу Талалай (А.Панкратев Черный) мен Дәуірдің (Д.Жолжақсынов) ылғи ұшып жүретіні тегін емес. Бұл өтпелі кезең адамдарының қалпы ғой. Советтік идеяларға сеніп, қалықтап келген адамдар, Кеңестер Одағы ыдыраған кезде жер мен көктің ортасында, түсініксіз жағдайда қалды. Сол жылдарға тән дәрменсіздік, адасушылық күйін Нарымбетов дөп басқан.

Сөйтіп, екі дос жеке ұшақпен бизнес жасамақ. Ұшақпен қыз алып қашады, аспанда коммерсанттар, саудаласып, жол кіресін көтереді. Бірақ, табандары жерге тиісімен Қазақстанда өскен Талалай да, Ресейде өскен Дәуір де тапқан-таянғандарын беташарға тастап, таз қалпына қайта түседі… Ақша табу үшін не істемейді дейсіз. Олардың қанаты еркіндік сыйламайды, қайта бұлттарға байлап, аспанның тұтқыны қылады. Олар дегеніне жете алмайды, қоғам алдында азаматтық, ана алдында перзенттік парызын орындай алмайды, қалықтап әуеде қалып қояды.

Нарымбетовте ылғи сондай, бір қарағанда күлкілі ситуация, көзіңді аша түссең, сондай мұңды. Мұңды болатыны, шынайы. Бұлар да бір кездегі Раппақ сияқты: шешен емес, көсем емес, иіні бос, қарапайым адамдар ғана. Заманның асау ағысында, жүзіп емес, ағып бара жатқандар. Сол кездегі көп қазақтан байқалған мінез осы еді. Ал, жақсы кино өмірдің айнасы емес пе. «Біздің байтақ еліміз үлкен дәретханаға айналды»  дейді «Омпаның» кейіпкері. Шындықтар осылай, күтпеген жерде айтылады. Нарымбетовте ылғи да солай, адам тағдырлары мозаика сынды бірігіп келіп, қоғам картинасына айналады. «Көзімнің қарасында»  әкені алып кететін мемлекет,  «Қызжылағанда» халықты тексеруге апарып, «бүрсүлезсің, малдан жұқтырдың»  деп алдап қайтаратын мемлекет, «Омпада» бөтен елге айналған аяусыз мемлекет, «Ауылдан келген күйеу балада»  жемқорлыққа көз жұматын мемлекет… Бір сөзбен, азаматты сірке құрлы көрмейтін саясат аңдаусыз артқы планда тұрғандай көрінсе де, фильм соңында кенеттен зорайып, алдыңызға келеді.

%d1%81%d0%be%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc%d0%b7%d0%b0%d1%82-2

«Мұстафа Шоқай» (2008)

«Мұстафа Шоқай»  режиссер шығармашылығындағы үшінші кезеңнің басталғанын әйгілеген туынды. Нарымбетов үшін тосын, бірақ, қазақ киносы үшін қисынды тақырып. Мұстафадай қайшылықты тұлғаны, халық жадынан қаскөйлікпен өшірілген  боздақты қайта тірілту күрделі мақсат еді. Және бұл, жоңғарлармен соғысып бітпеген қазақ киносын бері жақындатқан санаулы жобаның бірі. Алаш арыстарын бірер мезетке болса да тірілткен тұңғыш кино. Әрине, фильм әртүрлі қабылданды, сыналды, мақталды, датталды. Бірақ, Нарымбетов өзі зерттеген, өзінің көзі жеткен Мұстафаны тұлғалады. Бұл оның әдепкі кейіпкерлерінен мүлде бөлек, күрескер тұлға. Алайда,  плакаттық ұраншылдық оған жат. Бұл Мұстафа лирик, ғашық бола біледі, сүйе біледі, анасын сағынады, ауылын түсінде көреді. Гитлер мен Сталин сияқты ғаламдық маштабтағы саясаткерлермен бетпе-бет келгенде де, ірілігін жоғалтпайды. Асқақтап тұрады. Ең маңызды шындық, ол Түркістан легионын құрғанда мыңдаған қазақтардың жанын сақтап қалады.

Нарымбетов кейіпкерінің сезімдері туралы шешен сөйлейді. Мысалы, жалғыз костюмін сатып, тауықтың балапандарын әкелетін тұсын алыңыз. Қайнаған соғыстың ортасында, қажып, мүжіліп жүріп жылылықты, жұмсақтықты, балалық шағын, алыста қалған періште әлемді сағынғаны. Өмірінің соңғы сәтінде оның қолындағы алмасы домаланып түсе береді. Бұл оның орындалмаған арманы. Пойыздың соңынан жүгірген тұлымды бала немесе інісіне тапсыратын таспих, оны туған жұртымен байланыстырар тұмарлар болатын. Мұндай детальдарда ол шебер. Тек көпшілік сахналары, атыс-шабыстар әлі де Нарымбетовке бағынбай жатқандай көрінеді. Және осындай тарихи полотнода да режиссердің қолтаңбасына тән интеллектуалдық әзілдері ойып орнын тауып жатады. Өте ұзаққа созылған түсіру процесіне, қаржыландырудың ақсап жатқанына қарамастан, ұялмай көретін туынды шықты деп айта аламыз.

