«СОҒЫС ТАРИХЫ ӘЛІ ЖАЗЫЛЫП БІТКЕН ЖОҚ»

– Ең алдымен осы туындыңыздың  тарихи негізі туралы айта отырсаңыз. Деректер қайдан алынды?

– Махамбет ауданына қарасты Таңдай өңірі көп тарихты ішіне бүгіп жатыр. Республиканың батысындағы тұңғыш совхоз 1930 жылдың ерте көктемінде осы ауылда құрылған. Кейін қой басының өзі 1932 жылы 80 мыңға жеткен кезде Мәскеудің шешімімен ол «Бақсай» және  «Гурьев» қой совхоздары болып екіге бөлінеді. Бұл совхоздар ұзақ жылдар бойына Кеңес Одағына өнімділігімен танылып келген. Бір қызығы, Гурьев округінің ауылдары арасында бірінші автомобиль мен трактор да Таңдайға келген екен. Бұл 1930 жыл еді. Сол жылдың күзінде бұл селода электр қуаты, радио іске қосылған. 1933 жылы аталған совхоздардың саяси бөлімдері Мәскеуден тікелей жіберілген екі баспаханамен өздерінің газеттерін шығарған екен.

Ал, жалпы, кітапты дайындауға үш жылдан астам уақытымды сарп еттім. Оның екі жарым жылы облыстық мұрағатта өтті. Президент мұрағатында да екі рет болдым. Көршілес облыстардың, Ресей Федерациясының, посткеңестік республикалардың мұрағаттарына да сұраулар салдым. Кей жағдайда кешіккен, не жартылай алған жауаптарға қанағаттануыма тура келді. Кітапқа екі жарым мыңға тарта адам енген, олардың сегіз жүздейінің фотосуреттері бар.

– Сол кездері совхоздарда саяси бөлімдердің болуы бүгінгі ұрпаққа жаңалық болып көрінуі мүмкін. Осы бөлімдердің жұмысы жайында айта отырсаңыз.

– Иә, оларды кейінгі ұрпақтың білмейтіні рас. Саяси бөлімдерді И.В.Сталин кезінде кеңестік ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды өркендету, жергілікті саяси басшылықты ерекше күшейту мақсатында құрған екен. Әр саяси бөлімнің штатында бес қызметкер жұмыс істеген. Жалпы, саяси бөлімдер екі кезеңде, яғни,  1933 жылдың наурызынан 1940 жылдың шілдесіне дейін, Ұлы Отан соғысының кенеттен басталуына орай 1942 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың тамызы аралығында қызмет етті. Қиын кезеңдерге қарамастан бұл құрылым тоқсан сайын одақтық халық комиссариаты жанындағы саяси бас басқармаға есеп беріп отырған.

Енді нақтылыққа көшсек. Кітаптың 34-бетінде 86-атқыштар дивизиясы штабы бастығының орынбасары, кейін сол дивизияның 330-шы атқыштар полкі штабының бастығы болған майор Оңай Шонаев туралы айта отырып, сіз 1944 жылдың 25 тамызында оның  полктің ту ұстаушысы, сержант Владимир Спиридонович Путинді (қазіргі Ресей Президентінің әкесі) құтқарамын деп жүріп, жау қолынан қаза тапқаны туралы жазасыз. Білуімше, ол кездері полк штабының басшылары майдан шебіне тікелей қатысуға міндетті болмаған. Олар негізінен нұсқау беріп, ұйымдастыру жұмыстарымен айналыспаушы ма еді?

– Сұрағыңызды түсіндім. Сізге қысқа ғана жауап берейін. Мен өзім әскери офицер адаммын. Сондықтан, кейде әскер саласында былайғы жұртқа белгісіз мәселелердің де орын алып тұратынын атап өткім келеді. Ұлы Отан соғысы жылдары мәртебесі полктан жоғары дивизия болды. Шабуылдардың маңыздылығына қарай оның басшылары кей жағдайда майданға тікелей қатысып отырған. Жау күштерін талқандауда әйгілі «Тарту операциясының» Кеңес Одағы үшін қаншалықты маңызға ие болғаны белгілі. 330-шы атқыштар полкі штабының бастығы болған майор Оңай Шонаев сол операцияның сәтті аяқталуы үшін майдан шебіне кезінде өзі сұранған екен. Ал, енді оның қатардағы сержантты құтқарамын деп жүріп көз жұму себебіне келетін болсақ, туы жау қолына түскен полк тарап кетуге міндетті. Бұл – халықаралық заңдылық. Майордың көп ойланбастан ту ұстаушыны құтқаруына сол мәселе себеп болса керек. Мұның артында елдік мәселе жатыр.