С.Нарымбетовтің көп қатарластарынан ерекшелігі, ақсақалмын деп саусағын жылы суға салып отырмайды. Ылғи да жаңалыққа құмар маэстро әзірге дамылдауға ерте екенін, тоқыраудың ауылы алыс екенін келесі туындысымен дәлелдеді.

«Аманат» (2015)

«Аманат» – тарихи тақырыпты игерудің келесі сатысы. Идеялық құндылығы мен көркемдік құндылығы астасқан, хас шебердің қолынан шыққан зергерлік жұмыс іспетті: интеллектуалды, шыншыл, әдiл, ирониялы, кәсiби және көркем туынды. Мұнда режиссерлік шешімдер, операторлық өнер, суретшінің жұмысы, монтажы мен музыкасы, актерлердің ойыны, қысқасы (гримнен басқасының) бәрі (берілген мүмкіндіктер шеңберінде) ең жоғары деңгейде. Тағы да Нарымбетовтің өзіне ғана тән нәзік юморы қылаң береді.

«Кеңес кезінде қудаланған Ермұхан Бекмахановтың тағдырымен бірге оның объектісі Кенесары хан, зерттеушісі Рамазан Думан, қысқасы, бірнеше кезең көрсетіледі. Әр кезеңнің өз бояуы, ырғағы бар. Және автордың қазақ халқының тарихына бүтіндікте қарай білуі, және сол көзқарасты көрерменге сіңіретіні қуантады. Әсіресе елу, алпысыншы жылдардағы рухани ағыстар тиянақты ашылған.

Картинаның көркемдік шешімдері ерекше қуаныш сыйлайды. Метафора мен эпитетке бай. Әлсін-әлсін көрсетілетін қос қыран – ұясына қона алмай жүрген еркіндік, тұғырын таба алмаған әділет-шындық. Бірін-бірі арқалаған екі жетім – қайда барса да қуғын-сүргіннен құтыла алмаған, бірақ әупірімдеп бірін-бірі сүйрелеп, дәуірден дәуірге жеткен біздің халқымыз. Кенесары ханның әскері соңғы шайқасқа аттанып бара жатып тұманның ішіне сіңеді. Бұл – сағымға айналған тарих. Әне, сол тұманнан сытылып шыққан құлын, мойнындағы қоңырауды сылдырлатып шауып барады. Бұл – ғасырлар қойнауынан үздігіп әзер жеткен, біздің тарихымыздың үні, Бекмахановтың  даусы. Осылай тарата беруге болады, ең бастысы, бұл пісіп жетілген суреткерге тән кемел көзқарас, шебер туынды, алдыңғы және кейінгі буынның алдындағы орындалған аманат.

Сатыбалды Нарымбетовтің келесі туындысы қандай тақырыпта болатынын білмейміз. Бірақ,  ол ылғи да жиырмасыншы ғасыр: елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсаныншы жылдардың жиынтық образдарын кезең­кезеңімен таспаласам дейтін. Бұл жоспардың біразы орындалды, орындалмай қалғаны да бар. Кино деген алдымен қаржылық қолдауға тірелетін өнер, ал бізде Сатыбалды екенсің деп сұрағанын тауып беретін нән продюсерлер жоқ.

Қалай болғанда да, суреткердің бағасы оның еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Демек туған халқының болмысын, өмірін синтездеу, саралау, өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластыру. Бұл жағынан алғанда Сатыбалды  Нарымбетов өзге режиссерлерден оқ бойы озды. Бәрі тынымсыз еңбектің арқасы. Бұл өмір бәрімізге ортақ өмір, бұл қоғам бәрімізге ортақ қоғам. Бірақ, соның жалынан ұстап, өзегін аршу таңдаулыларға бұйыратын бақ. Сатыбалды Нарымбетовке сол бақ бұйырды, ол қазақ тарихындағы бірнеше кезеңді тірілтіп, халық жадына қаттады.

«Базардан қайтқан» әр буынмен бірге тарихқа деген, болмысымызға деген белгілі бір көзқарас та келмеске кетеді. Біздің тарихымыздың көп бұрмалануы да әр буынның өз тарихын тиісінше қаттай алмауынан. Ендеше, Сатыбалды Нарымбетов өз танымын таспаға түсірген, халық пен уақыт алдындағы бүтін бір буынның аманатын абыроймен орындап келе жатқан суреткер.

 Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*