– Кітапты парақтай отырып, онда біраз кемшіліктердің орын алғанына куә болдық. Мәселен, өз заманында есімі құрметпен аталған Берекет Жиенғалиев деген азамат болды. Ол 1957-1960 жылдары Қызылқоға аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқарды, кейін сол аудандағы Ленин атындағы совхоздың партия комитетіне хатшы болды. Сіздің кітабыңызда сол азамат Берекет Жиеналиев деп көрсетіліп кетіпті. Және де кітабыңыздың 272-бетінде Берекет Жиенғалиевтің суретінің орнына Кенбай мектебінің негізін қалаушы белгілі ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Тасым Жанұзақовтың фотосы салыныпты. Мұны қалай түсінуге болады?

– Сыныңыз да, ескертпеңіз де орынды. Маған мәлімет жөнелтушілер техникалық себептермен қателік жіберулері мүмкін. Бұл олқылықтардың дереу жөнделетіндігіне уәде беремін.

– Әлем тарихына ең  қанқұйлы деген атаумен енген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толып отыр. Жеңісті жақындату жолындағы Бақсай, Таңдай еңбеккерлерінің үлесі  кітапта қаншалықты көрініс тапты деп ойлайсыз?

– Барлық мәселе толыққанды көрініс тапты дей алмаймын. Дейтұрғанмен, қолда бар деректер мейлінше пайдаланылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында СССР Сыртқы сауда халық комиссариаты құрамында болған «Бақсай» қаракөл кеңшары барлық өнім бойынша міндеттемесін  артығымен орындап келген. Мәселен, осы кеңшардың бір өзі жылына 36-40 тонна ірімшік, 25-30 мың дана қаракөл елтірісін мемлекетке тапсырып, олардың 75-80 пайызы шетелдерге алтынға сатылып отырған. Жүн, ет, сүт, май жоспарлары да межеден шығып тұрған. Мынадай да бір дерек бар: Соғыстың қызған шағы – 1942 жылдың күзінде селолық кеңес тұрғындары Ленинградты қорғап тұрған 86-атқыштар дивизиясына бір вагон қажетті жабдықтар мен тағамдар жөнелтіп, танк жасауға екі қайтара қомақты қаржы жинаған екен. Майданға көлік ретінде жүздеп жылқы, ондап түйе малдарын да жөнелтіп отырған.

Ал, жалпы майдан даласына селолық кеңес бойынша үш жүзден астам жауынгер аттанып, олардың үштен екісі қан сасыған соғыс даласынан оралмаған. Соғыс жылдары осы Бақсай, Таңдайға қатысы бар 36 офицер шыққан, әскери орден-медальдармен марапатталғандардың саны – 116.

1942-1943 жылдары Таңдайда Сталинград майданының әскери-далалық аэродромы орналасқанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сол авиаэскадрилья батысында – Қиғашқа, шығысында – Қандағашқа, солтүстігінде – Чапаевқа, оңтүстігінде – Форт-Шевченкоға дейінгі радиуста әуені, жердегі тасымалдарды қорғап тұрған. Жау күштері Еділ мен Доннан шегінгеннен кейін ғана эскадрилья ұшақтарын кеңшарға тастап кеткен екен.

– Сіздің осы кітабыңызбен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облысымызға қатысты деректер толығымен зерттеліп, бітті деуге бола ма?

– Бір кітаппен соғыс тарихы зерттеліп, жазылып бітті деуге болмайды. Соғыс даласында хабарсыз кеткен боздақтардан бастап, жау қолына түскен жауынгерлер, жекелеген майдангерлер, жаудың қорғаныс бекіністерін талқандау үшін ұйымдастырылған құпия операциялар әлі де болса тереңінен зерттеуді қажет етеді. Жекелеген майдангерлер дегеннен шығады, Қызылқоға ауданының тумасы, кезінде Таңдай мектебінде оқыған Ғалым Қойшыбаев соғыс жылдары Кеңес Одағына аты шыққан мерген болған екен. Арнайы операциялар барысында бір өзі екі жүзге жуық неміс солдатының көзін жойған. Өкінішке орай, атыраулық даңқты жауынгер туралы әлі күнге көп нәрсе айтыла бермейді. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қанды жылдардағы мәліметтерді кеңінен саралап, соғыс тарихын тереңінен жазу міндеті тұр.

Әңгімелескен

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*